"Роддомға баратын болсақ, мысық апарамыз ба енді?" Атырау перзентханасындағы тышқан жұрттың үрейін ұшырды

Әлеуметтік желіде Атыраудағы перзентханалардың бірінде тышқан жүрген видео жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видеоны желіге жүктеген қоғам белсендісі Руслам Баязиевтің сөзінше, бұл жайт Атыраудағы Қараөзек шағынауданында болған.

"Бүгін бір оқырманымыздан осындай видео келді. Атыраудағы Қараөзек ықшамауданындағы перзентхана, босанғаннан кейін жататын палатада", - делінген видео жазбасында.

Желі қолданушылары арасында видео қызу пікірталас тудырған.

"Роддомға баратын болсақ енді бірге мысық апарамыз ба?", "Палатаға тамақ қоймаңдар, тышқан келеді деген еді, бірақ 10 күн жатып тышқан көрмедім. Черная речка енді қаланың сырты, қоңыздың түрін көрдік енді жатқанда", "Фуу, сұмдық", "Тышқандардың роддомы болды ғой", "Шын иә, жақында келінім босанып айтып келді "тышқандар толып жүр" деп", - деп жазды олар.

Атырау облыстық перинаталдық орталығы өкілдері мұнда дала тышқандары бар екенін жоққа шығармады.

"Перзентхана қаладан алыс жерде орналасқан. Ғимарат жазық далада болғандықтан, дала тышқандары бар. Алайда облыстық перинаталдық орталықтың әкімшілігі бұл мәселенің алдын алу үшін дезинфекция жұмыстарын жиі жүргізеді. Соған қарамастан, тышқандар ғимарат ішінде пайда болып тұр. Алдағы күндері дезинфекция жұмыстары тағы да жүргізіледі. Атырау облыстық перинаталдық орталығы 2022 жылғы қазаннан бастап қала сыртына, коронавирус кезінде салынған модульдік ауруханаға көшірілген болатын. Модульдік ауруханаға перзентхана уақытша көшірілді", - делінген Атырау облыстық перинаталдық орталығының баспасөз қызметі хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, қазір перинаталдық орталықтың бұрынғы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған соң бұрынғы орнына қазанда көшірілетіні айтылды.

Еске салайық, бұған дейін де Атырау перзентханасында дәл осындай жағдай болғаны хабарланған еді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз