Пәтер иесінің бағаны көтеріп жіберуге, депозит сұрауға құқығы бар ма? Риелторлар маңызды кеңестер берді

Қазір Алматы, Астана секілді ірі қалаларда пәтер жалдау маусымы қызатын уақыт. Соған орай алаяқтар да көбейеді. Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өзін-өзі реттейтін риелторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко мен қауымдастық мүшесі Орынбасар Сатаев пәтер жалдауға қатысты маңызды кеңестер берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алдын ала төлем жасамау, алаяқтың құрбаны болмау үшін не істеу керек?

Нина Лукьяненконың сөзінше, келісімшартқа отырарда немесе алдын ала төлем жасарда ең бастысы кіммен келісімшарт жасап тұрғаныңызды білу қажет. Кез келген келісім үй иесімен жасалуы керек.

"Көпшілік адам пәтердің бүкіл құжатын сұрағанда, жеке куәлікті сұрауды ұмытып кетеді. Пәтердің құжаттарын тексеру үй иесінің куәлігін тексеруден басталады. Қандай келісім болса да жазбаша түрде расталуы керек. Ешқандай ақша беріп, алдын ала төлем жасап керек емес. Кез келген келісімді жазбаша нұсқаға айналдыруға болады", - дейді маман.

Риелтордың қызметіне жүгінгенде не білу керек?

Сондай-ақ, риелтор көп жағдайда адамдар тек ақпараттық қызмет ұсынатын компанияларға алданатынын айтады. Осылайша, көп адам 10-15 мың теңге төлеп, оның орнына сол компаниядан тек үй иесі туралы ақпараттық қызмет алып жатады. Яғни үй иесінің нөмерін алу туралы келісімшартқа қол қояды. Риелторлық қызмет туралы келісімшартқа да отырып, оны мұқият оқу қажет екен.

Пәтер бағасы алаяқтарды көрсете ала ма?

Мамандар пандемия кезінде көп пәтер иесі ұзақ мерзімнен гөрі пәтерлерін тәулікке жалға беруге көшіп кеткенін айтады. Сонымен қатар, пәтер алуда бағаға да мән беру қажет.

"Хабарландыру сайттары бар. Сол жердегі әр аудандағы төмен, жоғары баға бар. Төменгісінен 25-30 пайыз төмен беріп тұрса, барлығы соған хабарласады. Күдікті хабарландыруға асықпау керек. Асықтырып "бұл варианттан басқа вариант жоқ" деуі арқылы ақшаңды алып, келісімшартсыз, ауызша басқа біреудің меншігіндегі пәтерді өткізіп кетуі мүмкін", - дейді риелтор Орынбасар Сатаев.

Пәтер иелері депозит сұрауы заңды ма?

Нина Лукьяненко қайтарымды депозит әлем елдерінде де кең қолданылатын тәжірибе екенін, бұл келісімшартта көрсетілсе, заңды саналатынын айтты.

"Нысанды ұзақ уақыт жалға алып, депозит берген кезде оның қайтарылуы туралы тармаққа назар аудару керек", - дейді ол.

Үй иесі пәтер ақысын көтеруі дұрыс па?

Риелтор нарық үнемі өзгеріп отыратынын, сондықтан келісімшартта бұл мәселені анық көрсету керек екенін жеткізді. Ал заңды тұрғыдан үй иесі нысанның иесі ретінде бағаны көтеру туралы, ал жалдайтын адам бағасын өзгерту, әдетте түсіру туралы ұсыныс жасауға құқығы бар екен.

Айта кетейік, бұған дейін алматылық риелтор маман Ләззат Ибраева пәтер жалға алуға байланысты бірнеше кеңес берген еді.

1-кеңес. Құжатқа мән беру

Ол үшін үйдің иесін растайтын құжаттарды сұрауымыз керек. Ондай құжатқа жылжымайтын мүлікті сатып алғаны жөніндегі келісімшарт пен үйдің техникалық паспорты жатады. Үйдің иесін білуге осы құжат жеткілікті.

2-кеңес. Қарыз бен борыш

Үйдің сатылымда тұрған не тұрмағанына, коммуналды қарыздары бар-жоғына да көз жеткізген абзал.

3-кеңес. Келісімшартқа қол қою

Үйдің иесі кім екенін білген соң, сол азаматпен келісімшартқа отыру қажет. Пәтер иелерінің кейбірі келісімшарт жасағысы келмейді. Бірақ келісімшарт қос тараптың да құқығын қорғауға, келеңсіз жағдайды дұрыс реттеуге көмектесетін құрал.

4-кеңес. Депозит беруге мән беру

Маманның айтуынша, депозит беру - өте даулы мәселе. Біреуі беру керек десе, енді бірі қарсы.

"Депозит беру үрдісі Қазақстанда кейінгі 2-3 жылда пайда болды. Батыстан келген жаңалық. Депозит алу арқылы үй иесі мүлкін, үйдің жөндеуін сақтандырады. Бұл жағынан дұрыс. Депозит берілгені жайлы келісімшартқа да қосқан жөн. Бірақ менің ойымша, оның сомасы ақылға қонымды болуы тиіс. Кейбір пәтер иелері депозиттің құнын бір айлық жалға беру құнынан да артық сұрайды", - деген болатын риелтор.

5-кеңес. Ешкімге алдын ала ақша бермеу

Маманның айтуынша, риелторға да, үйдің иесіне де алдын ала ақша беруге болмайды.

Қазір риелторлардың көбі нәтиже болғанда ғана ақы алады. Бірақ бұлардың арасында тек жалға берумен ғана айналысатын, күмәнді агенттіктер бар.

"Олар әдетте үйді тауып берместен бұрын 15-20 мың теңге көлемінде ақы сұрайды. Ол дұрыс емес. Сондықтан мұндай күмәнді ұйымдардан бас тартқан жөн", - деген еді ол.

Еске салайық, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жатақханаларды тексеріп шыққаны, нәтижесінде тапшылықтың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында екені хабарланған болатын.

Сондай-ақ, ата-анасынан айырылған студенттер енді жатақханада тегін тұратыны айтылды. 

"Сезон келе жатыр". Алматы мен Астанада пәтер жалдау қанша болып жатыр?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!