Маңғыстау облысында бірқатар елді мекен жарықсыз қалады

Маңғыстау облысында бірқатар елді мекен жарықсыз қалады
Фото: elements.envato.com

Маңғыстауда бірқатар елді мекенге электр қуатын беруге шектеу енгізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

№3 энергоблоктағы апат жағдайындағы жөндеуге және "МАЭК" ЖШС электр станциясында №1 ЖЭС энергоблок жұмысы тоқтауына байланысты "КЕГОК" АҚ Ұлттық диспетчерлік орталығы диспетчерінің келісіміне сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде Маңғыстау облысының мына елді мекендері бойынша электр энергиясын тұтынуға ішінара шектеулер енгізілді:

  • Жаңаөзен қаласы (ішінара) және жақын маңдағы ауылдар;
  • Маңғыстау ауданының елді мекендері;
  • Форт-Шевченко қаласы және Түпқараған ауданының елді мекендері;
  • Мұнайлы ауданының бірқатар елді мекендері;
  • Қарақия ауданы бірқатар елді мекендері.

"МАЭК" ЖШС-де жалпы электр энергиясы 545 мегаватт өндіреді. Қазір екі энергоблок тоқтауына байланысты электр станция 245 мегаватт өндіріп отыр.

"Ауруханалар мен әлеуметтік қажеттіліктер электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Апаттың себептерін жою үшін уәкілетті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің өкілдері кірген облыс басшылығының төрағалығымен жедел штаб жұмыс істейді. МАЭК мамандары №3 энергоблокты жөндеуге шұғыл өтінім берді", - делінген басылым мәліметінде.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова