Қазақстандық 10 оқушы Қырымдағы лагерьге жіберілген. Министрлік пікір білдірді

Қазақстандық 10 оқушы Қырымдағы лагерьге жіберілген. Министрлік пікір білдірді
Фото: © РИА Новости

Желіде 10 қазақстандық оқушының проза жарысына қатысып, Қырымға жолдама алғаны туралы ақпарат тарады. Оқу-ағарту министрлігі өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ақпарат Астанадағы Орыс үйінің Instagram-парақшасында пайда болды. Онда жарыста жеңімпаз атанған 10 оқушы аннексияланған Қырымға 24 күнге жіберілетіні жазылған. 

Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің айтуынша, Уoungreaders.ru сайтында проза оқырмандарына арналған "Жанды классика" халықаралық байқауы орналастырылған. Өткізілген байқаудың қорытындысы бойынша 10 қазақстандық оқушы Қырымдағы "Артек" халықаралық балалар орталығына жолдама алған. Балалардың ата-аналары мектеп басшыларының келісімінсіз, сайтқа өтінім беріп, байқауға қатысуға өз бетінше ниет білдіргенін айтты. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың жауапкершілігі туралы қолхат алынған. 

"Ата-аналардың өтініші бойынша балалар лагерьге аман-есен жетті және қазір олар ересектермен бірге, олардың қамқорлығында. Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде ақпарат жариялау арқылы көп байқау мен жарыс ұйымдастырылып жатыр, осы іс-шараларға қатысу кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің келісімімен ақылы немесе тегін негізде жүзеге асырылады.

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін және құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін шетелге шығуды жергілікті атқарушы органдарға оқу процесі кезінде балалардың топтық сапарларын ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің келісімі бойынша білім басқармаларының бұйрықтары негізінде іске асыру ұсынылды", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек