"Асыра сілтеу емес пе?" Ақтаулық блогер тұрғын үй кешендеріндегі түнгі жарыққа наразы болды

Маңғыстауда жергілікті блогер облыстың аудандарында электр қуаты өшірілуі түнде қаладағы тұрғын үй кешендеріндегі жарыққа әсер етпегеніне наразы. Ал қала әкімдігі өкілдері түнде өңірде электр энергиясына қатысты проблема жоқ екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz-ке сілтеме жасап.

Блогер Азамат Сәрсенбаев жергілікті билік тұрғындардан энергия комбинатындағы апатқа байланысты электр энергиясын үнемдеуді сұрағанын, алайда бұл өтініш түнде сәндік үшін жағылған жарықтарға қолданылмағанын айтады.

"МАЭК-те электр энергиясын өндіруге қатысты үлкен проблема болып жатқан кезде тұрғын үй кешендерінде жарықтар қолдану асыра сілтеу емес пе ? Аудандар электр қуатынсыз қалған кезде Ақтауда электр энергиясы секілді қымбат ресурстарды осылай пайдалану қаншалық орынды?" - деді блогер.

Ақтау әкімдігі өкілі түнгі уақытта өңірде электр энергиясына және оның тапшылығына қатысты проблемалар жоқ екенін түсіндірді.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында бірқатар елді мекен жарықсыз қалатыны хабарланған еді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!