"Тірідей өртейді, көпшілік алдында дарға асып, теледидардан көрсетеді". Әлем елдерінде педофилдерге қандай жаза қолданылады?

"Тірідей өртейді, көпшілік алдында дарға асып, теледидардан көрсетеді". Әлем елдерінде педофилдерге қандай жаза қолданылады?
Фото: elements.envato.com

Түркістан облысындағы 5 жасар қыздың өлімінен кейін қоғам дүр сілкінді. Халық күдіктіге өлім жазасы тағайындалуын сұрайды. Алайда Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланған. Ал берілетін ең ауыр жаза - 17 жылға бас бостандығынан ауыру. Massaget.kz тілшісі әлем елдерінде педофилдерді жазалауда қандай тәжірибе қолданылатынына шолу жасады.

Заңгер Думан Көпбаевтың пікірінше, әр елде берілетін жаза әртүрлі. Бұл бас бостандығынан айырудан басталып, өлім жазасына дейін барады.

"Ресейде педофилдерге 4 жылдан 20 жылға дейін қарастырылған. Екінші рет жасайтын болса, өмір бойы бас бостандығынан айыру және кастрация қолданылады. Еуропа елдерінде, Америкада жаза жеңіл. Польшада 15 жылдан 20 жылға дейін, Германияда алты айдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Қатаң жаза қолданылатын елдер қатарында Қытай, Сауд Арабиясы, Латын Америка, Иран, Ирак бар. Мұнда өлім жазасы қолданылады. Африканың кейбір мемлекеттерінде педофилдерді тірілей өртеп жібереді", - дейді заңгер. 

Ашық дереккөз мәліметтерінде де Иран, Ирак, Сауд Арабиясы, ҚХР, Африка және Латын Америкасы, Пәкістан, Оңтүстік Корея және Кубада педофилдер өлім жазасына кесілетіні айтылады. Сонымен қатар, Біріккен Араб әмірліктерінде, Катарда, Суданда, Тунисте, Бангладеште және Кувейтте педофилдер өлім жазасына кесіледі. Ал Нигерия мен Оңтүстік-Шығыс Африкада педофилді тірідей өртесе, Йеменде көпшілік алдында дарға асып, теледидарда көрсетілетіні айтылады. Мұнда жазаны жәбірленушінің отбасы ғана жазаны өзгертуге құқылы екен.

  • Қазақстанда педофилдерге қандай жаза қолданылады? 

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда педофилдерге химиялық кастрация жасау туралы заң қабылданды. Осыған орай 2019 жылы алғаш төрт педофилге химиялық кастрация жасалды. Химиялық кастрация дегеніміз - ағзаға жыныстық белсенділікті төмендететін дәрі-дәрмекті енгізу. 2022 жылы Қазақстанда 31 адамға химиялық кастрация жүргізілген. Ал биыл 5 ай ішінде 30 адамға химиялық кастрация жүргізілді.

Ішкі істер министрлігі мәліметінше, биыл 4 айда пробация қызметінің есебінде кәмелетке толмағандарға зорлық жасау дерегі бойынша 352 сотталған адам тұр.

Tengrinews.kz

Сотталушының мерзімі аяқталғанға дейін алты ай бұрын мекеме әкімшілігі оның балаларға жыныстық қызығушылығы бар-жоғын анықтау үшін сотқа сот-психиатриялық сараптама тағайындау туралы өтініш жасайды. Егер сараптама барысында мұндай нәрсе анықталса, онда химиялық кастрация оның тұрғылықты жері бойынша тағайындалады. Заңгер Думан Көпбаевтың сөзінше, педофилдерге қолданылатын ауыр жаза - 17 жылға бас бостандығынан айыру.

  • Ресейде педофилдерге қандай жаза қолданылады? 

Ашық дереккөз бен БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, Ресейде педофилдер үшін ең жоғары жаза - өмір бойына бас бостандығынан айыру, ал ең азы - колонияда үш жыл. Ресейде міндетті жұмыс да қарастырылады. Ал бостандыққа шыққаннан кейін қылмыскерлер 8-10 жыл бойы әкімшілік бақылауда болады. Сондай-ақ, педофилдерге сот белгілеген аумақтан тыс жерлерге шығуға тыйым салынады. Олар бірден төрт ретке дейінгі аралықта Ішкі істер органдарына барып тұруы керек, ал кейбіреулері психиатр бақылауында болады.

elements.envato.com

Биыл Ресейде Мемлекеттік Дума депутаттары педофилдерге химиялық кастрация жасау туралы заң жобасын дайындады. 

  • Беларусьте педофилдерге қандай жаза қолданылады? 

Беларусьте де Бас прокуратура педофилияны емдеу үшін химиялық кастрацияны және басқа құралдарды қолдану туралы хаттаманы бекіткен. Осындай баптар бойынша сотталған адамдарға электрон білезіктердің көмегімен бақылау күшейтілген. 

  • Өзбекстанда педофилдерге қандай жаза қолданылады? 

Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев кәмелетке толмаған баламен жыныстық қатынасқа түскен жағдайда қолданылатын жазаға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Осылайша, 480 сағатқа дейін міндетті қоғамдық жұмыс немесе үш жылға дейін түзету жұмыстары түрінде жаза тағайындалатын болды. Бірақ педофилдерді бас бостандығынан айырған жағдайда тағайындалатын ең ұзақ мерзім үш жыл болды.

  • Қырғызстанда педофилдерге қандай жаза қолданылады? 

Ал Қырғызстан Парламентінде педофилдерге хирургиялық кастрация енгізу ұсынылды. Депутат Ұлан Бақасов Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстеріне түзетулер енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық - ең даулы мәселе.

"Әрине, олар өлім жазасына лайық, бірақ елде оған Конституция тыйым салады", - деді Ұлан Бақасов.

pixabay

Ол педофилдерді өлтірмей, кастрациялау арқылы жазалауды ұсынады, яғни хирургиялық кастрация енгізуді қолдайды. Депутат жазаның бұл түрі қолданылатын Еуропаның жалғыз елі Чехияны мысалға келтірген. Ұлан Бақасовтың пікірінше, химиялық кастрация айтарлықтай тиімді емес, қысқа мерзімді саналады.     

  • АҚШ, Франция, Польша

Химиялық кастрация АҚШ-та 1996 жылдан бері қолданылып келеді. Бұл шараға жүгінген алғашқы штат Калифорния болды. Мұнда 13 жасқа толмаған баламен жыныстық қатынасқа түскені үшін қайта сотталған кез келген педофилге түрмеден шыққаннан кейін химиялық кастрация жасалады.

Францияда бала зорлағаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылады. Жаза 30 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін ұлғайтылуы мүмкін.

Польшада 2018 жылы Әділет министрлігінің сайтында педофилия үшін сотталған адамдардың ашық тізімі жасалды. Онда сотталған адамдардың есімдері, суреттері, туған күндері және мекен-жайлары болады. Бұл тізім құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, мектеп директорларына, балабақшалар мен жазғы лагерьлердің директорларына қолжетімді.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.

13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған. Кейін ол ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылды.

Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр.

Кейін Желіде ауыл тұрғындары күдіктіні полицейлерден босатып алмақ болды деген ақпарат тарады. Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері бұған қатысты пікір білдірді. 

Бас прокуратура мәліметінше, күдікті бұрын істі болған. 

"Күдікті Г. бұрын адам өлтіргені үшін 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды. 2023 жылғы мамырда Г. ішімдік ішіп отырып, ауылдасымен жанжалдасқан соң, оны балтамен ұрғаны белгілі болды. Сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын, бұрын соттылығының жойылғанын ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындалды", - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, күдікті 2 айға қамауға алынды

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова