"Алматыда 425, Астанада 350 теңге". Байділдиновтің жол ақысын өсіру туралы пікірі жұртшылықтың наразылығын туғызды

Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов қоғамдық көлікте жол жүру бағасын өсіруді талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл мәлімдемесін ол Facebook-парақшасында бөлісті. Олжас Байділдиновтің айтуынша, Алматы мен Астанада жол жүру бағасын өсіру керек. 

"Қоғамдық көлікте жол жүру бағасын шынымен, қашан өсіреміз? Демалыс күндері бірнеше танысым Астанаға басқа қалалардан жету қиынға соққанын айтты: InDriver-де (қалааралық) бос көліктер болған жоқ! Жаз - мерекелер мен ұзақ демалыс күндері, жаңа автобус бағыттарын іске қосу уақыты келді, өйткені бұл кез келген жағдайда таксидегі 1-2 орыннан арзан... бірақ ... түсініп отырғаныңыздай, бізде барлық қалада автобустар жетіспейді. Астанада 400 автобус жетіспейді және алдағы жылдары бұл көрсеткіш екі есеге артады. Жақында Алматыда қоғамдық көліктің шығынсыз тарифі жарияланды - бұл 425 теңге. Биылғы өсім тағы да тасымалдаушылардың шығынын жоймайды. 2017 жылдан бері Алматы бюджеті тасымалдаушыларға берілетін субсидияны 2022 жылы 6,9 миллиард теңгеден 50 миллиард теңгеге дейін арттырды! 2023 жылы сома 86 миллиардқа дейін өседі!" - деп жазған ол. 

Олжас Байділдиновтің айтуынша, бұл салада сапа жоқ. 

"Астанада бұл сома азырақ - 12 миллиард теңге. Тиімсіз субсидиялар шоғыры - бұл сала бұлыңғыр әрі жемқорлыққа батқан. Соның салдарынан азаматтар зардап шегеді - сайып келгенде, қызмет көрсету сапасы жоқ! Көп жағдайда автобустар жетіспейді, маршруттар ыңғайсыз, автопарк тұтастай ескіреді. Мен бұл туралы аналитиканы жариялаймын (бірақ сәл кейінірек), бірақ менің тезисім қарапайым: такси бағасымен Яндекске қарсы тергеу арқылы емес, нарықтық қатынастар мен қоғамдық көліктегі бәсекелестік арқылы күресу керек. Астанада шығынсыз тариф (бұрын Мәслихат сессиясында жарияланған) - 350 теңгеден жоғары. Жергілікті билік экономикаға қажет шешімдер қабылдаудан тағы да қорқады", - деп жазған ол. 

Экс-шенеуніктің бұл мәлімдемесі Желіде наразылық тудырды. 

Айта кетейік, Олжас Байділдинов - Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, мұнай-газ саласының сарапшысы. Бұған дейін ол былтыр газ бағасына қатысты наразылық білдірген ақтаулықтарға "қоғамдық көлікпен жүрсін" деген пікір айтқан еді. Бұл пікірінен кейін экс-шенеуніктің басы дауға қалды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!