"Мен кінәлімін". Ноғаев Маңғыстау облысындағы су тапшылығына қатысты пікір білдірді

"Мен кінәлімін". Ноғаев Маңғыстау облысындағы су тапшылығына қатысты пікір білдірді
Фото: Маңғыстау облысының баспасөз қызметі

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев су тапшылығы мәселесіне өзін кінәлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Асхат Ниязовқа берген сұхбатында бөлісті. 

Ноғаев қазіргі жағдайға қатысты пікір білдірді. Әкімнің айтуынша, МАЭК қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ете алмай отыр, сол себепті оны ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

"Биыл қала 60 жылдығын атап өткелі отыр. Ақтау құпия қала ретінде салынғанын білесіз. Электрэнергия, су және жылумен қамту үшін МАЭК салынды. Келер жылдың аяғы немесе 2025 жылы МАЭК-ті ұлғайту жұмысы аяқталды", - деді әкім.

Әкімнің айтуынша, су тапшылығы қала құрылысын жоспарлау және жүзеге асыру мәселесімен тікелей байланысты. 

"Өкінішке қарай, солай болып қалды. Кінәлілерді іздеудің керегі жоқ. Бәріміз кінәліміз. Естігіңіз келгені сол болса, дәл қазір облыстағы су тапшылығына мен кінәлімін, өйткені тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ете алмай отырмын. Кезінде бұзылыстар болды, көп фактор әсер етті. Ал мынау кінәлі деп айтуға болмайды", - деді Нұрлан Ноғаев.

Еске салайық, бұған дейін тамыздың басында Маңғыстау облысында жүзден аса отбасы ауызсусыз қалғанын хабарлаған едік. Себебі зауытта қондырғылардың бірі істен шыққан еді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек