"Лайланған су ішіп отырмыз". Алматылық тұрғындар ауызсу сапасына шағымданды

"Лайланған су ішіп отырмыз". Алматылық тұрғындар ауызсу сапасына шағымданды
Фото: Автордан

Наурызбай ауданы, Қарағайлы шағынауданының тұрғындары екі күннен бері лайланған, лас ауызсу тұтынуға мәжбүр. Айтуларынша, мұндай жағдай айына екі-үш мәрте қайталанатын көрінеді. Massaget.kz тілшісі шағынауданға барып тұрғындармен тілдесіп қайтты.

Кенжеғұл Аукашевтың осы ауданда тұрып жатқанына үш жылдан асыпты. Сөзінше, көшіп келгелі бері ауызсудың мәселесі шешілмей келеді. Әсіресе жаз айларында айына екі-үш мәрте құбырдан аққан су топырақ татып, лайланып кетеді екен.

"Жаз басталса осы. Қазір таза су ағып тұр. Бүгін ғана тазарды. Кеше, алдыңғы күні құбырдан аққан суды ішпек түгіл, бет-аузыңды шаюдың өзі мүмкін болмайтын. Жас келген сайын бес литрлік бөтелкемен су тасып жүру де оңай емес" дейді ол.

Амалы таусылған ақсақал су тазарған уақытта тіршілік нәрін бөтелкелерге толтырып алып қойып, лайланған мезгілде сол суды тұтынады екен. Бөтелкелердің көптігінен ауызсудың мәселесі де күрделі екендігін аңғаруға болады.

Бұл ауданның тұрғындары ішер суды арнайы таза су қондырғыларынан сатып алып, тасып ішеді екен. Себебі краннан аққан су ешқандай сүзгіден өтпейтін көрінеді. Литрі 10 теңге тұратын ауызсу бүгінде тұрғындардың негізгі тұтыну көзіне айналған.

Біз ағайынның арыз-шағымын ескеріп, Наурызбай ауданы әкімдігіне бардық. Сөздерінше, судың лайлануына күннің ысып кетуі себеп болған. Қарағайлы шағынауданына ауызсу "Қарғалы" өзенінен келеді. Аптап ыстықта таудың басындағы мұздықтар еріп, өзен лайланатын көрінеді.

Ал осы уақытқа дейін бұлақтан аққан суды тазалайтын сүзгі станциясы болмаған. Станцияның құрылысы 2020 жылы басталып бүгінгі күні 85% жұмысы аяқталыпты. Осы жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстары аяқталса, бұл мәселе толығымен шешіледі дейді жауаптылар.

"Жаңа сүзгі станциясының құрылысы аяқталса өзеннен аққан су лайланса да, лайланбаса да тұрғындарға ауызсу беру мүмкіншілігі жоғарылайды. Ал қазіргі таңда Қарағайлы шағынауданына үш водовоз қойылған. Одан бөлек, сыйымдылығы 40 тонна болатын арнайы орын бар. Біз суды күнделікті ауыстырып отырамыз", - дейді Наурызбай ауданы әкімі апаратының коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Фархад Жаңбыров.

Дегенмен бұл әрекеттер тұрғындарды таза ауызсумен қамтуға ықпал ете алмай отырғанын аңғардық. Жалпы, Алматы қаласа бойынша Медеу, Бостандық, Түрксіб аудандарында да бұл мәселе ушығып тұр. Сол себепті біз Алматы әкімдігіне ауызсу мәселесіне қатысты ресми сұраныс хат жолдадық. Жауабын алдағы уақытта жариялаймыз. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов