Жаңа министрліктерге қанша ақша жұмсалады?

Премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жаңа министрліктерге қанша ақша жұмсалатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жамаубаевтың сөзінше, қаржы көлемін анықтау үшін уақыт қажет.

"Бүгін Үкіметтің алғашқы отырысы өтті. Көрейік. Әлі бөлінбегендіктен, жаңа министрліктердің жұмысын көрген жоқпыз. Уақыт керек", - деп жауап берді шенеунік Мәжіліс аясында.

Сонымен қатар, Ерұлан Жамаубаев министрліктер арасында қолданыстағы бюджет бөлінетінін, қосымша шығын болмайтынын растады.

"Менің ойымша, егер бюджет мөлшері шамалы өсетін болса, бәрі экономиканың өсуімен жабылады. Бұл министрліктер не үшін құрылды? Өз салаларын алға жылжытуы үшін. Бізде көптеген сала өсіп жатыр, олардың қарқынын арттыру керек. Олар тапсырмаға сәйкес орта мерзімді перспективада жылына 6-7 пайызға өсуі керек. Сонымен қатар, кейінгі жылдары мемлекеттік органдардың шығындары өскен жоқ", - деді премьер-министрдің орынбасары.

Сондай-ақ, шенеунік министрліктер бұрынғы ғимараттарында қалатынын айтты.

"Менің ойымша, олар бұрынғы ғимараттарда қалады. Әрине, кейбір министрлерге жаңа кабинет қажет, бірақ мұны олар өздері шешеді", - деп жауап берді Жамаубаев.

Еске салайық, бұған дейіні Қазақстанда жаңа министрліктер пайда болатыны хабарланған еді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!