"Алғаш 25 жасымда ұшаққа міндім". Әлем аралап жүрген жұп саяхатты қалай әдетке айналдырғандарын айтты

"Алғаш 25 жасымда ұшаққа міндім". Әлем аралап жүрген жұп саяхатты қалай әдетке айналдырғандарын айтты
Фото: Yernar Almabek

Саяхат көп адам үшін қолжетпес арман, көп ақшаны талап ететін сапар көрінеді. Содан болар саяхат дегенде санада шектеулер көбейе түседі. Алайда алыс-жақын шетелге сапар жасау туралы стереотиптерді жоққа шығарып, отбасы болып саяхаттап жүрген жұптың бірі - журналистер Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы.

Massaget.kz тілшісі саяхатты өмірлік әдетіне, жұмысына айналдырған жұппен сұхбаттасып, отбасы ретінде әлем көрудің артықшылығын, қазақ қоғамы, жастар саяхат туралы қандай стереотиптерден бас тартуы керек екенін сұрады.

"Алғаш 25 жасымда ұшаққа міндім"

Бала кезде қалыптасқан әдет өмірлік бағдарыңа, хоббиіңе айналуы бек мүмкін. Ал бұл саяхат болса, тіпті тамаша. Журналист Ернар Алмабек те саяхаттау әдетін мектеп кезінен қалыптастырыпты.

"Саяхатты бала күнімнен бастадым. Алғашқы әскери дайындық деген пәннен Нұрлан ағайым балаларды тауға алып шығатын. 5 немесе 6-сыныптан бастап тауға шыға бастадым. Саяхатқа деген қызығушылық солай оянды. Мектеп бітіргеннен кейін қалай саяхаттауға болады деген сұрақтарға іздене бастадым. Шыны керек, жолын таба алмай жүрдім. 2015 жылы алғаш рет шетелге шықтым. 25 жасымда алғаш ұшаққа міндім. Іссапармен Түркияға барып келдім", - дейді ол.

Instagram

"Саяхаттау үшін бай болуың керек". Стереотип пе, шындық па?

Қоғамда саяхат туралы бірнеше теріс түсінік қалыптасқан. Әрине, біріншісі қаржы мәселесіне тіреледі. Алайда бәрі сіз бен біз ойлағандай болмауы да мүмкін. Ең бірінші түзу ниет, сайланған жоспар, мақсат болуы қажет. Әрі қарай әрекет пен қабілет жаңа есіктер ашуы әбден мүмкін. Ернардың жағдайында тура солай болған.

"Саяхатқа көп ақша керек деп ойладым. Саяхат деген міндетті түрде шетелге бару, ұшақпен ұшу деп түсіндім. Саяхатқа қатысты көп стереотип бар. Ең біріншісі - ақша көп болу керек, бай болуың керек деген. Саяхат әдет сияқты. Ол әдетті дұрыс қалыптастырсаң, оған құртылатын ақшаны да дұрыстап есептеп, дұрыстап жұмсайсың. Көп ақша құртып жатырмын ғой деген ой болмайды. Нан жеген кезде, сүт алған кезде "нанға көп ақша құртып жатырмын" деп ойламайсың ғой. Нанды табуың керек, табасың. Саяхатты қажеттілікке айналдыру керек. Сол кезде оның ақшасын табуға ұмтыласың", - дейді ол.

"30 жасымда Көлсайға бардым"

Шетел, көз тартар жерлер, әлеуметтік желідегі суреттер. Әрине, бәрі керемет. Бірақ Атырау мен Алтай арасында тұмса тұнық табиғат, таза ауа, ерекше жерлер жетерлік. Ернар Алмабек те дәл осы пікірде. Сондықтан саяхатқа шыққысы келетіндерді ең бірінші туған жерден бастауға шақырады. 

"Екіншіден, көп адам саяхаттау міндетті түрде шетелді көру деп ойлайды. Осыған қарсымын. Саяхаттау туған жеріңді аралаудан басталады. Жасым 30-ға таяған шағымда 5 елді көргенмін, бірақ өзімнің ауылымның жанында тұрған Көлсайды көрмегенмін. 30 жасымда ғана көрдім. Кейбір адамдар сонау алыс шетелдерден Көлсайды көру үшін келеді. Ондай мысал қаншама?! Алматыда тұрып, Медеуге бармағандар қаншама?! Алматыда тұрып, Көктөбеге шықпайтындар бар. Алматының маңында әдемі жер көп. Шарын демейін, Көкжайлауға шықпаған адам көп. Ұлытауда тұрып, Жошының кесенесін көрмегендер бар. Астанада тұрып, Көкшетауға, Бурабайға бармағандар бар. Шығыс Қазақстанда, Өскеменде тұрып, Катон-Қарағайды көрмегендер бар. Айта берсең көп. Алыс шетелді аңсау міндет емес. Саяхат деген туған жерді аралаудан басталады. Туған жердің кереметтерін танып алсаң, алыс шетел туралы ойлана бер", - дейді Ернар Алмабек.

Бұл орайда журналистке де туған жердің әр бұрышын аралау жаңа тыныс сыйлапты. Осылайша, мүмкіндіктер мен есіктер айқара ашыла түскен.

"2015 жылы күзде Марғұлан Сейсембаевпен таныстым. Бір жобасында волонтер болдым. Бірақ жоба жабылып қалып, 2016 жылы Nomad Explorer деген экспедициялар ұйымдастыра бастады. Ең алғашқы экспедициясы Ұлытауға болды. "Суретке жақсы түсіресің ғой, суретке түсіріп кетсең, қалай болады, жол-тамағыңды өзім көтерейін" деді. Сөйтіп, экспедиция құрамында Ұлытауға бардым. Ең арзан саяхат сол болды. Алғаш рет біздің елді де аралауға болады екен ғой, Қазақстанда да әдемі жерлер көп екен ғой деген ой қалыптастырған саяхат болды", - дейді ол.

Осылайша, батысты да, оңтүстікті де, орталықты да көруге керемет мүмкіндік туған.

"Nomad Explorer 2016-2019 жылдар аралығында 4 экспедиция ұйымдастырды. Ұлытауға, одан кейін Маңғыстауға, Алтайға, Оңтүстік Қазақстанға бардық. Сөйтіп, 4 аймақты араладық. Nomad Explorer көп саяхатшымен таныстырды, саяхатқа деген көзқарасым өзгерді. Саяхатты жақсы көріп қалдым. Саяхаттайтын өте жақсы әдет қалыптасты. Адамдармен танысып, олар мені жан жаққа шақыра бастады. "Алтын Емелге барып келейік, Шарынға шығып келейік, тауға барайық" деген дүниелер көбейе бастады. Солармен бірге саяхатқа шығып жүрдім. Nomad Explorer-мен Алтайға барған кезде 2018 жылы YouTube-арна ашу туралы ой келді. Ол кезде біраз жерді аралап тастаған едім. Сонымен Алтайға барған кезде GoPro деген камера сатып алып, видеоблог түсіріп шықтым", - деді алғашқы әсері туралы Ернар Алмабек.

Саяхатқа шыққан сәттен бастап аяқталғанға дейін әрбір сәттен әсер алуға болады. Сапар сонымен мәнді, сонымен қызық. 

"Жол мұраты - жету деп көп адам баруды, сосын қайтуды ойлап тұрады. Жолдан ләззат алу да саяхатқа жатады", - дейді журналист те.

Айта кетейік, туған жердің табиғатын жарнамалап жүргендердің бірі журналист Ернар Алмабек Алматы облысының көпшілік білмейтін көрікті жерлерін жариялап, халық арасында қызығушылық туғызған. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Yernar Almabek (@yernar.almabek)

Бұл басқа әңгіме, ол туралы мына жақтан оқи аласыздар. 

Ел ішінде қайда арзан бағаға демалуға болады?

Шетелге сапарлар легі

- Мәскеу несімен есте қалды?

- Мәскеуге екі рет барғанмын, қатты ұнады, оның үстіне жаңадан шетелге шығып жүргендіктен, шетелде көрген үлкен қалалардың бірі болғандықтан, сол кезде жақсы әсер қалдырды. Метросы, қаланың үлкендігі есте қалды.

Мәскеудегі Қазақстан: Молдағұлова көшесі, "Бауырсақ" дүкені, "Алма-атинская" бекеті

- Жұп ретіндегі алғашқы сапар: Дубай несімен есте қалды?

- Жазира екеуміз саяхатқа шығып, видеоблогқа кіріскен сәт 2019 жылы болды. Отбасы болып, Дубайға бардық. Дубайға барған кезде видеоблог түсірейік деп Жазираға ұсындым. "Болашақты шетелді аралаймыз" деп осындай форматты ұсындым. Ол қабылдады. 2019 жылы Дубайда алғашқы бірге видеоблогымызды түсірдік. Дубай - Жазира екеуміз бірге барған алғашқы шетел. Ол кезде жоспарлауды, шетелде қалай қыдыруды білмейміз. Сондықтан қиналған тұстарымыз да бар. Ақша жағынан көп құртып қойған жерлеріміз бар. Кей күндеріміз құр қонақүйде жатып, бекер өтіп кетті. Сонымен есте қалды.

"Су бетіндегі "ауыл", қолтырауын етін жегім келді"

- Таиланд сапары несімен есте қалды?

- Таиландта жүрген кезде Копаньи деген ауылында медбикені кездестіріп қалдық. Қазақша сөйлеп тұрған кезде бірден бізді таныды. Сол кісі "ауруханада медбике болып жұмыс істеймін, ақшамды жинаймын, жылына кемінде бір рет саяхаттауға тырысамын" дейді. "Қосымша жұмыс аласыз ба?" деп сұрадық. "Жоқ, қаржылық сауатты меңгергенмін. Саяхатқа деп арнайы ақша жинап отырамын. Пәтерақымды да, несиемді де төлеуге жетеді, бүкіл ақша өз орнына кетеді, сол кезде саяхатқа ақша жиналады" дейді. Видеоблогта көрсетеміз.

Таиланд өзіміз үшін жақсы жоспарланған сапарларымыздың бірі болды. Екі қаласын көрдік, аралында болдық. Өзіміз жеп көрмеген тағамдарды жеп көрдік. Сарышаян, сегізаяқ жедім. Қолтырауын етін жегім келді, таба алмадық. Таиланд қатты ұнады, судың бетіндегі ауылда болдық. Ол жерде де адамдармен сөйлесіп, күшті әсер алдық.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Yernar Almabek (@yernar.almabek)

Бұхарада кездестірген әженің батасы

- Өзбекстан сапарының қызығы қандай?

- Өзбекстанға да екі рет бардым. Екіншісі қатты есте қалды. Өйткені өзіміз көлікпен араладық. Өзбектерден үйренетін дүние көп, олар туризм жағынан әлдеқайда алға шығып кеткен. Дамыған, қонақжай халық. Музейлерін туристерге ыңғайлап жасап қойған. Өздерінің тарихына құрметпен қарайды. 

Бұхара қаласында көшеде келе жатқан кезде әже кездесіп қалды. "Қазақсыңдар ма" деп сұрады. "Иә" деп жауап бердік. Кейін әже қолын жайып, бата берді. "Дүние тұрғанша тұрыңдар" деді. Сол оқиға қатты есте қалды. Өзбекстан десе, сол оқиға еске түседі. Екінші кезекте Хиуада кездестірген балалар еске түседі. Ол Хиуаның ұстаханасында жұмыс істейтін балалар екен. Бір барғанда асатаяқ жасап отыр екен. Үшеуі керемет жауап берді. Өте еңбекқор балалар екен. Солардың бірі "қанша балаң бар?" деді. "Екі қызымыз" бар дедік. "Ұл бар ма?" деді. "Ұл жоқ" дедік. Солардың бірі маған қарап, "әрекет ету керек" деді. Сондай бір қызық оқиғалар болған. 

Өзбекстанға көлікпен саяхат: Ташкент, Бұхара, Хиуа, Самарқан

"Кішкентайынан шарап ішіп үйренеді"

- Грузияда не таңсық көрінді?

- Грузия сапарына барған адам міндетті түрде бірінші Тбилисиді көруі керек. Астанасы, ең үлкен қаласы. Біз қатты таңғалған дүние - шарап ішетіндері. Барлығы шарап ішеді. Кішкентайынан үйренеді екен. Таңғы аста да, түскі аста да шарап ішіп отырады. Соған қатты таңғалдық. Өзіміз бір шетінен қиналдық. Соңына қарай шаршап кеттік, су-шай сұрадық.

Гүржістанға саяхат: Турист білуі тиіс деректер

Ең арзан, ең қымбат: қай елдер саяхаттауға болады?

"Кейбір елдеріміздің ақшасын серіктестеріміз өтеп береді, сондықтан айту қиындау. Өз қалтамыздан шығарған кезде Өзбекстан ең арзанға түсті. Ол жерде 200 мың теңге кетті. Өз көлігімізбен барып, 8 күн араладық. Самарқанд, Хиуа, Бұхара, Ташкент деген төрт қаласын көрдік. Жанармай, тамақ, қонақүй, музейлерге кіру құны осы 200 мың теңгенің ішінде. Есептеп бардық, сол есебіміз бойынша тура шықты. Ең қымбатқа шыққан ел Үндістан шығар. Әуе билеттерін қоспайтын болсақ, өйткені оны әуе компаниясы төледі. Ал елді аралауға 600 мың теңге кетті", - дейді Жазира Байдалы.

Аз ақшамен қандай елдерге саяхаттауға болады?

Жұп ретінде шетелге шығудың қиындығы қандай?

"Саяхатта әзірге қиындық жоқ. Негізгі салмақ әке-шешемізге түседі. Екі қызымызға қарап қалады. Ол кісілердің міндеті, жұмысы көбейеді. Баланы балабақшадан алып кету, мектепке апару, сабағын қарау деген сияқты біздің міндеттерді өздеріне алады", - дейді журналист Жазира Байдалы.

Жұп ретінде шетелге шығудың артықшылығы неде?

"Отбасы ретінде саяхаттаудың артықшылығы көп. Ең бірінші - жұп ретінде қалыптасуың. Саяхат деген - бірнеше кітапты оқумен тең. Бір жерге барсаң өзгеріп келесің. Ал жалғыз саяхаттасаң, өзің өзгересің. Жұбың өзгермейді. Сен он шақты кітап оқып тастағансың, жұбың сол деңгейінде қалып қойған. Уақыт өте, 3-4 саяхаттан кейін ол қатты байқалады. Әңгімелерің де сай келмейді. Сондықтан отбасымен саяхаттаудың ең артық тұсы сол - әлемді бірге танитының", - дейді Жазира.

"Күнделікті өмірде шай ішіп отырып қана сөйлесуге уақытың болуы мүмкін, бала-шаға, жұмысың бар. Саяхат үлкен мүмкіндік береді. Ұзақ уақыт бірге болғандықтан, бірнәрсені талқылайсың, пікірталасқа түсесің, жұбыңмен араң жақындай түседі. Күнді, сапарды бірге жоспарлау да адамды жақындастырады. Артық-кем тұстарыңды біліп отырасың", - дейді журналист.

"Қылмыскердің суретін іліп қойғандай жоспарлаймыз"

"Саяхатты алдын ала жоспарлаймыз. Ақша жинаймыз. Саяхат деген - үлкен жоспарлауды қажет ететін дүние. Оның үстіне видеоблог түсіретін болғандықтан, басқа саяхатшылардан өзгешелеу. Демалудан бұрын жұмыс істеуге барамыз", - дейді ол.

Әдетте саяхат қалай жоспарланады?

  • Алдын ала айлап тұрып жоспарлаймын;
  • Бүкіл картасын сызамын, жоспарын жазамын;
  • Қайда барамыз, не көреміз, қай жерге барған дұрыс деген 5-6 жерді жазып, соның ішінен рейтинг бойынша таңдаймын;
  • Содан кейін бір-біріне жақындарын таңдаймын, ол жерге жақын орналасқан қонақүй іздеймін;
  • Таксилердің бағасын білемін;
  • Жергілікті дүниенің бәрін зерттеймін;

"Қай жерге жаяу баруға болады, қай жерге автобуспен баруға болады, қай жерге кіру құны қанша деген сияқты дүниелерді картамен қарап отырамын. ФБР-да қылмыскердің суретін іліп қойып, жіптермен байланыстырып отырады ғой. Бізде де шамамен саяхат алдында жоспарлау схемасы осындай болады. Ал Жазира ұйымдастыру жағына көңіл бөледі. Демеуші табу, киім, видеблог шығатын уақыт - соларды жоспарлайды. Қысқасы, жұмысты екіге бөліп алғанбыз", - деп түйіндеді Ернар Алмабек.

Саяхатты әдетке айналдыру мүмкін бе?

"Ақша жинап, бір шығып көрсеңіз, ол әдетке айналады. Әдетке айналса, тоқтамайсыздар. Шетел деп тұрасыздар. Өйткені шетелді танудың пайдалы тұсы көп. Біреудің аузынан естігенше, өзің барып көргенің жақсы ғой. Тамағын жеп көрген, өзің барып сөйлесіп көргенге жететін ештеңе жоқ. 

Әлемді әр алуан етіп жаратқан. Әр ұлттың өз өзгешелігі бар. Тілі өзгеше, тамағы өзгеше, мәдениеті өзгеше. Соны танысаң, білсең, сезінсең, керемет әсер сыйлайды. Сол арқылы өмірге деген, жұмыс істеуге деген құлшынысың артады", - дейді Жазира Байдалы.

Тек мынаны ұмытпаңыз...

"Қай елге барсаң да, бұл өте маңызды. Біріншіден, бәрін алдын ала жоспарлау. Қайда барасың, не көресің, не жейсің, қайда тұрасың деген дүниелерді жоспарлағанда, соның бәрін қағазға түсіріп, сағат, минутына дейін жазып қою керек. Яғни, біз сағат 8:00-де - әуежайдан түсеміз, 9:30-да - жүгімізді аламыз, тіркеуден өтеміз, такси шақырамыз. 10:15-те - қонақүйге барамыз деген секілді. Сосын сол жоспарды бірнеше туысыңа жіберіп қою керек. Ең басты қағида - сол жоспардан ауытқымау керек. Ауытқыған жағдайда оны да туыстарға ескертіп отырған жөн. Сосын туыстармен күнде байланыста болу. Мен дәл осылай істеймін. Сосын әпкеме бірнеше досымның нөмірін қалдырып кетемін", - дейді Ернар Алмабек.

Туристер үшін ең қауіпті 3 ел қандай?

"Мұның бәрі не үшін қажет? Интернеттен оқып жүрген шығарсыздар, кейде біздің елдің азаматтары шетелге барып түрлі жағдайларға тап болып жатады. Біреу құлдыққа түседі, біреу ақшасын жоғалтып алады дегендей. Бұл осындай жағдайлардың алдын алу үшін, мәселе туындай қалса, соны тезірек шешу үшін қажет. Әрине, саяхаттау қызық, күшті. Бірақ оның қауіпті тұстары да бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Барынша сақ болған абзал", - деп түйіндеді әңгімесін журналист.

Айта кетейік, былтыр актриса Әнел Бермағамбетова Таиландқа жұмысқа шақырылып, кейін "еңбек құлдығына" түскенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ,  Алматыда Германия азаматын 200 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісі тағы да туристерді алдаған болып шықты. Сондықтан өзге елге саяхат алдында көзсіз ерлікке барудың қажеті жоғын да ескеріңіз, "сақтансаң сақтайды". 

Биыл маусымда бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 26, 27 маусым жұмыс істеп, 28 маусым демалады, 29, 30 маусым қайта жұмыс істейді. Алты күн жұмыс істейтіндер үшін 26, 27 маусым жұмыс күні болса, 28 маусым демалып, 29, 30 маусым және 1 шілде қайта жұмыс істейді.

Жазғы демалысқа қарызсыз қалай ақша жинауға болады?

Еске салайық, бұған дейін заңгер азаматтар жақын арада еңбек демалысын алып, тағы да демалысқы шыққысы келсе, алайда жұмыс беруші тарап келіспесе, не істеуге болатынын айтқаны хабарланған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова