Алматыда ер адам қызды есінен танғанша соққыға жыққан: зардап шеккен тұрғынның жағдайы айтылды

Алматыда ер адам қызды есінен танғанша соққыға жыққан: зардап шеккен тұрғынның жағдайы айтылды
Фото: видео кадры

Алматыда бейтаныс адамның соққысынан кейін қозғала алмай қалған қыздың жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "ҚазАқпаратқа" сілтеме жасап. 

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ер адам ұрғаннан кейін қозғала алмай қалған қыздың жағдайын айтты. 

Ведомство мәліметінше, науқас қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер толық тексергеннен кейін ол ауруханаға жатқызылды. Есін біледі.

"Оған жабық бас сүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы диагнозы қойылды. Жағдайы орташа ауыр. Науқас нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды. Ол бүкіл қажетті медициналық көмекті толық көлемде алып жатыр", - деп түсіндірді ведомство өкілдері. 

Еске салайық, бүгін Алматыда ер адам көшеде қызды соққыға жыққаны хабарланған болатын. Есінен танып қалған қыз медициналық көмекке мұқтаж болған. 

Instagram желісінде пайда болған видеоға сүйенсек, бұл "Тастақ" базары маңында орналасқан "Асыл" сауда үйіне қарама-қарсы жерде болған.

"Бүгін Төле би көшесінде ер адам бір қызды ұрып жіберді. Ол 25 жаста", - делінген видеода.

Алматы қалалық Полиция департаменті мәліметінше, күдікті - 1985 жылы туған С. есімді ер адам. Ол қазір ұсталып, тергеу үшін Алмалы аудандық полиция бөліміне жеткізілген.

"Оның әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі", - деді полицейлер.

Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, қыздың жарақатының ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина