"Су аптасына 3 сағат беріледі". Маңғыстаулық тұрғындар он шақты күннен бері ауызсусыз отыр

"Су аптасына 3 сағат беріледі". Маңғыстаулық тұрғындар он шақты күннен бері ауызсусыз отыр
Фото: автордан

Маңғыстау облысында жүзден аса отбасы ауызсусыз қалды. Себебі зауытта қондырғылардың бірі істен шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Су тапшылығы Мұнайлы ауданының Басқұдық, Дәулет селолық округтерінде өзекті. Тұрғындардың айтуынша, құбырмен келетін ауызсу тоқтағанына 9 күн болған. Ал құдыққа құйғызу үшін бірнеше күн кезек күтіп, қыруар қаражат төлеуге тура келеді.

"Біздің ауылға су аптасына 3 сағат беріледі. Бір аптада 3 сағат ғана. Оның өзі сыздықтап келеді. Сапасы нашар. Ал водовоздар суды 6-8 мыңнан сатады", - дейді Басқұдық ауылының тұрғыны Нұрлан Қарамырза.

Дәулет ауылының тұрғындары да төрт түлікпен жасыл желекті былай қойғанда, ішерге су таппай отырғандарын айтады.

"Графикпен бердік" деп кеше хабарлама келді. Бірақ бір тамшы да су аққан жоқ. "Порыв болды" деді, тағы "бірдеңе болды" деді. Сылтау көп. Арғы жағында неге су жоқ? Бірақ водобозбен беріп жатыр", - дейді Толыбай Өтепов.

Тұрғындардың жан айқайы Мемлекет басшысына жетіп, облыс әкімі есеп берді. Аудан халқының ауызсусыз қалуына "Каспий" су тұщыту зауытындағы сорғы қондырғысының істен шығуы себеп болған.

"Ол қондырғы жөндеуге жарамайтындықтан, орнына жаңа қондырғы орнатып жатырмыз. Бірақ біз Мұнайлы ауданы тұрғындарын судан шектемеу үшін тиісті шаралар қабылдап, соңғы 2-3 тәуліктегі жетіспеушілікті қайта көтердік. Қазір Мұнайлы ауданына тәулігіне 12500-13000 текше метр су беріп жатырмыз", - дейді зауыт директоры Нұрлыбай Аққұлов.

Жаңа сорғы қондырғысы алдағы жұмада іске қосылуы тиіс. Қазір Президент тапсырмасына сай бұл зауытта модернизация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күзде кәсіпорын қуатын екі еселеп, тәулігіне 40 мың текше метр ауызсу өндіруді жоспарлайды. Мамандар сол кезде Мұнайлы ауданында ауызсу тапшылығы болмайтынына сендірді.

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев маңғыстаулық тұрғынның арызына назар аударғаны хабарланған еді. Президент Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы тұрғынының тұщы су тапшылығына қатысты арыз-шағымы бойынша жауаптыларға тапсырма берді.

Сая Мәжитқызы

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz