Қол неге ұйып қалады?
Фото: Adrien King, Unsplash.com

Қол неге ұйып қалады?

Қолдың ұюы жағымсыз сезім. Қол ұюының себебі еш зиянсыз болуы мүмкін, ал кей жағдайда қауіпті аурулардың белгісі болады. Қол неге ұйып қалады және оған қалай көмектесуге болады?

Аяқ-қолдардың сезімталдығы төмендеген кезде дененің кей бөліктерінде адам шаншу немесе дызылдау сезеді. Осыны дене бөілігінің ұйып қалуы деп атайды. Оның физиологиялық жағдайы оңай түсіндіріледі: жүйке талшықтары арқылы импульстердің өтуі бұзылған немесе қолдар сезімталдығына жауап беретін жүйкелерді қанмен қамтамасыз етуі нашарлаған.  

Қолдың ұйып қалуының себептері

- Ыңғайсыз ұйықтау. Егер ұйықтап жатқанда қолыңыз ұйып қалса, өте қатты немесе жұмсақ матрас таңдаған болуыңыз мүмкін, жастығыңыз өте төмен немесе жоғары орналасқан, саусақтарыңыз бен білегіңіздегі әшекейлер кедергі келтіріп тұр немесе ұйықтауға арналған киіміңіз тар. Ыңғайсыз күйде ұйықтап қалу немесе бір күйде ұзық жату — қол ұюының бір себебі. Ұйып қалған қолмен оянсаңыз, одан арылу үшін жеңіл жаттығу немесе массаж жасау жеткілікті.

- Бұлшықеттердің артық тырысуы. Ауыр көтергенде, ұзақ уақыт бірсарынды жұмыс істегенде (пернетақтада теру, қолөнер) қол ұйып қалуы мүмкін.

- Температуралар айырмашылығы.

- Жүктілік.

Созылмалы қол ұюының себептері

Жоғарыда айтылған уақытша қол ұюының себептері адамдарда жиі кездеседі, ал кей аурулармен қиналатын адамдар оның созылмалы түріне шалдыққан.

- Жүйкелердің қысылып қалуы және олардың зақымдалуы. Аяқ-қолдар сынғанда және білек каналы синдромының (саусақтар бұлшықеттернің әлсіздеуі) дамығанда жүйке зақымдалады. Ұлғайып кеткен кезде адамға ілгектерді тағу немесе бауды байлау қиынға соғады.

- Ревматоидты артрит. Бұл буындарды зақымдайтын аутоиммунды ауру. Аяқ-қолдардың ұюы, ауыру, қимылдамай қалушылық  — ревматоидты артриттің алғашқы белгілері.

- Ортаңғы жүйке жүйесінің неврологиялық ауруы. Бұл жерде шашыраңқы склероз жөнінде айтылған. Ол мидан денеге белгі беру қиындай түсетін неврологиялық патология.

- Гормонды өзгеріс. Әсіресе, етеккірі тоқтаған әйелдер қолдың ұйып қалуымен қиналады. Бұл кезде қол ұюының себебі гормонды өзгерістің салдарынан қан айналымның бұзылуына байланысты.

- Дәрумен жетіспеушілігі. Дәрумен жетіспеуішілігі жүйке жүйесіне жағымсыз әсер етеді. Әсіресе, В12 (фолий қышқылы) дәруменінің жетіспеуі қауіпті.

- ІІ типті қант диабеті, Гийена-Барре синдромы. Бұл аурулар кезінде қолдың ұюы шеткі жүйкелердің зақымдалу себебінен болады.

- Дәрілердің қосымша әсері. Сізге қандай да бір дәрінің мөлшері келмеуі мүмкін немесе ол ағзаның қандай да бір компонентке реакциясы болуы мүмкін.

Қол ұйығанда не істеу керек?

Қол бөлігі кенеттен ұйып қалса және ол күшейе берсе, босаңсумен кезектессе, тек қол емес, басқа да дене бөліктері ұйыса, денеде бөртпе пайда болса, бірден жедел жәрдем шақырыңыз. Егер қол уақытша ұйып қалса, жаттығу жасап жіберу жеткілікті. Созылмалы ұю кезінде оның пайда болу себебін анықтап, негізгі ауруды емдеу керек. Сондай-ақ рационды түзеу маңызды: оған фолий қышқылына бай өнімдерді көбірек қосыңыз.

Қол ұюының алдын алу үшін:

- ауыр заттар көтермеу;
- қолға арналған қарапайым жаттығулар жасап тұру және олардың қалпын өзгертіп тұру;
- жұмыс жасау кезінде арасында бірнеше минут қолды демалту;
- йога, пилатес немесе стретчингпен айналысу арқылы дене мүсінін жақсарту;
- өзіңізде бар созылмалы ауруларды уақытында емдеу.

А. Жапатова