Министрліктер көбейді: Сарапшылар не дейді?

1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатыны туралы айтқан  болатын. Министрлік құрудың маңызы неде? Еліміздегі су тапшылығын шеше ала ма? Осы сұрақтар төңірегінде Massaget.kz тілшісі зерттеп, мамандармен хабарласты.

"Суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру керек"

Гидрогеолог, Қ. Сәтбаев атындағы университеттің "Гидрогеология және инженерлік геология" кафедрасының профессоры Ерғали Әуелханның айтуынша, министрлік нақты бір бағытта жұмыс істесе, еліміздегі салалардың дамуына пайдасы зор.

 Фото: жеке мұрағаттан

"Кез келген саланың барлығы сумен байланысты. Сондықтан да, бүгінгі Мемлекет басшысы айтқан Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуын қолдаймын. Министрлік су тапшылығы мәселелері, еліміздегі ескірген немесе жұмыс істемей тұрған су қоймаларын қалпына келтіру, суды тиімді пайдалану мәселелерімен тікелей айналысады деп ойлаймын. Бұрын аталған мәселелермен айналысатын мекемелер болды. Бірақ нақты министрлік болмаған соң олардың да жұмысы ақсаған шығар. Министрлік құрылып, нақты бір бағытта жұмыс істесе, аграрлық сектордың,ауыл шаруашылығының, өндірістік саланы дамуына әсері зор. Себебі кез келген өндіріс орнын ашу үшін оны әуелі техникалық және ауыз сумен қамтамасыз ету керек", - деді гидрогеолог.

Оның айтуынша, бұл сала бойынша елімізде бірнеше университет мамандар даярлауда.

"Елімізде суды пайдалану саласына маман дардаярлайтын бірнеше оқу орындары бар. Мемлекет тарапынан маман даярлауға арнайы гранттар қажетті шамада бөлініп отырады. Мәселен, біздің университет Satbayev univeversity Су ресурстары және суды пайдалану сонымен қоса гидрогеология саласы бойынша жер асты суының қалыптасуын таралуын және қорын зерттейтін бакалавр, магистратура және Phd мамандарды, даярлайды", - деді Ерғали Әуелхан. 

Маманның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін алдымен халыққа суды үнемдеу туралы түсінік жұмыстарын жүргізу керек.

"Біздің жеріміздің 60-70 пайызы шөл және шөлейт далалардан тұрады. Соған сай кейбір аймақтарда су ресурстары аз таралған немесе санитарлық норма сай емес минералдылығы жоғары. Бұл жерлерде су жетіспеушілігі көп. Ал суды үнемдеп пайдалану мәселесін үшін тек министрлік емес, қоғам боп атсалысу керек. Алдымен халыққа суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастырған дұрыс. Тек қана біздің күнделікті ішіп жүрген ауыз су емес, қосымша барлық салада суды үнемдеп пайдалану керек. Ол үшін суды үнемді пайдалануды нақты шаралармен насихаттау керек.

Суды үнемдеу - үлкен мәселе. Үнемдеп пайдалану деген, яғни жерге сіңіп кетпей, күннің ыстығында буланып ұшпай қажетті жерге жеткізу және суғарудың жаңа жолдары тамшылап суғару жаңбырлатып суғару сияқты технологияларды пайдалану. Министрлік құрылғаннан кейін осыны дұрыс жолға қою керек. Мысалы, шетелде су буланып ұшып кетпес үшін су қоймаларының бетіне қара пластикалық шарлармен жабу арқылы күннің сәулесінен булану аз болуын қамтамасыз етеді. Осындай жаңа технологияларды енгізген дұрыс. Сосын жаңбыр суларын пайдалану технологияларын қалыптастыру керек. Елді мекендерде өндіріс орындарында жауын шашын суларын жинау оны техникалық суға, шаруашылыққа пайдалану. Су ресурстарына осындай жаңа технологиялар қосу керек деп ойлаймын", - деді Ерғали Әуелхан.

"Қазақстанда су жоқ дегенге келісе алмаймын"

Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген гидротехнигі Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, министрлікке білімді адамдарды жинау керек.

 Фото:tengemonitor.kazgazeta.kz

"Жалпы министрліктің құрылғанын қолдаймын. Бірақ онда кімді жинайды - сол маңызды ғой. Өңкей сапасыз мамандарды жинап алса, онда дұрыс жұмыс болады деп айта алмаймын. Тәуелсіздік алған жылы жазған су кодексімді 2003 жылға дейін қолданды. Уақыт өте келе, басқасы қабылданды. Күні кеше министрлік жаңа заң қабылдайтынын айтып, қарап беруімді сұрады. Сөйтсем, бәрін былықтырған. Мына құрылғалы отырған министрлікте де тек ақша алатындарды жинамай, су мәселесімен айналысатын білікті мамандарды жинау керек. Әр министрлікте 200 адам ақша алады да, түк бітірмейді. Олар осындай сауатсыздығымен Қазақстанның жағдайына қиындық тудырып отыр", - деді Нариман Қыпшақбаев.

Экс-министр елімізде су жоқ деген пікірмен келіспейтінін айтты. Бұған айтар өз дәлелі де бар.

"Маман ретінде Қазақстанда су жоқ дегенге келісе алмаймын. Біздің еліміз аймағы үлкен екені рас. Бірақ шөл-шөлейтті аймақтардың астында да су бар. Сенсеңдер, Кеңес Одағы кезінде 100 мың нысаннан су анықтадым. Оны әрі қарай пайдалану үшін құрылғылар орнатқан едік. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылда бәрі де құртылды. Сол қалған суды пайдаланып, қажетке жарату керек. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Соған ішім ашиды", - деді Нариман Қыпшақбаев.

"Сала мамандарының жалақысы аз"

Ал география және су қауіпсіздігі институтының "Су ресурстары" зертханасының жетекшісі Айсұлу Тұрсынованың айтуынша, гидрология саласында маман тапшы. Бұған жалақының аз болуы, маманға сұраныстың болмауы себеп болып отыр.

 Фото: жеке мұрағаттан

"Су ресурсы көрші мемлекеттермен байланысты. Бұдан басқа Қазақстанда басталып-аяқталатын су да бар. Жалпы, еліміздегі су ресурсының жартысы көрші өзендерден, яғни, Ресей, Қырғыз, Тәжік, Қытай, Өзбекстан мемлекеттерінен келеді.

Ал Жолдауда айтылған құрылатын министрліктің Су ресурстары және ирригация деп аталғаны мені қуантып тұр. Себебі, су шаруашылығы деп тұрған жоқ. Біздегі басты мәселені атаған. Соған сай салдарымен күресіп, шешеді деп ойлаймын. Бірақ мамандар туралы нақты білмедім. Негізі, гидрология саласында мамандар аз. Сенесіз бе, тегін оқуға тіпті қызығатындар жоқ. Оның бірден бір себебі айлығы аз, оқуы ауыр, бітірген соң жұмысқа орналасу қиын. Мұндай мәселелер де уақыт өте келе шешімін табады деп сенемін. 

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатыны туралы жарияланған болатын.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!