"Екі жаңа мереке, атышулы тергеу істері, қамауға алу". Өткен аптадағы ең басты жаңалықтар

"Екі жаңа мереке, атышулы тергеу істері, қамауға алу". Өткен аптадағы ең басты жаңалықтар
Фото: Tenrinews.kz

Massaget.kz тілшісі өткен аптада болған маңызды жаңалықтарға шолу жасады.

Әлеуметтік төлемдер көбейеді

Өткен аптада Үкіметтің баспасөз қызметі әлеуметтік төлемдер қашан және қаншаға көбейетінін жария етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 1 шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5 пайызға ұлғайтылады. Еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдермен 92 мыңға жуық адам, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдермен 61 мың отбасы қамтылады деп жоспарланып отыр.

Фото: Тұрар Қазанғапов

Алматыда 30 тамызға дейін кейбір көшелерде көлікпен жүруге тыйым салынды

29 мамырдан 30 тамызға дейін Алмалы ауданында - Бөгенбай батыр көшесінің солтүстігіне қарай Байтұрсынов көшесінен Наурызбай батыр көшесіне дейін аула ішілік аумақ бойынша.

31 мамырынан 1 тамызына дейін Жетісу ауданында - Расков көшесінен Есенов көшесіне және одан әрі Колпаковский көшесімен №143 мектеп-лицей ғимаратына дейін.

1 маусым мен 30 тамыз аралығында Әуезов ауданында - Шаляпин көшесінің солтүстігіне қарай Момышұлы көшесінен Саин көшесіне дейінгі аула ішілік аумақ бойынша.

Фото: Pexels.com

Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу отставкаға кетті

Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу отставкаға кетті. Оның орнына президент міндетін атқарушы Илесанми Адесида тағайындалды. 

40 миллион иемденді деген күдікке ілінген генерал-майорға қатысты тергеу аяқталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, полиция генерал-майоры Берік Билялов 2021 жылы қылмыстық іс тоқтатылады деген сылтаумен алдау арқылы 40 миллион теңгені иемденген. Қазір іс айыптау актісін бекіту үшін прокуратураға жіберілді. 

Берік Билялов

Туған әкесінен зорланғанын айтқан апалы-сіңлілі полицияның қорғауына алынды

28 мамырда 2001 жылғы Ц. мен 2003 жылғы Ц. өтініштері бойынша Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасына ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі бойынша екі қылмыстық іс тіркелген. 

Жүргізілген тергеу әрекеттері мен жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде жәбірленушілердің әкесі саналатын 57 жастағы күдікті Ц. анықталды. 

Фото: Polisia.kz кадры

Қызылордада азық-түлікті ысырап қылған корпорация басшысы қызметінен босатылды

Қызылордада азық-түлікті ысырап қылған корпорация басшысы қызметінен босатылды, ал облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевқа қатаң сөгіс берілді.

26 мамырда әлеуметтік желіде қоқыс полигонына төгілген жарамсыз көкөніс қалдықтары туралы видео тараған болатын. 

Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Банктер әскерде жүрген сарбаздардың несиесін тоқтатады

Банктер әскерде жүрген сарбаздардың несиелерін тоқтатады. Аталған келісім мерзімді қызметтегі сарбаздарға қаржылық міндеттемелері бойынша ай сайынғы төлемдерін 13 айға кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қызмет өткеру кезеңінде кредиторлар берешекті өндіріп алу бойынша сотқа істер және нотариусқа өтініштер беруді тоқтатады.

Украинада "Вагнерге" қатысы бар 23 жастағы қазақстандыққа сот үкімі шықты

Донецк облысының Дружков қалалық соты 23 жастағы қазақстандық Шыңғыс Сейпиевті "Вагнер" жасағының құрамында болғаны үшін тоғыз жылға бас бостандығынан айырды. Ол Ресей колониясында жазасын өтемеу үшін соғысқа барғанын айтты. 

Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты: мемлекет кірісіне 14 миллион АҚШ доллары қайтарылды

14 миллион АҚШ доллары мемлекет кірісіне қайтарылды. Қылмыстық қудалау басталғаннан бері мемлекетке заңсыз сатып алынған Қайрат Сатыбалдыұлы және онымен байланысты тұлғалардың 464 миллиард теңгеден аса сомаға мүліктік активтері мен ақшалай қаражаттары қайтарылды.

Қазақстанда екі жаңа мереке пайда болды

Қазақстанда екі жаңа мереке - Аналар және Әкелер күні пайда болды. Қазақстанда мерекелік күндер күнтізбесін бекіту туралы қаулыға толықтыру енгізілді. Құжатқа Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қол қойды.

"ӨзенМұнайГаз" АҚ бас директорының орынбасары ұсталды

Маңғыстау облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті "ӨзенМұнайГаз" АҚ бас директорының орынбасары Бауыржан Мамбетсапаевты лауазымды өкiлеттiктерін теріс пайдаланды деген күдікпен ұстады. Ведомство мәліметінше, Бауыржан Мамбетсапаев лауазымды мәртебесін пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бекітілген қағидаларды өрескел бұзып, өзінің бірқатар танысын "ӨзенМұнайГаз" АҚ-ға заңсыз кіргізген. Дегенмен компанияға жұмысқа кіру үшін Жаңаөзен қаласының 9 мыңнан аса тұрғыны кезекке тіркелген.


Фото:ozen.kz

"Алтын орда" базары директорының орынбасары ұсталды

Полиция осы ақпаратқа қатысты пікір білдірген болатын. Алматы облысы Қарасай ауданының полиция қызметкерлері Алматы - Бішкек автожолында BMW автокөлігін тоқтатқан. Тінту барысында автомобиль жолаушысынан ерекше иісі бар ақ ұнтақ зат тәркіленді, сондай-ақ басқа жолаушыдан МК-471С травматикалық тапаншасы тәркіленді.

"Қазір сот-химиялық сараптама тағайындалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Аталған деректер ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі және 296-бабының 4-бөлігі бойынша тіркелді", - делінген полиция таратқан хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина