Алдыңғы есігін қасықпен ашып жатыр: Дәулет Мұқаев жедел жәрдем көлігінің адамшошырлық видеосын жариялады

Депутат Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде ауылдардың біріндегі жедел жәрдем көлігінің видеосын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кадрларда жедел жәрдем көлігінің терезесі жоқ екені, алдыңғы терезесі көрпешемен жабылғаны, тіпті медицина қызметкерлері көліктің алдыңғы есігін қасықпен ашып жатқаны көрінеді. Видеодағы адам бұл көліктің жағдайы қашан шешілетінін сұраған.

"Мына машинаның жағдайы қашан шешіледі? Күн деген қандай екенін білесіз. Терезе жоқ, жабылмайды. Одеяла орап бардық. ...Кім жауап береді мұның бәріне? Машинаның состояниесі осындай, терезесі жоқ", - дейді видеодағы адам.

Депутаттың сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері елдегі жедел жәрдем көлігі мәселесі шешілгенін айтқан. Алайда видео шын мәнінде олай емес екенін көрсетеді.

"Өмір деген осындай… Жедел жәрдемге де жедел жәрдем керек! Кеше денсаулық сақтау министрлігі біздің комитетке келіп, 2024-26 жылдарға арналған бюджетті қорғағандай болды. Денсаулық саласына қатысты депутаттар тарапынан да көп сұрақ қойылды. Министрлік өкілдерінің сөзіне сенсек, елдегі жәдел жәрдем мәселесі оңынан шешілгендей. Бірақ мына видеоға қарап олай айта алмаймын!" - деп жазды депутат.

Дәулет Мұқаев бұл Қызылорда облысындағы жағдай екенін жазған.

"Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл ауылындағы жәдел жәрдемнің күйін қараңыздар. "Маша және аю" мультигіндегі жедел жәрдем естеріңізде ме? Мынау тура сол. Шын мәнінде мыңдаған ауылға жедел жәрдем көлігі керек-ақ. Көптеген ауылда, елді-мекендерде жедел жәрдем көлігі жоқ. Бірнеше фельдшер (дәрігер) ауырған жанға жаяу немесе өз көлігімен баруға мәжбүр. Кеше осы мәселені көтергенімізде денсаулық сақтау министрлігі лизинг арқылы санаулы ғана жедел жәрдем алатындарын айтты. Хош, бюджет жетпеді делік, бірақ "Қазақстан ХАЛҚЫНА" қоры бар емес пе?! Неге солардан бөлінбейді? Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары болып, алдағы жұмыс отырыстарында қор өкілдерін шақырмақпыз. Халыққа бөлінген ақшаның шарапатын халық көруі тиіс. Ал әзірге "жедел жәрдемдердің жағдайы жақсы" дегендер мына видеоны көрсін", - дейді депутат.

Халық та видеоны көріп, мұндай көліктер Қазақстанның кез келген ауылында кездесетінін, шалғай өңірлерге "қалдықтар" жіберілетінін айтқан:

  • Маша и медведьтегі 2 қасқырдың машиналары сияқты екен;
  • Денсаулық сақтау мен білімнің ақшасын жеп жатқандар бүкіл бір елдің болашағына балта шауып отыр;
  • Дәулет Мұқаев пост қылып салмаса, астынан су шықса да қозғалмас еді! Сорлы Қазақстан, соры шыққан;
  • Маша мен аюдағы екі қасқырдың машинасы бұдан жақсырақ қой;
  • Жемқорлар билеген ел;
  • Өкінішті... мұндай ауылдарда көөөп қой;
  • Өте орынды салып жатырсыз, өте қуаныштымын. Ауыл аймақтарға, облыстар мен қаладан қалған қалдықтарды бере салады, арнайы берілмейді ғой. Бұл сол жердегі қызметкерлерге мың алғыс. Қандай жағдай болмасын, ештеңеге қарамай қызметтерін адал атқарып жатқандарға;
  • Кім жауапты? Әрине денсаулық министрі жауапты! Сосын сол мекеменің басшысы жауапты! Басқа ешкім жауапты емес! Сұмдық жағдай.

Бұл мәселе бойынша Massaget.kz ресми сауал жолдады.

Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырап, қақ айырылғаны хабарланған еді.

Тағы да оқи отырыңыздар: 3 кг бензин мен соншама керосинді толық жаққан кезде бөлінетін жылу мөлшерлерінің айырымы неге тең?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!