Мұқтаж отбасылар құрбандыққа шалынған мал етін алуға өтініш бере алады - діни басқарма

Мұқтаж отбасылар құрбандыққа шалынған мал етін алуға өтініш бере алады - діни басқарма
Фото: TENGRINEWS/Тұрар Қазанғапов ©

Құрбан айтта мұқтаж жандар құрбандыққа шалынған мал етін алу үшін онлайн түрде өтініш бере алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың айтуынша, құрбан шалу рәсімдерін өткізу үшін QURBAN-2023 жобасы әзірленген. Бұл онлайн және офлайн форматта іске асырылып жатыр.

"Республика бойынша өкілдіктерде құрбан шалу рәсімдері онлайн және офлайн форматта да өткізіліп жатыр. Ал медреселер мен қайырымдылық мекемелер құрбан шалу бойынша тапсырыстарды және құрбандық еттерін тек офлайн форматта қабылдап жатыр", - деді Батыржан Мансұров.

Ол онлайн форматта құрбан шалу және оны мұқтаждарға тарату рәсімдерін де түсіндірді.

"16 маусымнан бері www.qurban2023.kz сайты жұмыс істеп келеді. Онда құрбан шалу үшін тапсырыс беруші өтінішін қалдыра алады. Ол үшін сайтқа кіріп, көрсетілген нұсқаулықтарды орындау қажет. Құрбандық шалынғаны туралы есеп видео ретінде тапсырыс берушінің WhatsApp нөміріне жолданатын болады. Сондай-ақ, сайтқа мұқтаж жандар да тіркеліп, шалынған құрбандық етін алу үшін онлайн түрде өтініш толтыра алады. Нәтижесінде шалынған құрбандық еттерін еріктілер өтініш қалдырған мұқтаж жанның сайтта көрсеткен мекенжайына жеткізіп береді", - деді діни басқарма өкілі.

Құрбан айтта шалынған малдың қанын баланың маңдайына жағу қандай ырым?

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда құрбандық шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған сайт ашылғаны хабарланған болатын.

"Барша қазақстандықтарды "Құрбан-2023" қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе, ірі қалаларда тұратын тұрғындарға қолжетімді болу үшін биыл салтанатты рәсім оффлайн және онлайн форматта өтеді", - делінген ҚМДБ хабарламасында.

Сайт арқылы құрбандыққа шалынатын малды таңдап, қажет қаражатты аударуға болады. Қой мен ешкіге бір адам тапсырыс берсе, ірі қара мен түйеге бір-жеті адам бірге тапсырыс береді. Төлеу кезінде тапсырыс нөмірін және жіберушінің атын көрсету керек. 

Сондай-ақ, Айт намазының кестесі жарияланды. Ал эпидемиологтар Құрбан айт қарсаңында қазақстандықтарға ескерту жасады. 

Құрбан айт - 2023: құрбандыққа шалынатын малға қатысты не білу керек?

Қазақстандықтар Құрбан айт пен Астана күніне орай қалай демалатыны белгілі болды. Құрбан айт Ораза аяқталғаннан кейінгі 70-күні үш күн бойы тойланады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні ғана демалыс күні саналады.

Мерекенің бірінші күні сәрсенбі, яғни 28 маусымға сай келеді. Тиісінше, бұл күн демалыс күні болады (бес күндік және алты күндік жұмыс апталары үшін). Бұл ретте демалыс күні ауыстырылуына байланысты сенбі (1 шілде) жұмыс күні болады.

Үкімет Астана күнін мерекелеу үшін демалыс күнін ауыстырды. 2023 жылы жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында демалыс күні сенбі, 1 шілдеден жұма, 7 шілдеге ауыстырылды. Нәтижесінде қазақстандықтар елорда күніне төрт күн демалады: 6, 7, 8, 9 шілде.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz