Не үшін саусақ құрысып қалады?

Не үшін саусақ құрысып қалады?
Фото: pixabay.com

Кез келген адамның саусақтары құрысып қалуы мүмкін және оның мамандыққа, жасқа, физикалық жүктемеге қатысы жоқ. Сіз спортпен әуестенбесеңіз де, ауыр көтермесеңіз де, саусақтарыңыз кенеттен құрысып қалуы мүмкін. Саусақтардың арасында құрысуы қауіпті емес, алайда егер ол жиі мазалай бастаса, оның себебін анықтау қажет.

Бұлшықеттердің еріксіз жиырылуын және тартылуын құрысу деп атайды.  Құрысудың қарқындылығы әртүрлі: ол бірнеше минуттан соң кететін жеңіл спазм мен ұюдан бастап, ұзақ уақытқа дейін сақталатын ауырсынуға дейін болуы мүмкін.

Саусақтардың құрысуы - ауру емес, бірақ олардың жиі пайда болуы - қандай да бір аурудың белгісі болуы мүмкін.

Саусақ құрысқан кезде қолыңыз ұйып қалғандай сезім болуы мүмкін және саусақтарыңыз жұдырық болып жиналып қалуы немесе керісінше ашылып, жабылмай қалуы мүмкін. Кей адамдардың бұл кезде саусақтары дірілдейді немесе тесіп ауырады. Сондай-ақ ол кезде саусақ ырғақты қозғалуы мүмкін.

Саусақтар құрысуының себептері:

1. Аяқ-қол зақымы және сынуы.

2. Бұлшықеттерге артық күш түсу, бұлшықеттердің шаршауы. Әсіресе, ол қолмен біртекті жұмыс істейтін адамдарда жиі кездеседі. Мысалы, ұзақ уақыт пернетақтада мәтін теретін немесе құралдармен жұмыс істейтін адамдар. Оларда бастапқыда саусақтардың ұйып қалуы, содан соң оның ауыруы пайда болады.

3. Микроэлементтер мен дәрумендердің жетіспеуі. Ағзаға кальций, магний, калий, натрий, хлор, В тобының дәрумендері жетіспесе, саусақтар құрысуы мүмкін. Әдетте, дәрумен жетіспеушілігімен жүкті әйелдер қиналады, сондықтан олардың саусақтары және аяқтары құрысып қалады.

4. Қандай да бір ауру. Ол ұсақ қан тамырлардағы қанайналым бұзылысымен байланысты медициналық жағдайға қатысты пайда болуы мүмкін: Рейно ауруы, түнелдік синдром, білек каналы синдромы, шынтақ буыны синдромы, остеохондроз, омыртқааралық жарық, остеопороз және т.б.

5. Ағзада никотин мен кофеиннің көп болуы. Олардың көп мөлшері қан тамырлардың тарылуына, яғни қанның саусақтардан білекке келуінің бұзылуына әкеледі.

6. Суық тию. Суықта ұзақ уақыт отырып қалу немесе суық суға түсу бұлшықеттерге жағымсыз әсер етеді де, аяқ-қолдар құрысып қалады.

7. Дененің ыңғайсыз күйі. Егер, мысалы, түнде ыңғайсыз күйде жатсаңыз, жүйкелер қысылып, бұлшықеттер ұйып қалуы мүмкін. Ол тым қатты немесе жұмсақ матраста жатқаннан немесе жастықты тым биік қойғаннан болуы мүмкін. Сондай-ақ әйел саусақтары мен білегінен әшекейлерін шешпей ұйықтаса, қанайналым бұзылуы мүмкін.

8. Жоғары температура, жұқпалы аурулар. Кейде дене температурасы 39С жоғары болса, аяқ-қолдар құрысуы мүмкін. Сондай-ақ, жұқпа ағза бойына тараса, ол ми жасушаларының зақымдалуының немесе сусыздануының себебіне айналып, аяқ-қолдың құрысуына әкелуі мүмкін.

Саусақтарыңыз құрысып қалса, не істеу керек?

  • Өзіңізді бос ұстаңыз, дүрлікпеңіз. Әдетте, ол өздігінен кетеді, бірақ кей шаралар бұл процесті жылдамдатуға көмектеседі.
  • Бұлшықеттерді созыңыз. Құрысып қалған бұлшықетті созуға тырысыңыз. Мысалы, егер саусағыңыз құрысып қалса, сол саусақты жайлап ашуға немесе жабуға тырысыңыз.
  • Массаж жасаңыз. Құрысып қалған саусаққа массаж жасауға тырысыңыз. Бұл қанайналымды жақсартып, бұлшықеттерді босаңсытуға көмектеседі.
  • Егер түнде саусағыңыз құрысып қалса, дене күйін ауыстырып көріңіз және жеңіл массаж жасаңыз.
  • Жылу қолданыңыз. Кей адамдарға жылы компресс көмектеседі.
  • Артық күш салмауға тырысыңыз. Қолға күш салмауға және қайталанатын қозғалыстарды жасамауға тырысыңыз.
  • Су ішіңіз. Кейде ағзаға сұйықтық немесе электролиттер жетіспесе де саусақтар құрысады. Сондықтан мұндай жағдайда бірден су ішіңіз. 

Ескерту: егер саусағыңыз жиі құрысып қалатын болса, міндетті түрде дәрігерге көріну керек.

Қол неге ұйып қалады? Мына жерден оқыңыз.

А. Жапатова