"Тіпті әжетханаға барып, бетімізді де жуа алмай қалдық". Бір аптадан бері сусыз отырған Медеу ауданы тұрғындары жанайқайын жеткізді

"Тіпті әжетханаға барып, бетімізді де жуа алмай қалдық". Бір аптадан бері сусыз отырған Медеу ауданы тұрғындары жанайқайын жеткізді

Алматыдағы Медеу ауданының бір бөлігінде тұрғындар сусыз отыр. Сумен жабдықтау шектелген аймақта 50 көппәтерлі үй, 4047 жеке тұрғын үй бар. Бүгін "Алматы Су" Медеу ауданы тұрғындарына су беру және судан ажырату кестесі әзірленгенін мәлім етті. Осыған қарағанда тұрғындардың су мәселесі бүгін де шешілмейтін тәрізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еске салайық, бұған дейін Алматының қымбат аудандарының бірі - Медеу ауданы тұрғындары бір аптадан бері сусыз отырғаны хабарланған болатын. Алғашында халықты "25-шілдеге дейін су болады" деп сендірген. Алайда арада бір апта өтсе де су сол күйі жоқ.

Ал бүгін, 27 шілдеде "Алматы Су" Медеу ауданы тұрғындарына су беру және судан ажырату кестесін жариялады. Ведомство мәліметінше, Медеу ауданында суды беру мен судан ажыратудың уақытша кестесі 27 шілдедегі сағат 14.00-ден 28 шілдедегі сағат 19.00-ге дейінгі кезеңде қолданыста болады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ГКП "Алматы Су" (@almatysu_)

Тұрғындар судың кесте бойынша берілетініне наразылықтарын білдіріп жатыр.

"Жұртты күлдірмеңіздерші, енді суды сағат бойынша кезектесіп ішеміз бе? Балаларды ойладыңыздар ма? Бізде суды өшіріп тастағанына 7 күн болды, ал аптап бұған дейін де болған, енді қар аздап ерісе, бүкіл Алматы болып сусыз отырамыз ба? Бар күшті салсын, басқа су көздерін іздесін, онда бүкіл Алматыны өшірейік, бұл "табиғи құбылыс" қой. Мұндай тіпті 90-жылдары болған жоқ!", - деп ашуланды алматылық тұрғын.

Сондай-ақ, пікір білдіргендер аптап ыстық күнде сусыз отыру қандай қиын екенін айтып, шағымдарын қалдырған.

"Су жоқ, әңгіме не туралы. Суды қоспады да, қосылмаған суды қалай ажыратуға болады?", "Сусыз мына ыстықта жүру деген не деген сұмдық, әжетханаға барудан қалдық қой, кір жууды айтпағанда", "Ұят әрі масқара! 6 күн сусыз! Тәттімбет көшесінде су тасығыштар мен биоәжетханалар мүлде жоқ! Коммуналдық төлемдерді жинауға келгенде ал да сал дейді, қызмет көрсетуге келгенде, табиғат кінәлі!", Балалармен сусыз 7 күн, су тасымалдаушылар не шешеді? Су ішу, тамақтану, жуыну ше?! 21 ғасыр, ауа райына қарап сусыз отыру деген не сұмдық", - дейді пікір қалдырған тұрғындар.

Мына жазбадан Медеу ауданындағы "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы" ғимаратына да су тасымалдаушы көліктер су жеткізіп тұрғанын байқауға болады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ГКП "Алматы Су" (@almatysu_)

"Алматы Су" мәліметінше, Медеу ауданының оңтүстік бөлігін сумен жабдықтаудың шектеулі жағдайы тек табиғи құбылыстарға байланысты. Сол себепті су тазарту станцияларында су дайындау үшін қажетті су көлемін алу уақытша жүзеге аспауы мүмкін. Сондықтан, резервуарларда суды толтыру үшін әзірленген уақытша кесте қажет екені айтылды.

  • 27 шілдеде сағат 14: 00 –ден 28 шілдеде сағат 19.00-ге дейін Омаров көшесінің оңтүстігінде (жоғарыда) орналасқан тұтынушыларға, оның ішінде Керей-Жәнібек хандары көшесінің екі жағында орналасқан 25 КТК (көппәтерлі тұрғын үйлер): "Достық резиденттері" ТК Митин 4, Чайкин көшесі 3, 3а, Достық даңғылы 296, 294/2, 290, 278, 276, Тайманов көшесі 222, 224, Достық даңғылы 248, 272, 274, 270, 268, 266, 123, 123/3, 123/2, 123/1, 121, 121/3, 121/1, 121/5.
  • 27 шілдеде сағат 17: 00-ден 24.00-ге дейін "Есентай", "Ақ Бота", "Тау Шатыр", "ЛаВерде", "Блэкберри хиллс", Тайманов көшесі бойынша КТК (көппәтерлі тұрғын үй кешендері) су беріле бастайды.
  • 28 шілдеде сағат 7:00-ден 14:00-ге дейін әл-Фараби, Луганский, Чайкина, Тайманов көшелерінің контурындағы көппәтерлі тұрғын үйге су беріле бастайды.
  • Омаров көшесінің оңтүстігіндегі елді мекендерге су беру 28 шілдеге сағат 19:00-ге жоспарланған. Сағат 14.00-ден 19.00-ге дейін және сағат 00:00-ден 07:00-ге дейін резервуарларға су жиналатын болады.

"Сумен қамтамасыз етудің көрсетілген кестесі табиғи құбылыстарға және жағдайларға байланысты түзетілетін болады. Барлық өзгерістер туралы қосымша хабарланады. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды және мүмкіндігінше суаруды шектеуді және суды үнемдеуді сұраймыз.

Тұрғындар үшін желіге берілетін су көлемін ұлғайту мақсатында су тұтынудың үлкен көлемі бар объектілер (автожуу, монша) судан уақытша ажыратылды. Әлеуметтік нысандар тәулік бойы тасымалданатын сумен қамтамасыз етіледі. Орталықтандырылған сумен жабдықтау болмаған кезеңде суды автоцистерналармен тасымалдау жүзеге асырылады", - делінген хабарламада.

Сумен қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты өтініштер үшін жедел желілер ұйымдастырылған.

"Бірыңғай диспетчерлік қызметтің телефоны: 109. "Алматы Су" МКК диспетчерлік қызметіне келесі нөмірлер бойынша хабарласуға болады: 274-66-66, +7 777 852 91 01. Сондай-ақ, ауыз суды (су тасығыштарды) тасымалдау және биотуалеттерді орнату мәселелері бойынша өтінімдер Медеу ауданы әкімі аппаратының  мына нөмірі бойынша қабылданады: + 7 775 594 90 94", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан