"70 мың орын тапшы": университеттерде жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр?

"70 мың орын тапшы": университеттерде жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Фото: Tengrinews.kz

Елімізде әлі 70 мың студентке орын жетпейді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жатақханаларды тексеріп шықты. Тапшылықтың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында. Бұған дейін Алматыда 30 мыңнан аса түлекке орын жетпесе, биыл оның 10 мыңының мәселесі шешіліпті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жауаптылар қазір негізгі үш бағытпен жұмыс істеп жатқандарын айтады. Дәл осы қарқынмен жатақхана тапшылығы түбегейлі 2025 жылы шешіледі деген жоспар бар екен.

"Ақырындап азайып келе жатыр. Министрлік құрылғанда, былтыр тамыз айында 87 мың төсек-орын тапшылығымен қабылдадық. Қазір 70 мыңға түсірдік, бір жылдың ішінде. Жатақхана тапшылығына үш бағытпен жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші бағыт - құрылыс бағыты. Былтырдан белсенді кірістік бұл жұмысқа. Арнайы субсидиялық нормативтер өзгертілді. Алматы қаласы үшін екі есе өзгертілді. Сол нормативтер өзгергелі 150 компания келісімшартқа отырды. Екінші бағыт - реконструкция немесе жеке меншік хостелдермен арнайы келісімшартқа отыру. Алматы қаласындағы 59 хостелмен келісімшартқа қол қойылды. 10 мың төсек-орынға кепілдік берілді. Үшінші бағыт ахуалдық орталықтар құрылды. Яғни студент түнде келсе де, таңғы 7-де келсе де немесе далада қалып қалған студенттер болған жағдайда, сол біртұтас ахуалдық орталық нөміріне хабарласып, ең жақын университетке жібереміз. Астана, Алматы, Шымкент қаласында осындай төтенше төсек-орын қоры қалыптастырылған", - дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Министрлік мәліметінше, мемлекет есебінен жатақхана саламын деген кәсіпкерлерге әр студенттің орны үшін қаражат бөлінеді.  Мәселен, Алматыда жаңа ғимарат салса бір орын үшін 6 жыл үздіксіз 793 мың 500 теңгеден төленеді. Ал нысанды қайта жөндеуден өткізіп тапсырса, 8 жыл 317 мың 400 теңге беріледі. Осы аптадан бастап паналайтын жер таппай қалған студенттер тәулік бойы жұмыс істейтін ахуалдық орталыққа хабарласып, көмек сұрай алады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова