Құрбан айт - 2023: Арапа күні не істеу керек?

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының діни мерекелер кестесіне сәйкес, 27 маусым - Арапа күні. Ал 28-30 маусым аралығы - қасиетті Құрбан айт мерекесі. Арапа күні жайлы не білу керек? Massaget.kz тілшісі шолу жасады. 

Арапа сөзі арабтың "ъарафа", яғни, "білу, анықтау, түсіну" мағынасына сай келеді. Ертеде арапа күні құрбан айт мерекесіне ерекше дайындық жасалып, марқұмдарға дұға бағышталып, бір-біріне қонаққа барып, ұлық мейрамның келгеніне қуанған.

"Бұл күні бес парыздың бірі, қажылық парызын өтеу үшін дүниенің түкпір-түкпірінен қасиетті Мекке шаһарына жиналған қажылар Арафат тауында тұрып, Аллаға мінәжат етеді. Ал қажылыққа бара алмаған адам, бұл күнді құрмет тұтып, құлағына, көзіне және тіліне ие болып, тәшриқ тәкбірін айтып, ораза ұстап, дұға және тәубе жасап, кешірім тілеумен өткізеді", - делінген ҚМДБ материалында. 

Арапа күніне арналған 6 кеңес

Біріншісі - арапа күнін құрметтеу керек. Бұл күні жасалған игі істер үшін сауаптар бірнеше есе артады. Бұл күні жасалған күнәлардың да  жазасы бірнеше есе артады. 

Екіншісі - Тәшриқ тәкбірі. Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінті намазына дейінгі 23 намазда еркек-әйел барлық адам парыз намаздардан кейін сәлем бере сала "Аллаһуммә әнтәссәлам..." дұғасын оқымай тұрып, уәжіп болған тәшриқ тәкбір дұғасын (жеке оқыса да, жамағатпен оқыса да) дауыстап оқулары керек. 

Ораза ұстау. Арапа күні ораза ұстау қажет (сүннет) амал. Өйткені, ораза - нәпсі тәрбиесінің негізі. Хадистерде Арапа күні ораза тұтудың сауабы мол және күнәларымыз кешірілетінін жеткізген.

Дұға жасау. Мұндай күнді бос өткізбей, дұғамен күніңізді берекелі еткеніңіз жөн болады. Дұға арқылы еліміз бен жеріміздің, жанұямыз бен ағайынның амандығын тілеу қажет. 

Тәубе ету. Күнә істемейтін, қателікке бой алдырмайтын пенде болмайды. Алла пендесіне тәубе ету мүмкіндігін берді. Сол үшін Арапа күні мейірім есігі ашылған кезде, Аллаға тәубе жасап, күнә-қателіктердің кешірілуін сұраған жөн.  

Кешірімді болу. Кешірім - иманның шынайы көрінісі. 

Еске салайық, бұған дейін құрбандыққа шалынатын малға қатысты не білу керегін жазған болатынбыз. Материалда "Жолаушыға құрбан шалу міндетті ме? Буаз малды союға бола ма? Құрбандық шалғанда қалай ниет ету керек? Құрбандық орнына садақа беруге бола ма?" деген секілді сұрақтардың жауабын таба аласыз. 

Құрбан айт 2023: құрбандықты ақшалай берсе, қабыл бола ма?

Сонымен қатар, Алматыда құрбан шалуға арналған 14 орын белгіленді. Астанада да қасиетті Құрбан айт мерекесі күндері құрбандық шалынатын орындар анықталды. 

Құрбан айтта мұқтаж жандар құрбандыққа шалынған мал етін алу үшін онлайн түрде өтініш бере алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың айтуынша, құрбан шалу рәсімдерін өткізу үшін QURBAN-2023 жобасы әзірленген. Бұл онлайн және офлайн форматта іске асырылып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!