Компьютерлерге қашықтан қосылып, мұғалімдер мен түлектерге тесттен өтуге көмектескендер әшкере болды

Компьютерлерге қашықтан қосылып, мұғалімдер мен түлектерге тесттен өтуге көмектескендер әшкере болды
Фото: instagram.com/testcenterkz

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ҰБТ тапсыруға және педагогтердің білімін бағалауға көмектескен заңсыз әрекеттерді әшкереледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰҚК мәліметіне сілтеме жасап.

ҰҚК Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша департаменттері прокуратура органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, өңірлерде Ұлттық бірыңғай тестілеуді және педагогтердің білімін бағалауды (ПББ) жүргізуге жауапты ұйымның жеке қызметкерлерінің тестілеу процесіне заңсыз араласу әрекетін тыйды.

"Серверлік жабдыққа және басқа да ақпараттық ресурстарды алу мүмкіндігін пайдаланып, күдіктілер арнайы бағдарламаларды қолдану арқылы талапкерлер мен педагогтардың қызығушылық танытқан компьютерлеріне қашықтан қосылып, ақшалай сыйақы үшін оларға тесттен жоғары нәтижелер алуға жәрдем көрсеткен", - делінген хабарламада.

19 шілдеде үш негізгі күдікті ұсталғаны хабарланды. Тінту барысында қашықтан қосылуды қамтамасыз ететін техникалық құрылғылар мен бағдарламалар, ақшалай қаражат және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.

"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 207 "Ақпараттық жүйенің немесе телекоммуникациялар желісінің жұмысын бұзу") және 210-баптары ("Зиян келтіретін компьютерлік бағдарламалар мен бағдарламалық өнімдерді жасау, пайдалану немесе тарату") бойынша соталды тергеп-тексеру басталды", - делінген ҰҚК хабарламасында.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан