"Заңсыз жерлер, компанияларды рейдерлік жолмен басып алу". Болат Назарбаевқа қатысты қылмыстық істер қалай аяқталды?

Қоғам арасында, бұқаралық ақпарат құралдарында Болат Назарбаев бірнеше кәсіпорынды, жерді заңсыз алғаны туралы деректер бар. Massaget.kz тілшісі осы мәселеге орай Бас прокуратураға сауал жолдап, бұл істер қалай аяқталғанын сұрады.

  • Болат Назарбаев пен бұрынғы әйелі рейдерлік жолмен басып алды делінген ЖШС-ға қатысты іс қалай аяқталды?

Telegram-арналардың бірінде Болат Назарбаев пен бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваға қатысты іс қаралып жатқаны туралы ақпарат пайда болған еді.

Ашық дереккөз

"Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваға қатысты қылмыстық істі "рейдерлік" бабы бойынша тіркеді. Нұрша Кәкенов органдарға тиісті арыз жазған. Ол Karuan ЖШС-нің негізін қалаушылардың бірі болғанын, бірақ оның үлесі тартып алынғанын, жалпы шығыны 150 миллион доллар болатынын айтқан еді. Ашық мәліметтерге сәйкес, Karuan ЖШС Маңғыстау облысында марганец өндірумен айналысқан", - делінген еді жазбада.

Сонымен қатар, ашық деректерде 2006 жылдың басында Нұрша Кәкенов компанияның тең иелерінің бірі болғаны, бірақ сол жылы ЖШС-нің жалғыз қатысушысы Тұңғыш Президенттің інісі болып қалғаны туралы да деректер бар. 2021 жылы бұл ЖШС өз қызметін тоқтатты.

Алматы қаласы прокуратурасының Massaget.kz-ке ресми жауабында бұл іс қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылғаны айтылды. 

"Жеке тұлғаның арызы бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде Қылмыстық кодекстің 249-бабымен (рейдерлік) қылмыстық іс тіркелген. 2023 жылы 7 тамызда қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағымен (қылмыс құрамы болмауына байланысты) тоқтатылып, қала прокуратурасы аталған шешіммен келісті", - делінген Алматы қалалық прокуратурасы мәліметінде. 

Сонымен қатар, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес соталды тергеп-тексеру деректері жария етілмейтіні айтылды.

  • "Болат Назарбаевқа 15 жыл ішінде 60 миллион доллар төледім": тағы қандай іс қозғалды?

БАҚ-та "Алматы Стекло" ЖШС бас директоры Әзім Абдуллаев қаржысын Болат Назарбаевпен бөлісуге мәжбүр болғаны, оған 15 жыл ішінде 60 миллион доллар төлегенін айтқаны туралы деректер бар. Сонымен қатар, ашық деректерде Алматы стекло зауытын құрған Әзім Абдуллаев Болат Назарбаев рейдерлік шабуыл жасағанын айтады. Бұл зауыт Алматы облысы Қарасай ауданы Жармұхамбет ауылында орналасқан. 

Ашық дереккөз

Алматы облысы прокуратурасы Massaget.kz-ке ресми жауабында Болат Назарбаевқа қатысты тергеліп жатқан істер жоғын хабарлады.

"Алматы облысының қылмыстық қудалау органдары өндірісінде хатта көрсетілген деректер бойынша Болат Назарбаевқа қатысты соталды тергеп-тексеру жоғын хабарлаймыз", - делінген Алматы облысы прокуратурасының Massaget.kz-ке жауабында.

  • Болат Назарбаев Астанадан жерлерді заңсыз алғаны рас па?

Ашық дереккөз мәліметтерінде Болат Назарбаев 5 жыл ішінде Қаскелең, Талғар, Астана қаласынан жерлерді заңсыз алғаны туралы деректер бар. 

Ашық дереккөз

"Астана қаласынан Болат Назарбаев жерлерді заңсыз алғаны туралы қала прокуратурасының қадағалауында бұл деректер бойынша қылмыстық істер жоқ", - делінген Massaget.kz-ке Астана  прокуратурасының ресми жауабында.

  • Динара Әлжан айтқан деректерге байланысты іс қозғалуы мүмкін бе?

Әнші Динара Әлжан журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың "Уақыт көрсетеді" YouTube-арнасына берген сұхбатында Болат Назарбаевқа қатысты деректерді айтқан еді. Яғни Болат Назарбаевтың қаржыларды оңды-солды шашуы, казинодан ұтылып қалған Қайрат Нұртасқа 400 000 доллар беруі, т.с.с. мәселелер айтылды. Ал жауапты органдар өндірісте ешқандай іс жоғын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін заңгер Алмас Жұмағали Болат Назарбаевтың бұрынғы тоқалы "Уақыт көрсетеді" YouTube-арнасында айтқан деректерге қатысты қандай қылмыстық істер қозғауға болатынын айтқаны хабарланған еді. 

Кейінірек Бас прокуратура осы мәселеге жауап берді.

"Бас прокуратура әнші Динара Әлжанның журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың "Уақыт көрсетеді" YouTube-арнасында сұхбатта айтылған бірнеше фактілерін тексеру бойынша ақпарат беру туралы сұрау салуды қарады. Осы фактілерді тексеру үшін сұрау Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне жіберілді. Бұл органдар тексерудің нәтижесі туралы хабардар етеді", - делінген еді ресми жауапта.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де сұхбатта жарияланған ақпарат бойынша Massaget.kz-тің сұрауына жауап берді.

"Қылмыстық-процестік кодекстің 179-бабы және 180-бабы талаптарына сәйкес соталды тергеп-тексеруді бастау үшін қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті және объективті деректер қажет екенін түсіндіреміз", - делінген еді ресми жауапта.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!