Атырау перзентханасында өріп жүрген тышқан жүкті әйелдерді шошытты

Атырау перзентханасында өріп жүрген тышқан жүкті әйелдерді шошытты
Фото: видео скрині

Атырауда перзенхана палатасында өріп жүрген тышқандар жүкті келіншектерді шошытты. Видеоны босануға дейінгі бөлімшеде жатқан әйелдердің бірі жариялаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Онда кеміргіштердің келіншектер жатқан палатада емін-еркін жүргенін көруге болады. "Ақ халаттыларға ескерткенімізбен, ешқандай шара қолданбады" дейді автор.

Алайда, дәрігер бұдан хабардар болып шықты. Перинаталдық орталық ғимаратының күрделі жөндеуіне байланысты уақытша модульді ауруханаға көшірілген. Ал модульді аурухана қаладан алыс, жазық далада орналасқандықтан, оның үстіне құрастырылған ғимарат болғандықтан, іргетасы жоқ.

Дәрігерлердің айтуынша, тышқан бұған дейін әкімшілік және шаруашылық бөлімдерінен де көрінген. "Ал жүкті әйелдер жатқан бөлімшелерде болмады" дейді. Ақ халаттылар залалсыздандыру жұмыстары уақытымен жүргенін айтып отыр.

"Әкімшілік, шаруашылық бөліктен көрдік. Бөлімшеде біз үнемі жоспарлы деротизациялық жұмыс жүргіземіз және бұған дейін болған жоқ еді. Антропоноздық инфекцияның ошағы деп айтылады, бірақ бұл дала тышқаны ондай қауіп тудырмайды. Иә, әрине болмағаны жөн. Енді деротизациялық жұмысты жиілетіміз, айына бір рет болса, енді осы айдан бастап екі рет өткіземіз", - деді Атырау облыстық перинаталдық орталықтың дәрігер-эпидемиологы Эльмира Ерғалиева .

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан