"30 адамға химиялық кастрация жасалды". Қазақстанда педофилдерге қолданылатын жаза жеңіл ме?

13 шілдеде Түркістан облысында жантүршігерлік жайт болып, бүкіл қоғам дүр сілкінді. Өңірде 5 жасар қыз жоғалып, кейін ол ауыл тұрғынының үйінен өлі табылды. Қызды зорлап, артынша азаптап өлтірген адам бұған дейін екі рет істі болған. Қоғам осы ауыр қайғыға қатысты педофилдерге өлім жазасы берілуін сұрап отыр. Massaget.kz тілшісі заңгер Думан Көпбаевпен сұхбаттасып, Қазақстанда қолданылатын жаза қаншалық жеңіл екенін сұрады.

"Заң қатты болуы керек". Қоғам не талап етіп отыр?

Қаза тапқан 5 жасар қыздың туыстары әлеуметтік желіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, күдіктіні барынша қатаң жазалауды сұрап отыр.

"Өлім жазасын беріңіздер! "Заң бар, заңға бағыныңыздар" дейсіздер. Олар неге заңға бағынбайды? Не үшін біз заңға бағынып, оны аз ғана уақытқа қамауға алуға рұқсат береміз? Әлде ертең тағы бір бүлдіршіннің азапталып өлгенін күтуіміз керек пе?" - деп жазған марқұмның әпкесі.

@mariamka535

♬ оригинальный звук - Mariyam?

Tengrinews.kz

Халық та бірнеше рет сотты болған адамдарға ауыр жаза берілуі керек екенін, мұндай жағдайда тіпті өлім жазасы қолданылуы қажет екенін айтқан.

"Халық көтерілуі керек! Болмайды мынау!", "Өлім жазасы дұрыс, ондай жағдаймен ол кісіні қалдырмау керек", "Өлім жазасы емес өмір бақи бас бостандығынан айыру керек, қатаң түрде жазалану керек, қиналып өлетіндей Құдайдан өлім сұрайтындай", "Ату жазасына алынсын, тіпті болмаса өмір бақи бас бостандығынан айырып, түрмеде қинасын!!! Алла сабыр берсін сіздерге...", "Заң қатты болу керек біз сол кезде ғана дамимыз", "Қалайша алдын адам екі рет адам өлтіргенді түрмеден шығарады? Ондай адамдарға өлім жазасы берілсін", - деп жазды әлеуметтік желідегілер.

"Өлім талап етеміз!". Танымал блогер педофилдерге қатысты жазаны қатаңдатуды сұрады

Қазақстанда бала зорлағандарға қолданылатын ең ауыр жаза қандай?

Қазақстан Республикасында кәмелет жасына толмағандарды зорлау, яғни педофилияға қатысты іс Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша қаралады.

Заңгер Думан Көпбаевтың сөзінше, педофилдерге қолданылатын ауыр жаза - 17 жылға бас бостандығынан айыру.

"Қазір қолданылатыны - 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы. Екінші мәселе, химиялық кастрация деген бар. Ол дәрігерлермен кеңесе отырып, сараптама тағайындау арқылы жүзеге асырылады. Бұл жазаның түріне жатпайды. Мәжбүрлеу шараларына жатады. Дәрігерлер күдіктіге сараптама тапсыртып, денсаулығына зиян болмаса, қылмыс бірнеше рет жасалған жағдайда химиялық кастрация жүргізіледі", - дейді заңгер.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр 31 адамға химиялық кастрация жасалған. Ал биыл 5 ай ішінде 30 адамға химиялық кастрация жүргізілді. Заңгер елде бала зорлағандарға жеңіл жаза тағайындалатынын айтады.

"Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланған. Педофилдерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілсе деп ойлаймын. Елде педофилдерге қолданылатын жаза жеңіл. 17 жыл емес, өмір бақи бас бостандығынан айыру керек. Өлім жазасын қолдану керек еді. Бірақ оған мораторий бар", - дейді Думан Көпбаев.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі мәліметінше, биыл 4 айда пробация қызметінің есебінде кәмелетке толмағандарға зорлық жасау дерегі бойынша 352 сотталған адам тұр.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.

13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған. Кейін ол ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылды.

Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр.

Кейін Желіде ауыл тұрғындары күдіктіні полицейлерден босатып алмақ болды деген ақпарат тарады. Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері бұған қатысты пікір білдірді. 

Бас прокуратура мәліметінше, күдікті бұрын істі болған. 

"Күдікті Г. бұрын адам өлтіргені үшін 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды. 2023 жылғы мамырда Г. ішімдік ішіп отырып, ауылдасымен жанжалдасқан соң, оны балтамен ұрғаны белгілі болды. Сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын, бұрын соттылығының жойылғанын ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындалды", - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, күдікті 2 айға қамауға алынды

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!