Лондонда бес жігітпен төбелескен қазақ жігіті халық жинаған ақшаны "Харекет" қайырымдылық қорына аударды  

Лондонда бес жігітпен төбелескен қазақ жігіті халық жинаған ақшаны "Харекет" қайырымдылық қорына аударды   

Лондонда бес жігітпен төбелескен Бекзат Аманжолов ақталғанын жазған болатынбыз. Ол бүгін редакциямызға хабарласып, халық жинап берген 4 миллион теңгені "Харекет" қайрымдылық қорына аударғанын хабарлады.

Ол бұл іске Лондоннан қайтып келе жатып бел буғанын айтады.

"Мадияр ағамызбен кездесіп, менің Лондондағы жағдайыма байланысты халық жинап берген ақшаны "Харекет" қорына аудардым. Себебі өткенде сұхбатымда айтқандай, бұл ақшаның бір тиынын да жұмсамаған болатынмын. Себебі халықтың ақшасы – аманат. Памирлік жігіттер арызын қайтып алғандығы себепті, ақша қорғаушыға жұмсалған жоқ. Сондықтан бұл ақшаны игі іске жұмсауды шештім", - дейді Бекзат Аманжол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ???? ???? (@amanzholov727)

Аталмыш қордың құрылтайшысы Мадияр Серікбаев алдағы уақытта бұл ақшаға мұқтаж жанға үй алып беретінін айтты.

"Жігіттің мойнындағы қыл арқан шірімейді. Жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Өздеріңіз көрген де шығарсыздар, Бекзат бауырымыз шетелде бір қиындыққа тап болып, жала жабылып, соған байланысты қаншама халық, ел ағалары көмектесіп, қолдау көрсеткен болатын. Құдайдың қалауымен, барлық қиындықтан өтіп, елге аман-есен келді. Барлық ақшаны жұмсамаған екен, маған өтініш жасады: "Осының барлығын "Харекет" қайрымдылық қорына аударамын" деп отыр. Алдағы уақытта "Харекет" қоры мен Бекзат бауырымыз берген ақшаны қосып бір мұқтаж жанға үй алып береміз", - деді ол.

Айта кетейік, Бекзат Аманжолов Лондонға 2022 жылдың тамыз айында барған. Құрылыста жұмыс істеген. Пәтерде тұрған Тәжікстанның (Памир) бірнеше азаматымен жанжалдасып қалған. Нәтижесінде үйіне келген бес памир жігітімен төбелесіп, екеуін пышақпен жаралаған. Полиция оның үстінен іс қозғады. Кінәсі дәлелденсе, 10 жылға сотталуы мүмкін еді. Бірақ Бекзат өзінің кінәсіз екенін, тек қорғанғанын айтты.

Бекзаттың оқиғасы туралы толық сұхбатты мына жерден  оқып алуға болады.

Кейіннен Бекзат Аманжолов Елшіліктің көмегі шамалы болып жатқанын айтып, хабарласты. Ол туралы сұхбатты мына сілтемеге өтіп оқи аласыздар.

Мамыр айының басында Бекзат Аманжолов ақталып, редакциямызға келіп, эксклюзивті сұхбат берген болатын.

Т. Раушанұлы