"Әруақтар айналып жүреді, адамның қаны жұққан". Алтын Орда дәуіріндегі туды сақтаушы әйелмен сұхбат

"Әруақтар айналып жүреді, адамның қаны жұққан". Алтын Орда дәуіріндегі туды сақтаушы әйелмен сұхбат

Орал тұрғыны Анаргүл Әмірова аталарынан аманаттап Алтын Орда туын осы кезге дейін сақтап келген. Бұл туды мемлекет қорғауына алсын деп бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Арыстанбек Мұхамедиұлы, Дәурен Абаев министр кезінде қабылдауларында болған. Ол ту Алтын Орда дәуіріне тиесілі екеніне ешкімді сендіре алмаған. Отандық ғалым Өмір Тұяқбай бұл туды зерттеп, шынында да Алтын Ордаға тиесілі екенін анықтаған. Осы орайда Massaget.kz порталының тілшісі ту иесімен де, ғалыммен де тілдесті.

Арыстанбек Мұхамедиұлы "мына шүберекті неге әкелдің?!" деді

2016 жылы туды алып Астанаға бардым. 2 апта бойы Арыстанбек Мұхамедиұлының артынан жүгірдім. Менде Алтын Орда дәуіренен келе жатқан ту бар екенін айттым. Қабылдауын өтініп сұрадым. Ол кісі қарады да: "Мына шүберекті неге әкелдің?! Мен мынаның Алтын Орда дәуіріне жататынын қалай білемін. Бұдан бөлек те жұмысым көп!" деп шығарып салды. Оралға қайтып кеттім. Келе жатып Атырауда Зейнолла Самаш барын естідім. Сарайшықта жүр екен. Сол кісі бірдеңе айтар деп Зейнолла ағайды тауып алдым. Ол кісі де ештеңе айта алмады. "Мен Алтын Орданың маманы емеспін ғой. Менің зерттеуім басқа бағытта" деді. Қызылордада Батырбек деген реставратор жігіт бар екенін білдім. 2 аптадан кейін сол жігітке бардым. Кездесуде ол: "Мен мұндай жібек матамен жұмыс істей алмаймын. Алдымен оған қаражат бөлінуі керек. Ақша жоқ" деді.

Алтын Орда дәуіріндегі ту

Ешкім көмектеспеді

Кейін Астанаға қайтадан бардым. Барған себебім, белгілі ғалым Карл Байпақовпен кездесу еді. Ол Алматыға ұшып кетіпті. Ізінен мен де Алматыға келдім. Ол кісі туды қарап: "Күмәнсіз Алтын Орданың, тек хандықтың емес бүкіл Түркілердің туы бұл. Жошы ханның, хан ордасының тамғасы тұр. Ал қай дәуірге жататынын радиокөміртекті талдау анықтайды" деді. Содан кейін Алматыдағы Археология институтына бардым. Олар көмектесе алмады. Бірнеше музейдің есігін қақтым. Олар да дәрменсіз болып шықты. Қысқаша айтқанда, ешкім көмектескен жоқ.

Бұл жалауды әруақтар қоршап тұр

Бейбітшілік пен келісім мұражайына бардым. Оларға Алтын Орданың туын көрсетіп: "Сіздерге осыны аманат етіп тапсырайын. Қалпына келтіріп, халыққа таныстырайық. Бұл еліміздің мақтанышы емес пе?" деп айттым. Сол жердегі екі апай туды қарап: "Бұл жалауды әруақтар қоршап тұр, бұл туда қан бар" деді. Шынында да туға қан жұғып қалғаны рас. Себебі тумен бір адамның саусағы табылған болатын. Оны қаншалықты сақтаймын. Құран оқып, көмдірген болатынбыз. Музей қызметкерлері үкіметте мұндай дүниеге ақша жоқ екені, туға реставратор керек екенін айтты. Мен оларға тастап кеттім. Бір жарым жылдай сол жақта жатты. Кейін хабарлассам әлі ештеңе істемепті. Барып алып кеттім.

Ресей ғалымдары талдауының қорытындысы. Радиокөміртекті сараптамада тудың 1223 жылдарға тиесілі екені 78,5 пайыз дәлдікпен расталған.

Ресейліктер тегін сараптама жасап берді

Былтыр Орал қаласының әкімінің қабылдауына жазылдым. Ол кісі: "Мен де айта аламын кез келген нәрсені Алтын Ордаға жатады деп, бірақ сізде дәлел жоқ қой" деді. Оны дәлелдеуге ешкім ақша бөлмеді, меценаттар табылмады. Содан Ресей археология инстутына хат жаздым. Ресей ғалымдарынан 10 жылдан бері осы тудың Алтын Орда дәуіріне жататынын дәлелдей алмай келе жатқанымды, бармаған жерім, қақпаған есігім қалмағанын айтып, көмектесуін сұрадым. Олар "Қазақстандағы жағдайды түсінеміз. Сіз сонша жыл жүріп, тауыңыз шағылмапты. Ризамыз. Сол үшін тегін сараптамадан өткізіп береміз" деп айтты. Сосын Новосибрсктегі Ядролық институттан "тудың бір бөлігін жіберіңіз" деп хабарласты. Екі айдан кейін хат жіберді. Хатта: "Сараптама кезінде қатты таңғалғанын, матаның шамамен мың жыл тарихы бар екенін" жазып жіберген.

Орыстар туды өздеріне алғысы келіп отыр, Себебі олар да өздерін Алтын Орданың заңды мұрагеріміз деп есептейді. Олармен Астанада бір рет кездестім.

Дәурен Абаев та ештеңе айта алмады

Туды ары-бері алып жүре алмаймын. Қазір рамкаға салып сақтап қойдық. Себебі құрып бара жатыр. Бұл тудың мың жылдық тарихы бар. Ата-бабаларым оны сақтап келді. Үкіметтегі бүкіл бастықтардың алдына кірдім. Әлі жазып жатырмын. Ештеңе айта алмайды. 2022 жылы 7 желтоқсанда Дәурен Абаевпен кездестім. Екі вице-министрмен бірге қабылдады. Ол да ештеңе айта алмайды.

Нағыз рухани жаңғыру деген осы емес пе? Біздің қандай ұлы мемлекеттің заңды мұрагері екенімізді дәлелдейтін ту емес пе? Жастардың рухын көтеретін мұра емес пе? Олардың отанға деген сезімін арттырады емес пе? 

Түркия, Моңғолия, Ресей сұрап жатыр, тек Қазақстанға керек емес

Атам өмірден озар алдында Алтын Орда туын мұхият сақтауды, оны басқа мемлекеттің қолына бермеуді айтып, аманаттап айтып кеткен. КСРО кезінде Мәскеуге туды алып кетейін деп жатқан жерінен атам жасырып, алып қалған. Бұл ата-бабамыздың аманаты. Ең күлкілісі тәуелсіздік алдық, оған 30 жылдан асты. Енді оны сақтауға мемлекеттің өзі немқұрайлылық танытып отыр. Бұл іске ата-бабамыздың әруақтары риза болмайды. Мен енді меценаттар іздеп жатырмын. Түрік кәсіпкерлері сұрады. Монғолдар сұрады. "Бұл біздің туымыз" дейді. Мен оларға бұл олардың емес, біздің туымыз екенін айттым. Ресей де сұрады. Ешқайсысына бермедім. Тек Қазақстан керек етпей тұр.

Батыс Қазақстан әкімдігінен көңілім қалды. Енді Алматы қаласының әкімдігінен үміт күтіп отырмын. Тудың өзі де Алматыда жатыр.

Өмір Тұяқбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жазба ескерткіштер және рухани мұра ғылыми орталығының маманы. Шығыстанушы, тарихшы

Анаргүл Әмірованың туындағы тамғалар Алтын Орда дәуірене тиесілі

Ту қызыл түсті жібек матадан дайындалған. Екі бетінде де Алтын Ордаға тән мемлекеттік тамғалар бар. Бір жағында екі басты самұрық құс, екінші жағында "босағалы тамға" дейді, ол Бату әулетінің тамғасы деп есептелген белгі басылған. Бұл тамғалардың Алтын Орданың көне карталарында көрсетілген.

Анджелина Далерто картасы © vlast.kz

Мысалы, Анджелина Далерто 1339 жылы портулан сызған. Сол картадағы тамғалар Анаргүл Әмірованың қолындағы тудағы тамғаға қатты ұқсайды.

Өзбек хан картасы © vlast.kz

Екіншіден, тағы бір карта бар. Бұл Өзбек ханның тұсындағы карта. Сол картада да осы тудағы тамғаны көре аласыз.

Одан кейінгі карта 1375 жылғы  Авраам Крескес деген картографтың картасында Алтын Орданың тамғалары бейнеленген. Бұл карталарды Жошы институның директоры ғалым Жақсылық Сәбитов зерттеген. Мен сол ғалымның зерттеуі бойынша айтып отырмын. Бір қызығы 1375 жылғы атласта І Хуан испан королінің тапсырмасымен сызылған карта. Ол картада Алтын орданың екі қаласы көрсетіледі. Қаланың кіре берісінде екі ту салынған. Сол туда да осы тамғалар бар.

Анаргүл Әмірова туындағы екі басты самұрық құс

Енді екі басты самұрықтар Жәнібек ханның тұсында соғылған теңгелердің барлығында бар. Яғни жаңа айтып өткендей тудың бір жағында екі басты самұрық құс бар. Ол анық көрінеді.

Екінші жағында алтын түсті, бірақ әбден бүлінген тамға бейнеленген. Тамға анық қарамаса көрінбейді. Орта ғасырлардағы деректер бойынша оның көлемі 1-1,5 метр. Ту жорықта, құрылтайда көтерілетін болған.

Зерттей келе бұл нақты Алтын Орда кезеңіне тән ту деген қорытынды шығардық. Өйткені матаның шын мәнінде көне екені көрініп тұр.

Радиокөміртекті талдау жасайтын құрылғылар өкінішке қарай бізде жоқ

Көне жәдігерлерді зерттейтін орталық әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бар. Тарихи дүниелерді зерттейміз. Мұны зерттейтін жеке ғалымдар да бар. Мысалы, осы уақытқа дейін Алтын Орда дәуіріндегі Жошы хан мазарынан табылған киімдерді зерттедік. Бірақ бізде реставрация жасау кенжелеп қалған. Радиокөміртекті талдау жасайтын құрылғылар өкінішке қарай бізде жоқ. Енді жолға қойылып жатыр. Археология институтында бар. Бірақ көнеріп қалды. Тек онымен сүйек, қыштардың жасын анықтауға болады.

Тарихта Алтын Орда дәуіріне тиесілі ту табылмаған

Тудың көне жәдігер екені анық. Жыртылғаны, көнергені барлығы табиғи. Жібек матадан жасалғасын бізге жетіп тұр. Жалпы тарихта Алтын Орда Дәуіріне жататын ту жоқ. Қазақстан төңірегінде табылған ту осы ғана. Бірақ ғалымдардың назарына әлі ілікпей жатыр.

Бұл ту біздің Алтын Орданың заңды мұрагері екенімізді дәлелдейді

Жалпы Қазақстан жерінде табылған Алтын Орда жәдігерлерін КСРО кезеңінде Алтайға теліп жіберген, не басқа мәдениетке, я болмаса Астархан деп көрсете берген. Мысалы, татарлар Алтын Орданың тікелей мирасқорымыз деп өздерін есептейді. Себебі КСРО кезінде бізді Алтын Ордаға жақындатқысы келмеді. Алып империяның заңды мұрагерлері біз. Себебі Қазақстан жерінің 70 пайызы Алтын Ордаға, 30 пайызы Шағатай ұлысына қараған. Бұл туды мемлекет сатып алуы керек деп ойлаймын.

Т. Раушанұлы