"Елшіліктің қазақтарға көмегі шамалы". Лондонда бес жігітпен төбелескен Бекзат тағы да сұхбат берді

"Елшіліктің қазақтарға көмегі шамалы". Лондонда бес жігітпен төбелескен Бекзат тағы да сұхбат берді

Мassaget.kz порталының тілшісі Лондонда 5 жігітпен төбелескен қазақпен сұхбаттасқан болатын. Ол Тоқаевтан көмек сұрап, видеүндеу жолдаған еді.  Бекзат Аманжолов редакциямызға тағы да хабарласып, оқиғаның қалай өрбіп жатқанын айтып берді.

Оқиға қалай болған еді?

Бекзат Лондонда тұрады, 2022 жылдың тамыз айынан бері құрылыста жұмыс істген. Пәтерде тұрған Тәжікстанның (Памир) бірнеше азаматымен жанжалдасып қалған. Нәтижесінде үйіне келген 5 памир жігітімен төбелесіп, екеуін пышақпен жаралаған. Полияция қазір оның үстінен іс қозғап жатыр. Кінәсі дәлелденсе, 10 жылға сотталуы мүмкін. Бірақ Бекзат өзінің кінәсіз екенін, тек қорғанғанын айтады.

Бекзаттың оқиғасы туралы толық сұхбатты мына жерден  оқып алуға болады.

Елшілік көмек бермей жатыр

Жұмыстан шықтым. Бір  кәсіпкер ағамыз жұмыс ұсынды. 3 апталық уақытша істедім. Наурыздың басынан бері жұмыссызбын. Қазір бұрын тапқан ақшамды тамақ, жатын орынға жұмсап жатырмын. Елшілікке бұл мәселе бойынша бардым. Визамның уақыты өтіп кеткен. "Соның уақытын создырып беріңдер?" деген сынды көмек сұрадым. Полиция берген құжат менің Лондонда заңды жүргенімді растайды. Бірақ ол құжатты жұмыс берушілерге көрсетсең, керісінше шошиды. Жұмыс істеуге заңды рұқсат жоқ. Бұрын да менде жұмысқа рұқсат болмаған, бірақ кез келген қиындық немесе ақшадан қиналып жатқанда бұл елден кетуіме мүмкіндік бар еді. Ал қазір ешқайда кете алмаймын. Сондықтан елшілікке жағдайды түсіндірдім. "Жұмыс істеуге рұқсат алып беріңдер немесе қаржылай көмектесіңдер" дедім. Жалпы, бір адамға Лондонда 500 мың теңгедей ақша керек. Ол жақтағылар ешқандай да көмектесе алмайтынын айтты.

Сенде халықтың ақшасы бар, соны жұмса

Олар "сенде халықтың ақшасы бар ғой. Соны жұмсай бер" деген сияқты айтады. Мен бұл ақшаның бір тиынын да жұмсай алмаймын, оны қорғаушыға жинағанбыз. Олар маған осы уақытқа дейін көмектескен жоқ. Тек халық жәрдем қолын созды. Елшілік керісінше, менің қазіргі жағдайымды қиындатып жіберді. Алғашында 5 жігітпен төбелескен кезімде де "елден шығып кет" деген солар болатын. Соңында мені ұстап алды. Керісінше, бірден полицияға барғанымда жағдай мұндай қиын болмайтын еді. Елшіліктегілер өзінің жағдайын ойлап, проблемадан қашып Англиядан шығып кетуді ұсынды. Олар әдемі сөйлеуді біледі ғой. Мені 7-8 жылға қамап тастайды, оданда қазір кетіп қал деп қорқытып, елден шығарып жіберуге тырысты. Содан бері тек олар хаттама беруден әрі аспайды. Тіпті елшіліктен "маған кішкентай бөлме беріп қойыңдар, сол жерде тұрайын, елшілік ғимаратының еденін жусам да осы жерде болайын" деп айттым. 

Аш жүрсем де, далада түнесем де халықтың ақшасын жұмсамаймын

Тірі адам тіршілігін істейді ғой. Аш жүрсем де, далада түнесем де халықтың ақшасын жұмсамаймын. Себебі ол қаржы - аманат. Қорғаушыға жиналған. Аптасына бір-екі күн жұмыс істесем де өлместің күнін көремін. Бұл жерде мәселе басқа нәрседе. Басты мәселе елшіліктің шетте жүрген азаматтарына немқұрайды қарым-қатынасы. Олардың айлығы жақсы, балалары жақсы жерде оқиды. Мініп жүргені қымбат көлік. Басқасына бас ауыртқысы келмейді. Осы жақта жүрген қазақтарға "кетіп қалмай ма, елде жүрмей ме!" деген сияқты наразылығын айтады.

Елшіліктің қазақтарға көмегі шамалы

Кім жетіскеннен шетелге барып заңсыз жұмыс істейді. "Арқада қыс жақсы болса арқар ауып несі бар" деп халқымыз бекер айтпаған. Ешкім елге барып 200-300 мың теңгеге жұмыс істегісі келмейді. Істейтін жұмыс та жоқ. Біз тоқалдың баласы сияқтымыз, керек емеспіз. Мына елшіліктегі сияқты еліміздегі шенеуніктер де өз орнында отырған жоқ. Олар маған "үйден өзің шықтың ғой. Не үшін шықтың төбелесуге?" дейді. Қалай шықпаймын, мен намысымды, өзімді, қала берді құлатып, ұрып жатқан досымды қорғадым. Өзімді қорғамасам қазір сізбен сөйлесіп отырмайтын едім. Менің денем елге баратын еді. Мысалы, АҚШ азаматы бір елде мәселеге тап болып қалса, өз азаматтарын қалай қорғайды. Қарап қызығасың. Әр елде азаматы құнды емес пе? Оны шетте қорғау абырой емес пе? 

Елде айлық кем дегенде 500 мың теңге болуы керек

Англияда қазақтар өте көп. Ешкім қайтқысы келмейді. Себебі табыс жақсы. Шамамен бес жүз-миллион таза табады. Ай сайын аулына, үйіне миллион теңге жіберіп тұрса жаман емес қой. Елде айлық кем дегенде 500 мың теңге болуы керек деп ойлаймын. 200 мың теңге қазір ақша емес. Ал елде 100 мың теңгеге жұмыс істеп жүргендер бар. Сөйтіп жүріп пәтерақы төлеп жүр. Бұл жақтан керісінше, ешкім кеткісі келмейді. Кетсе қайтуға асығып тұрады. Бізбен бірге тұратын 20 жастағы жігіт бар. Жақында дипломын алады. Елге қайтқысы келмейді. "Не істеймін елге барғанда, жұмыс жоқ" деп налып отыр. Оның да қайтқысы келмейді.

Елдің жағдайы мені де алаңдатады

Мен осыларды әлеуметтік желіде айтсам "Не айтып кеттің, өзіңе қатысты жағдайды айт" дейтіндер бар. Неге айтпаймын? Мен өз елімнің патриотымын. Елге қайтқым келеді. Болашағымды Қазақстанмен ғана байланыстырамын. Елдің жағдайы мені де алаңдатады. Англиядаға қыз-жігіттердің барлығында несие бар, ата-анасында несие. Соларды төлеу үшін жүр. Қазақстан біздің үйіміз, болашағымыз. Бұл жерге мен қыдыруға келген жоқпын. Жұмыс істеп, ақша табуға келдім. Отбасымды күнде сағынамын. Елде бөліп төлеуге бір зат алсаң, бір жыл бойы төлеп жүресің. Бұл жерде бір-екі аптада құтыласың.  Кім жақсы өмірге ұмтылмайды? Кім жақсы өмір сүргісі келмейді? Сондықтан кетеді. Әрине, кете алғандар ғана кетеді. Уақытша болса да жақсы табыс тапқысы келеді. Көз алдыңызға елестетіңіз. Біздің бақшамыз бар. Бірақ көршінің бақшасына барып жұмыс істейміз. Оны көркейтіп жатырмыз. Ал өзіміздікі бос тұр.

Бүкіл өмірің ипотека төлеумен өтеді

Мысалы, Лондонда 20 жастағы тағы бір жас жігіт жүр. Мал шарушылығын өте жақсы біледі. Бала кезінен малдың ортасында өскен. Оқыса қандай маман болады. Онсыз да біліп тұр. Бірақ ол Лондонда жеткізіп беру қызметінде жұмыс істейді. "Мақсатым үй алу" дейді. Енді қараңыз, жаңа айтып өткендей айына таза миллион теңге табыс тапса, 3 жылда үй алатын ақша жинайды екен. Бізде ше, ипотека аласың, себебі "доставщик" боп ақша жинау мүмкін емес. Ипотекаңды 20 жыл төлейсің. 23 жасыңда үйлі болған дұрыс па, әлде 40 (20 жаста ипотекамен үй алу мүмкін емес сияқты біздің елде) жасыңда үйлі болған жақсы ма? Бүкіл өмірің үй төлеумен өтіп кетеді ғой. Сондықтан неге кетпейді, кетеді. Жастық шақ деген алтын уақыт емес пе? Әр азамат елге құнды емес пе?

Патриот – өз жұмысын сапалы орындайтын адам

Мені басқалар жылауық деп ойламасын. Жұмыс табуға болады деп айтатын шығар. Иә, жұмыс табылады. Оның үстіне, мен ағылшын тілін жақсы білемін. Бұл жақта көп қазақ тіл білмейді. Тек елшіліктің азаматтарына деген қарым-қатынасы менің наразылығымды тудырып отыр. Кішкентай адам шығармын, ешкім есітпейтін шығар. Сонда да сұхбат бергім келді. Осындай нәрселерді айтқым келді. Мен ел азаматтарының болашағына алаңдаймын. Мұндай жағдай болашақта қайталанбаса деймін. Патриот деген кім? Патриот - өз жұмысын сапалы орындайтын адам. Ал елшіліктегілер өз жұмысын орындамай отыр. Мақсатым - осы.

Т. Раушанұлы