Министр оқушылардың Қырымдағы лагерьге баруына қатысты ойын айтты

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақстандық оқушылардың Қырымдағы лагерьге баруына қатысты ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, ресейлік БАҚ-тардың мәліметінше, Қырымда өрт пен жарылыс болып жатыр. 

Ведомство басшысының сөзінше, балалар елге аман-есен оралған. Енді болашақта балалар шетелге тек министрліктің рұқсатымен жіберілетін болады. 

"Балалар аман оралды. Ата-аналары күтіп алды. Бұл жерде балалар ата-анасының рұқсатымен жіберілгенін түсіну керек. Енді болашақта Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығынсыз және Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің рұқсатынсыз балалар шетелге жіберілмейтін болады. Мұғалім тиісті жазасын алды", - дейді Ғани Бейсембаев. 

Еске салайық, бұған дейін бұл жайтқа қатысты балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова пікір білдірген болатын. Оның сөзінше, балалардың Қырымға баруы туралы шешімді білім беру ұйымдарына, басқармаларға тіпті комитетке хабарламай, өздігінен жіберген. 

"Комитет күн сайын ол балалармен байланыста. Олар 28 мамырда елге оралады деп жоспарланып отыр. Оларды тағатсыздана күтеміз. Бүгінде олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Көңіл күйлері, эмоционалдық жағдайы жақсы. Себебі балалардың қасында ата-анасы бар. (...) Біз өз баламызды жіберер ме едік? Әрине, жоқ. Себебі ол аймақтағы жағдай ауыр", - деген еді комитет төрағасы Насымжан Оспанова ОКҚ брифингінде. 

7 мамырда қазақстандық 10 оқушы Қырымдағы лагерьге жіберілгені хабарланған болатын. Бұл туралы ақпарат Астанадағы Орыс үйінің Instagram-парақшасында пайда болды. Онда жарыста жеңімпаз атанған 10 оқушы аннексияланған Қырымға 24 күнге жіберілетіні жазылған. 

Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің айтуынша, Уoungreaders.ru сайтында проза оқырмандарына арналған "Жанды классика" халықаралық байқауы орналастырылған. Өткізілген байқаудың қорытындысы бойынша 10 қазақстандық оқушы Қырымдағы "Артек" халықаралық балалар орталығына жолдама алған. Балалардың ата-аналары мектеп басшыларының келісімінсіз, сайтқа өтінім беріп, байқауға қатысуға өз бетінше ниет білдіргенін айтты. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың жауапкершілігі туралы қолхат алынған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!