Ғани Бейсенбаев педагогтерге қатысты жаңа өзгеріс туралы айтты

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагогтерді аттестаттау жүйесінің жеңілдетілгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Бұл туралы министр "Хабар 24" арнасындағы "Бетпе-бет" бағдарламасына берген сұхбатта  бөлісті. 

"Педагог мәртебесін көтеруде біз ұстаздарға деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Елімізде 350 мыңнан аса мұғалім бар. Олар балаларымыздың білім-біліктілігін арттыруда, жас жеткіншектерімізді тұлға етуде үлкен қызмет жасап жатыр. Сондықтан да мұғалімнің жұмысы шығармашылық жұмыс болуы керек. Ол ешнәрсеге алаңдамауға тиіс. Осы мәселені зерттей, зерделей келе, әріптестермен ақылдаса келе бұған дейін портфолио жинайтын болса, оны алып тастауды шештік. Өйткені ол қағазбастылыққа, мұғалімнің негізгі жұмысынан алаңдатуға алып келетіні дәлелденді", - деді ол. 

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, қажетсіз тесттер алынып тастауы керек. 

"Екіншіден қажетсіз тестулеудің көп екені айтылды. Оны да зерделедік. Сондықтан да педагогика-психологияға қатысты тестерді алып тастап, тек мұғалімнің өз пәніне қатысты тесті қалдырдық. Негізгі ұстаным - мұғалімнің жетістігі - оқушының жетістігімен бағалануы керек. Яғни мұғалім неғұрлым оқушыны жетістікке жеткізіп, білімін ұштап жатса, соғұрлым ондай мұғалдімдерді іздеп тауып, көтермелеуіміз, қолдауымыз керек", - деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!