Антикор Болат Назарбаевтың экс-тоқалы айтқан деректерге қатысты қылмыстық іс қозғау туралы пікір білдірді

Антикор Болат Назарбаевтың экс-тоқалы айтқан деректерге қатысты қылмыстық іс қозғау туралы пікір білдірді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Болат Назарбаевтың экс-тоқалы, әнші Динара Әлжанның журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың "Уақыт көрсетеді" YouTube-арнасына берген сұхбатында айтқан деректерге қатысты қылмыстық іс қозғау туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құзыреті шеңберінде ұсынылған сілтемеге сәйкес сұхбатта жарияланған ақпарат бойынша Massaget.kz тілшісінің сұрау салуын қарастырғанын атап өтті.

"Қылмыстық-процестік Кодекстің 179-бабы және 180-бабы талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті және объективті деректер қажет екенін түсіндіреміз", - делінген ресми жауапта.

Алайда бұған дейін заңгер Алмас Жұмағали әнші Динара Әлжан сұхбатта айтқан деректерге қатысты қандай қылмыстық істер қозғауға болатынын түсіндіріп берген еді. Бұл деректер Massaget.kz тілшісі жолдаған ресми сауалда да көрсетілген болатын. 

"Біріншіден, Кентал (әнші Талғат Кенжеболатов - еск.) мен "командасының" есірткіге қатысы. Екіншіден, Ғабидолланың (Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов) қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану ма, әлде кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу ма, оны тексеріс анықтау керек. Болат Назарбаевтың қаржыларды оңды-солды шашуы, казинодан ұтылып қалған Қайрат Нұртас үшін 400 000 доллар бере салуы - қаржының шығу тегінің заңдылығы анықталу керек". Ол сандырақ емес, Жылқышыбай басында сұрап алды: "Ертең сөздеріңізден тайып, ана жерін, мына жерін алып тасташ", - деп сұрамайсың ба? - деп", - деген еді заңгер.

Болат Назарбаевтың бұрынғы тоқалы сұхбатта айтқан деректерге қатысты қылмыстық іс қозғауға бола ма?

Алмас Жұмағали кокаиннің қаупін түсіндіре кеткен болатын. Ол кокаин өте қауіпті және қымбат есірткі екенін атап өтті. Заңгердің сөзінше, сол себепті оның 1 грамы 3.07.2019 жылғы Үкімет бекіткен жиынтық кестеге сәйкес аса ірі мөлшер болып есептеледі.

"Ал енді осы аса ірі мөлшерде есірткіні өткізу, алу Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылатындықтан аса ауыр қылмыс болып саналады", - деді заңгер Алмас Жұмағали. 

Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура Динара Әлжан сұхбатта айтқан деректерге қатысты қылмыстық іс қозғау туралы пікір білдірген болатын. Бас прокуратура өкілдері деректер тексеру үшін екі органға - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне жіберілгенін айтқан еді.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина