Алматының элиталы аудан тұрғындары биотуалетке күндері қарап, суды "баклажкамен" тасып ішіп отыр

Алматының элиталы аудан тұрғындары биотуалетке күндері қарап, суды "баклажкамен" тасып ішіп отыр
Фото: автордан

Алматының элиталы, қымбат аудандарының бірі Медеу ауданының тұрғындары бір аптадан бері сусыз отыр. Көп қабатты үйлердің тұрғындары аптап ыстықта тіршілік нәрінсіз қалған. Әкімдік мәліметінше жауын-шашынның қатты түсуінен су лайланып, сумен жабдықтау көздері бітеліп қалған. Алғашында ашынған халықты "25-шілдеге дейін су болады" деп сендіріпті. Алайда арада бір апта өтсе де су сол күйі жоқ. Massaget.kz тілшісі су тасушы көлікке күндері қараған қаланың қымбат ауданы тұрғындармен тілдесіп қайтты. 

Қаланың элиталық аудандарының бірі "Медеу" ауданының сусыз қалуы ақылға томпақ дүние. Десе де шіліңгір шілдеде тұрғындар тіршілік нәріне жарымай отыр. Мәселен, бір ғана "Қажымұқан, 59" мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің өзінде 240 отбасы тұрады. Әр жанұяда кем дегенде 3-4 кішкентай бала бар. Күн ұзақ су тасушы көлікті күткен тұрғындар әкімдіктен "су қашан нақты болатынын" сұрап отыр. Осы үйдегі тұрғындардың бірі Елена Криворучко жанайқайын жеткізді.  

"Мұндай ыстықта сусыз қалай өмір сүруге болады? Әкімдік 25-шілде күні су болатынын айтқан. Міне бір апта өтті. Су әлі жоқ. Енді қашан берілетінін де айтпай отыр. Біз қала билігінің бізге нақты түсіндіргенін қалаймыз. Не үшін біз аптап ыстықта тіршілік нәрінсіз қалуымыз керек?" - дейді қала тұрғыны.  

Қаланың элиталық аудандарының бірі саналатын аймақтың бүгінгі күні көрген күні осы. Әкімдік су толық берілгенше су тасушы көліктер тұрғындарға тіршілік нәрін жеткізіп тұратынын айтқан. Алайда бұқара бұл көліктер "5 күнде 1 мәрте ғана келді" дейді. Оның өзі көп қаумалаған халықтың барлығына бірдей жетпеген көрінеді. 

Көшеде кездескен екі адамның бірінің қолынан бес литрлік бөтелкені көресің. Әкімдіктің құрғақ уәделерінен шаршаған ағайын өздері амалдауға көшкен секілді. Ал сол аумақтағы дүкендер суларды сөрелерге емес дүкен сыртына шығарып қойыпты. Бағасы да көтеріліп кеткен сыңайлы.

Әкімдік аталған аумаққа био-дәретхана орнатыпты. Алайда пластмассадан жасалған дәретханалардың ыстық күнде ішіне кіріп дәрет сындыру тіпті мүмкін емес. Себебі нәжістің иісінен мұрын бітеледі. 

"Алматы Су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының мәліметінше Медеу ауданына қарасты Юбелейный шағын ауданы, Тау Самал, "ВИП әлем" коттедж қалашығы, "Европолис" тұрғын үй кешені, Керей, Жәнібек хан, Оңдасынов, Ладушкин, Оспанов, Қыз Жібек, Жәнібеков, Найманбаев көшелері мен Достық даңғылы, Чайкин көшелеріндегі тұрғындары сусыз қалған. Ал Қажымұқан, Байжанов, Луганский, Достық даңғылы, Нұрмағамбетов, Сахариев көшелерінде су қысымының желілері төмендеген.  

Әкімдік әзірге судың нақты қашан берілетінін айта алмай отыр. Ал шіліңгір шілдеде сусыз қалған халық шыдамы жетсе әкімдік уәде еткен су тасушы көлікті күтеді немесе тіршілік нәрін дүкеннен тасып ішуге мәжбүр. 

 Ал тұрғындар мәселеміз бір екі күнде шешілмейтін болса "көшені жабамыз" деп бекініп отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов