Көпқабатты тұрғын үйдің балконында темекі шегуге бола ма?

Көпқабатты тұрғын үйдің балконында темекі шегуге бола ма?
Фото: pixabay.com

Қазақстанда темекі шегуге болатын және болмайтын орындардың тізімі бар. Көпқабатты тұрғын үйде тұратын адамдар темекіні балконда тұрып шегеді. Бұл кейбір салауатты өмір салтын ұстанатын адамға ұнамауы мүмкін. Мұндай жағдайда заң қай тараптың мүддесін қорғайды? Бұл туралы "Право знать" Telegram-арнасы жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы кодекстің 110-бабына сәйкес темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар өнімдерді, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға мына орындарда тыйым салынған:

  • білім беру ұйымдарының үй-жайлары мен аумағында, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың демалуына арналған ұйымдарда;
  • денсаулық сақтау ұйымдарының үй-жайларында;
  • қоғамдық тамақтану пункттерінде;
  • мәдениет объектілерінде, музейлерде, кітапханаларда және лекторийлерда, кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, көру және көрме залдарында, спорт ұйымдары мен дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдарында, спорт ареналарында және көпшіліктің демалуына арналған басқа да құрылысжайларда;
  • түнгі клубтарда, дискотекаларда;
  • жергілікті және алыс қатынастағы пойыздарда, әуе, теңіз және өзен көлігі кемелерінде, сондай-ақ қалалық, қала маңындағы және қалааралық автомобиль қоғамдық көлігі салондарында, метрода, жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты және тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыратын жалпыға ортақ пайдаланылатын көлікте, таксиде;
  • әуежайлардың, теміржол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында, қоғамдық көліктің жабық аялдамаларында;
  • мемлекеттік органдар мен ұйымдарда;
  • жұмыс орындары және жұмыс аймақтары болып табылатын үй-жайларда;
  • үйлердің кіреберістерінде;
  • автожанармай құю станцияларының үй-жайлары мен аумағында;
  • балалар алаңдарында;
  • жерасты өткелдерде;
  • автомобиль көлік құралында кәмелетке толмаған адамдар болған кезде. 

Бұл тыйым қоғамдық тамақтану орындарында, сондай-ақ әуежай, теміржол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында, қоғамдық көліктің жабық аялдамаларында темекі шегуге арнайы жабдықталған орындар бөлінген жағдайда қолданылмайды. Заңнамада басқа объектілер үшін тыйым салуды алып тастау көзделмеген.

Ал балконда темекі шегуге қатысты айтсақ, жоғарыда көрсетілген орындардың тізіміне сәйкес, балкон жекеменшік ғимарат болғандықтан, онда темекі шегуге тыйым салынбайды. Сондықтан, көршілердің темекі шегуіне байланысты жағымсыз иіс сізге кедергі келтірсе, көршімен жеке сөйлесіп, түсіндіру арқылы мәселені өзіңіз шеше аласыз. Егер көршілер темекінің иісі денсаулыққа зиян тигізетінін елемей, мәселені шешуден бас тартса сіз көршінің іс-әрекетін видео не суретке түсіріп, денсаулыққа зиян келтіру дерегін растайтын дәлел жинап, сотқа жүгінуге құқылысыз.

Алайда егер бұл кіреберістегі ашық, қоршалмаған балкон болса, ол қоғамдық орынға жататындықтан, темекі өнімдерін пайдаланатын адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілік қолданылады.

Заң бойынша тізімдегі орындарда темекі шегуге тыйым салуды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, азаматқа тыйым салынған жерде темекі шеккені үшін 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Заңбұзушылық 1 жылда қайталанса, айыппұл 20 АЕК-ке дейін артады.

Айта кетейік, 2023 жылы 1 АЕК - 3450 теңгеге тең.

Еске салайық, бұған дейін тұрақта тұрған көлікке соқтығысып, қашып кететін жүргізушілерге қандай жаза қолданылатынын хабарлаған едік.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қазан айында дүниеге келген адамдар қандай болады?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә