Астанада банк қызметкерлерін кепілге алған ер адамның ақыл-есі дұрыс деп танылды - полиция

Астанада банк қызметкерлерін кепілге алған ер адамның ақыл-есі дұрыс деп танылды - полиция
Фото: Тengrinews.kz

Астанадағы Kaspi Bank-тегі адамдарды кепілге алды деген күдікке ілінген Әлихан Мурадов не істеп жатқанын түсінген. Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның ақыл-есі дұрыс деп танылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Tengrinews.kz тілшісінің сауалына Елорда полиция департаменті жауап берді.

Мурадовқа қатысты соталды тергеу биыл 6 тамызда аяқталды. Барлық қатысушы іс материалдарымен танысты. Прокурор күдіктіге қатысты айыптау үкіміне 15 тамызда қол қойды, іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді.

"Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, ер адамның ақыл-есі дұрыс деп танылды", - деді полицейлер.

Полиция қызметкерлері тергеу барысында Әлихан Мурадовтың жалғыз өзі әрекет еткенін анықтады.

"Бұл қылмысқа басқа адамдардың қатысы бары анықталмады", - деді полиция департаментіндегілер.

Бұған дейін Мурадовтың қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны да белгілі болды. Ол 2013 жылы наркологиялық диспансерде есепте тұрған.

Қазір Мурадов Астана қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №64 мекемесінде қамауда отыр. Соталды тергеп-тексерудің өзге мәліметтері Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Астанада банк қызметкерлерінің кепілге алынуы: ісі сотқа жолданды

Еске салайық, бұған дейін Kaspi.kz-тің Астанадағы бөлімшесінде ер адам бірнеше қызметкерді кепілге алғаны хабарланған болатын. Желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кейін Kaspi Bank өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, кепілге алынғандар арасында банкке келушілер жоқ.

Ішкі істер министрлігі өкілдері Kaspi Bank-те неше адам кепілде отырғанын мәлімдеді. Кейінірек ер адам 7 адамды кепілге алғаны белгілі болды.

"Ер адамның оқ өтпейтін жилет кигені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ, оқиға орнында "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері жұмыс істеп жатқанын хабарлаймыз. Әскери қызметкерлер арнайы операцияға қатысқан жоқ. Біз азаматтарды ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз", - деді ІІМ өкілдері. 

Кейін кепілге алынғандардың сыртқа шығарылғаны, оқиға орнына қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келгені хабарланды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек