Көлігімді соққан жүргізуші қашып кетті. Не істей аламын?

Көлігімді соққан жүргізуші қашып кетті. Не істей аламын?
Фото: pixabay.com

Қазақстандықтар көлігімді тұрақта немесе аулада басқа көліктің жүргізушісі қағып, оқиға орнынан қашып кетті деп жиі шағымданады. Бұл жағдайда не істеу керегін, құқықбұзушыны қалай іздеп, қандай жаза қарастырылғанын заңгер Альбина Бахтиярқызы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заңгердің айтуынша, жол-көлік оқиғасында тараптардың іс-әрекетіне байланысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі кодекстің екі бабы бойынша жазаланады. Азамат тұрақтағы көлігінен зақымдану белгілерін байқаса, ең алдымен оқиға орнынан кетпей, 102 нөміріне қоңырау шалып, полиция шақыруы керек. Кейін болған оқиға туралы сақтандыру полисін хабардар етіп, куәгер болған жағдайда оны жоғалтып алмас үшін ең болмағанда байланыс нөмірін алып қалуы өте маңызды. 

Полиция келіп, ЖКО дерегін тіркейді. Хаттама толтырылады, онда полиция қызметкерлері барлық техникалық зақымды көрсетеді. Содан кейін құзырлы орган өкілдері зақымдалған көліктің иесінен оқиға туралы мәлімдеме алады. Дерек аудандық полиция басқармасының әкімшілік тәжірибе бөліміне - ЖКО жасалған жер бойынша беріледі.

"Тұрақта тұрған көлікті екінші жүргізуші соғып кетсе, оқиға орнынан кетпей құзырлы органдарды шақыруы керек. Полиция қызметкерлері хаттама толтырып, деректерді жинап сотқа жібереді. Сот ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 610 бабы бірінші бөлігіне сәйкес жүргізушіні кінәлі деп танып, 20 АЕК мөлшерде айыппұл салады немесе 6 айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айырады.

Егер кінәлі жүргізуші жол-көлік оқиғасы орнына полицейлерді шақырмай, қашып кетсе ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 611 бабы екінші бөлігі бойынша 50 АЕК мөлшерінінде айыппұл салынады не 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылады", - деді заңгер.

Бұл жағдайда жәбірленуші тараптың ұстанымы да маңызды. Егер жәбірленуші кінәлі тараппен өзара келісімге келіп, татуласса, сот мұны ескеріп, құқықбұзушыны көлік құралдарын басқару құқығынан айырмауы да мүмкін.

Сонымен қатар, заңгер қандай жол-көлік оқиғасы болса да қашып кетпей, жол полициясын шақыру керегін айтып, жүргізушілердің міндеттерімен бөлісті.

"Қандай жол-көлік оқиғасы болмасын, ең алдымен жүргізушілердің міндеті бір орынға тоқтап, жәбірленуші бар-жоғын тексеріп, жәбірленуші бар болған жағдайда жедел жәрдем шақырып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жол полициясын міндетті түрде шақыруы керек. Егер, жүргізушілер құзырлы органдарды шақырмай, оқиға орнынан қашып кетсе ол "қашып кету" деп саналып, іздеу жарияланады. Бұл оқиға бойынша жауапкершіліктер қарастырылған. Жағдай қайталанса тиісті баптармен жазаланады", - деп толықтырды заңгер Альбина Бахтиярқызы.

Айта кетейік, зардап шеккен көліктің жүргізушісі зақымданған көлігін байқағанымен полиция шақырмауға шешім қабылдап, жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалса, ол 611-баптың 2-бөлігі бойынша жазаға тартылады. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасына көз жұма қарап, қалдырғаны үшін көлік басқару құқығынан айырылуы немесе 50 АЕК айыппұл төлеуі мүмкін.

Еске салайық, бүған дейін қайтыс болған адамның қарызын кім өтеуге міндетті екені туралы жазған едік.

Тағы да оқи отырыңыздар: Баланың телефонын тексеріп тұрған дұрыс па?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә