Мемлекеттік қызметші ел-жұртқа үлгі болуы тиіс

Мемлекеттік қызметші ел-жұртқа үлгі болуы тиіс

Жақында Орал қаласында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында облыс әкімі аппаратының жетекшілеріне арналған "Жеке және командалық тиімділік" тақырыбы бойынша семинар-тренинг өтті.

Семинарға қала әкімі мен аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары қатысты. Басшы лауазымындағы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігі мен тәжірибелік дағдысын жетілдіру, халықпен тиімді кері байланыс орнату, мемлекеттік құрылым жұмысының тиімділігін арттыру, заманауи кәсіби көшбасшылар легін қалыптастыруды мақсат еткен семинар диалог түрінде ұйымдастырылды.
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының басшысы Әсет Абжаков семинарға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Семинарды ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сарапшы-тренері, филология ғылымдарының кандидаты, HR-сарапшы, ISO 21500 Ұлттық стандарт бойынша сертификатталған "Жобаның басшысы" дәрежесі бар сарапшысы Алтын Бақытжанова жүргізді.

Іс-шара барысында қоғамның қазіргі даму үдерісі аясында мемлекеттік басқару, басқарушының көшбасшылығы мен тиімділігі, басқару стильдері мен коммуникация, диагностикалық тәжірибе, жеке және командалық тиімділік, Рro-активті басшы, Замануи HR – менеджмент, корпоративтік мәдениетті қалыптастыру мүмкіндіктері, басымдықтарды басқару, тайм-менеджмент, стресс-менеджмент, БАҚ-пен тиімді өзара іс-әрекет, PR және басшының жеке брендін қалыптастыру тақырыбында тың мәліметтер беріліп, қатысушылар осы бағыттағы өз ойын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сарапшы-тренері, Алтын Бақытжанова мемлекеттік қызметшінің жеке тұлғасы халыққа үлгі болуы қажеттігін айтты.

"Мемлекеттік қызметшіге жүктелер міндет көп. Оның жеке тұлғасы ел-жұртқа үлгі болуы тиіс. Олардың әр сөзі, қимыл-қозғалысы, жүрген-тұрғаны – барлығы көпшіліктің назарында. Сондықтан біз мемқызметшілерге жұртшылық алдында қалай сөйлеу керектігін де үйретеміз. Қазіргі басшыларда бұрынғыдай "Мені басшы етіп тағайындады, мен мықтымын" деген түсінік жоқ. Олардың басым бөлігінің "Халықпен қалай тиімді жұмыс істей аламын" деп жан-жағына қарап ойланатындығы байқалады. Мәселен, аудан, қала әкімі болуды ешкім үйретпейді. Ауылдық округ әкімдерінен басқасы тағайындалады ғой. Бізде кейде 15 жыл бас маман болып қызмет атқарған адамды басшы қылып тағайындайды. Иә, ол мықты бас маман шығар. Бірақ ол адамдарды басқаруға келгенде қиналып қалады. Өйткені ол бірнеше жыл тек тапсырма орындап келді. Біз осы тұрғыда, мемлекеттік қызметтегі жетекші мамандардың, басшылардың жеке, іскерлік, кәсіби құзыреттіліктерін арттыру, адамдарды тиімді басқара білу, дау-жанжалды уақытында шеше білу, тез шешім қабылдай білу дағдыларын дамыту бағытында жұмыстанамыз", – дейді журналистермен ой бөліскен Алтын Бақытжанова.

Дамыған елдерде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дағдыларын мерзімді жетілдіру – негізгі ұстанымның бірі. ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының филиалы мемлекеттік қызметшілерге үздіксіз білім беру және өзін-өзі жетілдіру қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина