Әкімдік Алматыдағы екі жаңа метро бекеті қалай аталуы мүмкін екенін айтты

Әкімдік Алматыдағы екі жаңа метро бекет қалай аталуы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматыда ашылатын екі жаңа метро бекет "Шұғыла" және "Төле би" деп аталуы мүмкін. Мұны қалалық мәслихаттың VI сессиясында тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет мәлімдеді. Айтуынша, метро бекетінің құрылысының жобасына техникалық-экономикалық әзірлеу үшін жаңа бекеттерге атау беру қажеттілігі туындап отыр.

"Наурызбай ауданындағы Шұғыла шағынауданында Алатау даңғылының бойындағы №1 бекет ономастикалық тәжірибеге сүйене отырып, жолаушылардың бағдар алуына ыңғайлы болу үшін "Шұғыла" деп атау ұсынылып отыр. Ал Алатау даңғылымен ұзартылатын Төле би көшесінің қиылысында болатын №2 бекетке "Төле би" атауын беру ұсынылып отыр", - деді ол.

Қалымбеттің уәжінше, бұл ұсынысты Алматы қаласы ономастика комиссиясы құптаған. Қала басшылығы тарапынан да қолдау тапқан. Енді бұл ұсыныс Алматы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімімен ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясына жолданады. Ол комиссия келісім берсе, Алматы әкімдігінің қаулысымен шешім қабылданады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!