Ресейде "Вагнер" әскери көтерілісі кезінде жоқ болып кеткен Сергей Шойгу туралы ақпараттар шыға бастады

Ресейде "Вагнер" әскери көтерілісі кезінде жоқ болып кеткен Сергей Шойгу туралы ақпараттар шыға бастады
Фото: © РИА Новости

Ресей Федерациясының қорғаныс министрі Сергей Шойгу әскери көтерілістен кейін алғаш рет көпшілік алдына шықты. Ресейлік БАҚ Шойгудың "Батыс" әскерінің алдыңғы қатарлы басқару пунктін тексергені туралы ақпарат жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кейбір Telegram-арналар мәліметінше, бұл - "Вагнер" әскери көтерілісінен соң отставкаға кетуі мүмкін екені туралы қауесеттер тарағаннан кейінгі қорғаныс министрі туралы алғашқы жаңалық.

Ресейлік журналистер елдің Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап, Сергей Шойгу түскен кадрларды жариялады.

Айта кетейік, әскери көтерілісті ұйымдастырушы Евгений Пригожин Сергей Шойгуды бірнеше рет айыптап, көпшілік алдында қорлаған еді. 24 маусымда таңертең Ростов-на-Дону қаласындағы ғимараттарды басып алған "Вагнер" басшысы оның жауынгерлері "Бас штаб бастығы мен Шойгуды алғысы келетінін" айтқан еді.

Сонымен қатар, Ресей Федерациясының қорғаныс министрі әскери көтеріліс туралы көпшілік алдында пікір білдірген жоқ.

24 маусымға қараған түні "Вагнер" басшысы Евгений Пригожин "әділет шеруін" бастап, әскери колоннаны Мәскеуге жіберді. Владимир Путин жалдамалылардың әрекеттерін "арттан жасалған соқққы" деп атады, сонымен қатар, қарулы көтеріліс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

24 маусымда түн ортасына қарай Пригожин "Вагнер" жауынгерлері Мәскеуге жетуіне 200 шақырым қалғанын және "қан төгілуі мүмкін сәт келгенін" хабарлады. Бұдан бірнеше минут бұрын Беларусь президентінің баспасөз қызметі Александр Лукашенко "Вагнер" басшысымен "күні бойы жалғасқан" сәтті келіссөз жүргізгені туралы мәлімдеді.

Кейінірек Кремль Евгений Пригожинге қатысты қылмыстық іс тоқтатылғанын, ол Беларуське кететінін мәлімдеді. Ал билік көтеріліске қатысқан "Вагнер" құрамындағыларды қудаламайтыны айтылды.

Еске салайық, бұған дейін Ресейде ішкі қақтығыс басталғаны хабарланған еді. 

БАҚ Ресейде әскери төңкеріс басталғанын хабарлады: елде не болып жатыр?

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, Путин Ресейдегі жағдайға байланысты пікір білдірді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова