Адам ұрлығына қатысы барлар да болған: Назарбаевтың айналасынан кімдер сотталды?

Адам ұрлығына қатысы барлар да болған: Назарбаевтың айналасынан кімдер сотталды?
Фото: ашық дереккөз

Қаңтар оқиғасынан жаңа Қазақстан мен ескі Қазақстан деген түсінік қалыптасты. Cол оқиғадан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың жақындары, белді адамдар, шенеуніктер туралы қылмыстық істер қозғалып, кейбіреулері соттала бастады. Massaget.kz тілшісі Назарбаевтардың айналасында кімдер істі болғанына, кімдер бірнеше жылға темір торға қамалғанына шолу жасады.

Экс-құда қанша жылға сотталды?

Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

  • Қайрат Боранбаев деген кім?

Танымал кәсіпкер Қайрат Боранбаев - Назарбаевтардың экс-құдасы. Яғни Дариға Назарбаеваның марқұм ұлы Айсұлтан Қайрат Боранбаевтың қызы Алимаға үйленген болатын. 2020 жылы Айсұлтан қайтыс болды. Олардың бір ұл, бір қызы бар.

Ашық дереккөз

Қайрат Боранбаев Қазақстанның ірі бизнесмендерінің қатарына кіреді. Ашық дереккөз мәліметтерінде оның Қазақстандағы, Беларусьтегі, Ресейдің бірнеше аймағындағы McDonald's-тің франшизасын сатып алғаны айтылады. Одан бөлек "Алекс-Сарыағаш" минералды су компаниясына, "Алмалы" активтерді басқару компаниясы" ЖШС, "Кемикал" қазақстандық мұнай-химия компаниясы" ЖШС, "ҚазТурбоРемонт" холдингтік компаниясы" ЖШС секілді кәсіпорындарға иелік еткені, оған Алматыдағы Aparking ақылы автотұрақтарын басқаратын RR2 ЖШС, Fitnation фитнес клубтар желісі, "Рахат сарайы" қонақүйі, Esentai Mall сауда үйінің 50 пайызы, Esentai Tower бизнес орталығының 50 пайызы, "Қайрат" футбол клубының біраз үлесі тиесілі екені белгілі.

  • Қалай, қанша жылға сотталды, қандай мүлкінен айырылды?

Назарбаевтардың ауқатты құдасы Қайрат Боранбаевқа былтыр 17 наурызда аса ірі мөлшерде қаржы жымқырды деген айып тағылды. Мұндай мәлімдемені Қаржы мониторингі агенттігі жасады. Сол кезде Боранбаев квазимемлекеттік секторда аса ірі мөлшерде қаржы ұрлау дерегі бойынша екі айға уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал желтоқсанда оның соты басталды. Сондай-ақ, сот процесі барысында Қайрат Боранбаевтың қызы, Назарбаевтардың келіні - Алима Қайрат та көрінді. Ол сотта әкесінің қоғамдық қорғаушысы болды.

Қайрат Боранбаев сотта мәлімдеме де жасаған болатын.

"Осы тоғыз айдан бері айналамда қызық жағдай болып жатыр. Қаңтар айындағы оқиғалар отбасы мүшелерінің барлығына әсер еткенін жақсы білемін. Мен солардың бірімін, сіздер бұл туралы жақсы білесіздер", - деген еді ол.

Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Кейін 31 наурызда сот шешім шығарып, Боранбаев 8 жылға сотталды. Алайда қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы кәсіпкер Қайрат Боранбаев пен оның ісі бойынша айыпталушыларға қатысты газ бағасы туралы құжаттың түпнұсқасы болмауынан үкімнің күшін жойды.

Бұдан кейінгі сот отырыстарында да Айсұлтан Назарбаевтың бұрынғы әйелі Алима қатысып жүрді.

Ал биыл қыркүйекте Қайрат Боранбаев кінәлі деп танылып, оған алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

"Боранбаевтың Алматы қаласы, әл-Фараби көшесі, 77/7-1, құны 686 миллион теңгенің жер учаскесі бар коммерциялық үй-жайы; Халық банкіндегі шотқа 1 миллиард 270 миллион 190 мың теңге көлемінде салынған қаражаты; Боранбаевтың Қазақстан Халық банкіндегі түрлі шоттарына 5 миллион 685 мың 727 доллар, 1 миллион 170 мың 329 доллар, 755 миллион 859 мың 601 теңге, 193 миллион 170 мың теңге сомасындағы қаражаты мемлекет меншігіне тәркіленсін", - деген еді сот алқасының төрағасы Айсұлу Сламбекова.

Бұдан бөлек тергеу шеңберінде жалпы құны 90 миллиард теңгеден асатын активтер, оның ішінде: мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорын, қонақүй және сауда, ойын-сауық кешендері, фитнес орталықтар желісі, кеңсе үй-жайлары және басқа да активтер мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтарылды. Сондай-ақ, Қайрат Боранбаев Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 миллиард теңге аударды. Ал бұған дейін Қайрат Боранбаев табиғи газ импорты кезінде қаражатты жымқыру бойынша 14,5 миллиард теңге көлемінде материалдық шығынды өтеген болатын. 

Інілері қандай жаза арқалады?

  • Самат Әбіш кім және ол не үшін тергеліп жатыр?

Самат Сатыбалдыұлы Әбіш - Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. Былтыр 17 қаңтарда Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылды.

gov.kz

Кейінірек ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмірханов Самат Әбіш тергеу нысанында екенін айтқан болатын. Сондай-ақ, Самат Әбіштен Кәрім Мәсімов пен басқа да адамдардың ісі бойынша жауап алынды. Ал бас прокурор Берік Асылов "одан жай ғана куәгер ретінде жауап алынғанын" мәлімдеді.

Алайда кеше Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты тергеу басталғанын хабарлады. Оған қатысты Қаңтар оқиғасы кезінде билік пен лауазымды өкілетін асыра пайдалану дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

Себебі бұған дейін Алматыда өтіп жатқан Қаңтар оқиғасына қатысты сотта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Руслан Ысқақов даулы мәлімдеме жасаған еді. Сотталушының айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде ол сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған Самат Әбіштің бұйрығын орындаған. Руслан Ысқақов бұл кезде ҰҚК 5-департаментінің бастығы болған.

Сонымен қатар, Бас прокуратура өкілдері Самат Әбіш Қазақстанда екенін, одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынғанын мәлімдеді.

  • Қайрат Сатыбалдыұлы кім, ол қанша жылға сотталды?

Назарбаевтың інісінің тағы бір ұлы Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты бірқатар іс қозғалған болатын. Ол былтыр наурызда ұсталған еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оған "Қазақтелеком" АҚ қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды және лауазымды өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тақты.

gov.kz

Былтыр қыркүйекте Қайрат Сатыбалдыұлының ісі бойынша сот отырысы басталып, ол кінәсін мойындап, қылмыстық іс бойынша залалды өтеді.

Сот мәліметінше, Сатыбалдыұлы кінәсін толық мойындап, кінәсін мойындау және залал келтіру туралы екі медиативтік келісім жасасқан. "Көлік сервис орталығы" АҚ жәбірленушісіне 28 миллиард 687 миллион 940 мың 573 теңге шығын толық өтелген. Ал "Қазақтелеком" АҚ-ға қатысты іс бойынша 12 миллиард 733 миллион 24 мың 439 теңге көлемінде залал өтелген.

Сонымен қатар, Астана қаласы Байқоңыр ауданы №2 сотында Қайрат Сатыбалдыұлын алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Сот оның мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте, ұлттық компанияларда қызмет атқару құқығынан айырды. Кейін Сатыбалдыұлының Шығыс Қазақстан облысындағы колонияда жазасын өтейтіні белгілі болды.

Гүлмира Сатыбалды

Былтыр 18 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты бизнесті рейдерлік жолмен басып алу дерегі бойынша соталды тергеу басталғанын хабарлаған болатын. Кейін сот Гүлмира Сатыбалдыны екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Бастапқыда ол 747 миллион теңге ұрлады деген күдікке ілінген еді. Алайда кейінірек Антикор бірқатар кәсіпорындардың үлестері мен активтерін заңсыз иемдену, адам ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру деректері бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

КТК арнасының кадры

Сол кезде келтірілген залал сомасы 6 миллиард теңгеден асатыны айтылды. Бұл іс бойынша жәбірленушілер қатарында танымал кәсіпкер, Баян Мақсатқызының күйеуі Тұрсен Алагөзов те болды. 

Кейінірек сотта ол ішінара айыптаумен келіскен болатын. Сондай-ақ, Гүлмира Сатыбалды сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Астана соты Гүлмира Сатыбалдыдан 6,5 миллиард теңгеден аса қаражат өндіріп алу туралы қаулы шығарды.

Қарындасы қандай мүлкінен айырылды?

Әнипа Назарбаева - Нұрсұлтан Назарбаевтың 1950 жылы дүниеге келген қарындасы. Ол биыл Алматы облысындағы колледжінен айырылды. "Пятый регион" басылымы мәліметінше, мамырдың аяғында Шамалғанда орналасқан "Үшқоңыр су шаруашылығы колледжін" мемлекеттік меншікке қайтару туралы сот отырысы өткен еді. Ал кейін колледж сенімгерлік басқаруға берілді.

Видео кадры

Кенже қызы қандай мүлкінен айырылды?

Әлия Назарбаева - Нұрсұлтан Назарбаев пен Дариға Назарбаеваның кіші қызы. Биыл сәуірде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Әлия Назарбаеваның Алматы маңындағы 502,5 гектар жеріне қатысты шешім шығарды.

"Жамбыл ауданының жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі мен Назарбаева Әлия Нұрсұлтанқызының өкілі саналатын "Жандану" шаруа қожалығы арасында жасалған 2014 жылғы 15 қаңтардағы №4 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды", - делінген еді хабарламада. 

Осылайша, Назарбаева Алматы маңындағы 500 гектар жерінен айырылды.

Тұрар Қазанғапов

Сонымен қатар, биыл 6 сәуірде Астанада "ӨКМ Операторының" қылмыстық талқылауы бойынша алдын ала тыңдалым басталды. Айыпталушылардың адвокаттары осы іс бойынша Әлия Назарбаевадан жауап алуды сұрады.

"Менің қорғаушым 2016 жылғы 18 мамырдан 2019 жылғы 18 қарашаға дейін "ӨКМ Операторының" бас директоры бола отырып, қылмыстық жоспар құрып, Экология министрлігі мен "ӨКМ Операторының" қызметкерлерін қатыстырып, олардың арасында қылмыстық рольдерді бөліп, сөз байласып, ақшаны ысырап етті деген күдікке ілінді. (...) "ӨКМ Операторы" ЖШС 2015 жылғы 23 қарашада жалғыз қатысушы - Әлия Назарбаеваның шешімі бойынша құрылды, ол да құрылтайшы болды. Қорғаушы тарап айыптау органы 2016-2019 жылдар аралығындағы кезеңдегі ӨКМ құжаттамасын, құрылтайшылардың, соның ішінде Назарбаеваның шешімін қасақана талап етпеді деп санайды. Ал іс материалында маңызды құжаттар болмауы қорғаушымның іс-әрекетін құқықтық бағалауға әсер етті", - деген еді адвокат Коротенко.

Айта кетейік, былтыр 1 сәуірде 13 миллиард теңгеден аса ақша жымқырды деген күдікпен "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің бұрынғы басқарушы директоры ұсталған болатын. Антикор мәліметінше, қылмыстық іс-әрекеттер 2016-2019 жылдар кезеңінде "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің басқа қызметкерлерімен бірлесіп жасалған.

Болат Назарбаев қандай мүлкінен айырылды?

Болат Назарбаев - Нұрсұлтан Назарбаевтың 1953 жылы туған інісі. Биыл сәуірде Қарасай аудандық сотының шешімімен жалпы көлемі 37,6 гектар жер телімдерін ("Барыс" автобазары) сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылды. Осылайша, ол "Барыс" базарынан айырылды.

Ашық дереккөз

Тағы да оқи отырыңыз: Көздің асты неге іседі?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова