Мәсімовтің мойындауы, үндістандық күйеу бала, соңғы қоңырау жыры. Өткен апта несімен есте қалды?

Мәсімовтің мойындауы, үндістандық күйеу бала, соңғы қоңырау жыры. Өткен апта несімен есте қалды?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Massaget.kz тілшісі өткен аптада болған маңызды жаңалықтарға шолу жасады.

355 мың теңге. Алматыда германиялық туристі алдаған таксист енді үндістандықтардан қорқытып ақша алған

Алматыда Германия азаматын 200 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісі тағы да туристерді алдаған. Бұл жолы ол үндістандықтарды қонақүйіне жеткізгені үшін тым үлкен сома талап еткен. Туристер Тимирязев көшесіндегі қонақүйге тоқтаған. Олар 21 мамырда таңертең ұшақтан түскен. Таксист туристерден әуежайдан қалаға жеткізгені үшін 800 доллар (355 мың теңгені) сұраған. Туристер алдымен 600 доллар берген, таксист оны қанағат тұтпады. Қоқан-лоқы көрсеткен. Шошып қалған туристер үстіне 200 доллар қосып берген. 

Артынша полиция таксисті ұстады. Алматылық таксист үндістандық туристерден бопсалап алған 800 долларды қайтарып берді. 

Тоқаев Мәскеуге барды

Президент Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысу үшін "Зарядье" концерт залына барды. Мемлекет басшысын Ресей президенті Владимир Путин қарсы алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар форумға Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қатысады, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин бейнебайланыс режимінде сөз сөйледі.

Фото: Ақорда

Көкшетауда колледж студенті өзіне қол салды

Көкшетауда жуырда диплом алып, мұғалім болуды армандап жүрген колледж оқушысы өзіне қол салды. Емтиханнан үштік баға алған қыз анасына жазған хатында "ұстаздар әділетсіздік қылды" деген. Марқұм Аяулым жақсы оқуға тырысқанын айтып, білімінің лайық бағаланбағанына күйінген. Ал колледжд оқытушылары ағылшын тілінен емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік бердік деп отыр.  

Марқұмның ата-анасы мен туған-туысы қызының мұндай әрекетке барғанына сене алар емес. Ағасының 16 жыл күткен сәбиінің тойында ән айтуға көйлегін де дайындап қойыпты. Анасы емтиханға кеткен қызы хабарласып, үш алғанын айтып жылаған. Аяулым сол күні қала іргесіндегі үйіне келіп, қорада өзіне қол салған.

Желіде ҚТЖ экс-басшысы Мыңбаевтың мүгедектер арбасында отырған суреті тарады

Бұл туралы ақпарат Telegram-арналардың бірінде пайда болды. 

Әлеуметтік желіде Сауат Мыңбаевтың қызының тойынан суреттер тарады. Желідегі ақпарат бойынша, той айдың басында болған. ҚТЖ экс-басшысының қызы үнді кәсіпкерінің ұлына тұрмысқа шыққан. Той Түркияның Измир қаласында өткен. Суреттен ҚТЖ бұрынғы басшысы Сауат Мыңбаев мүгедектер арбасында отырғанын байқауға болады. 

Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің төртінші ракеткасы атанды

Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жеке және жұптық разрядтағы спортшылар рейтингінің жаңартылған нұсқасын ұсынды. Осылайша, жеке сында үздік қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемдік классификацияда рекорд төртінші орынға көтерілсе, бұған дейін ол алтыншы орында болған еді. Рыбакина Римде өткен турнирдегі жеңісінің арқасында рейтингіде жоғары көтерілді. Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 61-орынға түсті.


Елена Рыбакина. Фото ©REUTERS

Қазақстанда жемқор шенеуніктердің ақшасына салынатын мектептер тізімі шықты

Оқу-ағарту министрлігі жемқор шенеуніктерден тәркіленген қаржыға салынатын білім беру нысандарының тізімін жариялады. Министрлік білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландырылатын мектеп құрылысының тізімі бар бұйрық жариялады. Тізімге барлығы 62 мектеп енгізілді. Еліміздің көп облысында - Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанайда негізінен шағын ауылдарда, сондай-ақ, Қостанай, Өскемен, Қызылорда қалаларында екі мектептен салу жоспарланып жатыр. Ал Жетісу, Ұлытау өңірлерінде, сондай-ақ, Павлодар облысында бір мектептен салынады.

Соңғы қоңырау жыры

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 25 мамырды қайтарудың тиімсіз тұстарын айтты. Бұл туралы ол Үкіметтің кулуарында бөлісті. Оның айтуынша, соңғы қоңырау күнін 25 мамырға қайтару тиімсіз.

"Бұл мәселе бойынша, бірінші кезекте, мамандар шешім қабылдауы керек. Өйткені біз бірден 25 мамырды қайтара алмаймыз. Бұл - нақты мемлекеттік стандарттың бағдарламасы. Оны бірден қалпына келтірсек, ол басқа да өзгерістерге әкеледі. Мәселен, 6 күндік оқу жоспарына және оқу сағаттарының қысқаруына алып келуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселе жай ғана қайтара салатын дүние емес. Бастысы, дұрыс сараптамадан өтуі керек", - деді Ғани Бейсембаев.

Тимур Құлыбаевқа тиесілі компанияға 1,6 миллиард теңге айыппұл салынды

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі "ТЭК-Қазақстан "Сауда үйі" ЖШС-іне 1,6 миллирад теңге айыппұл салынды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, "ТЭК-Қазақстан "Сауда үйі" ЖШС қатысты монополияға қарсы тергеу аяқталды. 2023 жылғы 20 сәуірде Астананың әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі соты Серіктестікке қатысты 1,6 миллирад теңге әкімшілік жаза қолданды.

Қазақстанда жаңа медаль пайда болады

Президент ұлттық валюта - теңгенің айналымға енгізілгеніне 30 жыл толуына арналған мерекелік медальді бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.

Желаяқ Марат Жыланбаев қамауға алынды

Астана соттарының мәліметінше, оған 2 ай мерзіміне күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы берілген.

Марат Жыланбаев. Фото: әлеуметтік желіден

Нұрлан Мәсімов мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындады

Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімов сотта Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткенін мойындады. Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрлан Мәсімовтің ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысы кезінде ол шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындап, бұл "аса қажеттіліктен болды" деп мәлімдеді. Айыпталушының айтқанын журналистерге Нұрлан Мәсімовтің адвокаты Дмитрий Куряченко да растады. 

Нұрлан Мәсімов. Фото: ашық дереккөздерден

Түркияда президент сайлауы өтті

Жексенбі, 28 мамырда Түркиядағы президент сайлауының алдын ала нәтижесі шыққан болатын. Түркиядағы және шетелдік өкілдіктер мен шекара бекеттеріндегі бюллетеньдердің 99,43 пайызын өңдегеннен кейін Ердоған 52,14 пайыз, Кылычдароглу 47,86 пайыз дауыс жинады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Режеп Тайып Ердоған Түркияның жаңа президенті болып сайланды.

Фото: NBC News

Ердоғанның Кылычдароглудан екі миллион дауыс айырмашылығы бар. Сайлаудың соңғы нәтижелері 1 маусымда ресми газетте жарияланады.

"Талибан" Иранға соғыс жариялады - БАҚ

"Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) Иранға соғыс жариялады. Бұл туралы "Талибан" жетекшісі Абдулхамид Хорасани мәлімдегенін халықаралық БАҚ-қа сілтеме жасап korrespondent.net сайты жазды.

Журналистер мәліметінше, Ауғанстан мен Иран шекарасында ұрыс басталған. Талибан содырлары Иран аумағына қарай жылжып жатыр. Әскерилер қаза тапқаны айтылған.

Ауғанстан шекарасында су мәселесіне қатысты жанжал шықты. Гильменд өзені Ауғанстан тауларынан Иранның Систан провинциясына өтіп, үнемі құрғап жататын көлге құяды. Систан провинциясы қазір құрғақшылықпен бетпе-бет келіп отыр, ал Иран тәліптерді өзенге жаңа бөгеттер салып, суды бұрып жіберді деп айыптап отыр.

Иранның Irna ақпарат агенттігі мәліметінше, тәліп жасақтары тату көршілікті сақтамай Сасоли шекара бекетін атқылай бастаған. Полиция басшысы орынбасарының айтуынша, Иранның оңтүстік-шығысындағы шекара заставасына халықаралық құқық нормаларын мүлде елемей, тәліптер жойқын шабуыл жасаған, бұл Иран шекарашыларының қатаң реакциясына себеп болған.

Ұлттық полиция қолбасшысының орынбасары, бригада генералы Касем Резаи сенбіде Иранның Ауғанстан шекарасына жақын Забол ауданындағы шекаралық полк бақылауындағы Сасули заставасына жасалған шабуылға қатты алаңдаушылық білдірді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина