Қайрат Боранбаевқа сот үкімі шықты

Қайрат Боранбаевқа сот үкімі шықты
Фото: Tengrinews.kz

Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Қайрат Боранбаевқа және қылмыстық істің басқа да қатысушыларына үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қайрат Боранбаев кінәлі деп танылып, оған алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

"Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкім шығарды: Жанұзақты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 55-баптың 4-бөлігін қолдана отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын.

Боранбаев пен Наханова ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 5-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы, 218-баптың 3-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, алғашқы екі бап бойынша әрқайсына 6 жыл, мүлкін тәркілеу жазасы қолданылсын. 218-баптың 3-бөлігі 3-тармағы бойынша мүлкі тәркіленіп, 3,6 жыл мерзімге жаза тағайындалсын. 58-баптың 3-бөлігі бойынша Боранбаев пен Наханова мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айырылсын", - деген қаулы шығарды сот алқасының төрағасы Айсұлу Сламбекова.

Еске салайық, 14 қыркүйекте Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаев мемлекетке өз еркімен 90 миллиард теңгенің мүлкін қайтарғанын хабарлады.

"Тергеу шеңберінде мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес-орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді қоса алғанда, құны 90 миллиард теңгеден асатын активтерді мемлекет меншігіне өз еркімен қайтару жөнінде шаралар қабылданды", - делінген Антикор хабарламасында.

Сондай-ақ, Қайрат Боранбаев білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 миллиард теңге аударған еді.

Айта кетейік, Қайрат Боранбаев сотта кінәсін мойындаған еді. 

Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура Қайрат Боранбаевтың ісіне қатысты мәлімдеме жасағаны хабарланған еді. 

Тағы да оқи отырыңыз: Жануарлар жер сілкінісі болатынын алдын ала сезе ме?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова