Мәскеудегі Қазақстан: Молдағұлова көшесі, "Бауырсақ" дүкені, "Алма-атинская" бекеті

Мәскеудегі Қазақстан: Молдағұлова көшесі, "Бауырсақ" дүкені, "Алма-атинская" бекеті

Галерея алдына ілінген афишаны суретке түсіргеніміз ары-бері өтіп жатқан көпшіліктің назарын бірден бізге аударды. Сұрағы көп көздер тесіле қарайды.

- Жігіттер, бұл кісі кім екенін айтып жібересіңдер ме? - деді көптің ішінен шығып жанымызға келген әже.

- Қазақтың атақты режиссері — Шәкен Айманов.

- Ааа, солай ма? Третьяков галереясының алдына суреті ілініп тұрса, демек, мықты адам болғаны ғой.

- Иә, осында фильмдерін көрсетіп жатыр. Кіріп, тамашаласаңыз болады, - дедік біз мақтанышпен. Ол кісі жымиып, кезектің артына тұрды. 

Өзге елге барып өз еліңнің қандай да бір нышанын байқасаң, ішің жылып, қуанып қаласың. Мейлі ол халықаралық ұйымдардың ғимаратына ілінген ту, көрмеге қойылған сурет болсын, маңызды емес. Ресейде Қазақстанмен байланысты ондай нышандар жетерлік. Солтүстіктегі көршіміздің астанасын аралап жүріп, солардың бірнешеуімен танысып қайттық. Соңғысы Третьяков галереясының қоршауына ілінген Шәкен Аймановтың суреті болатын. Ендеше, басына оралайық.

Шетелге шыққанда алдымен мемлекетіңнің сол елдегі елшілігі мен консулдығы қайда орналасқанын білген абзал. Бұл белгілі бір мәселелерге тап болғанда көмегін тигізеді. Көпті көрген саяхатшылардың осы нақылын еске алып, Мәскеуге келе сала соққан нысанымыз Қазақстанның Ресейдегі елшілігі болды. Ол Мәскеу орталығында — Чистые пруды бульварының бойында, Мясницкие Ворота алаңындағы 1980 жылғы Олимпиада қарсаңында іргесі қаланған ғимаратта орналасқан. 

Ю.Соколов пен Ю.Милаевтың жобасы бойынша салынған үш қабатты ғимараттың сыртқы пішіні КСРО кезінде тұрғызылған басқа нысандардан қатты ерекшеленбейді. Ал, іші қазіргі заманға сай етіп өзгертілген.

Айта кетерлігі, мұнда елшілік қызметкерлері жұмыс істейтін кабинеттерден бөлек, арнайы музей де бар. Музейде еліміздің тарихы, тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері және Қазақстан-Ресей қарым-қатынасына қатысты құжат-суреттер қойылған.

Сондай-ақ, елбасының Ресейге келгенде жұмыс істеген бөлмесі, түрлі мемлекеттердің президенттерінен алған сыйлықтары да осында экспонат ретінде сақталған. 

Елшіліктен шыққаннан кейін Әлібек Әлмәдиев есімді Массагеттің тұрақты оқырманы, бүгінде Мәскеуде тұрып жатқан жас қазақпен жолықтық. 2014 жылы Ресейдегі атақты тележобаға қатысып, содан кейін Гнесиндер атындағы Ресей Музыка академиясын бітіріп, қазір дипломатиялық академияда оқып жүрген ол елшілікпен тығыз байланыста:

- Мәскеуге тез үйреніп кеттім. Десе де, біздің өзімізді ұстауымыз, адамдармен қарым-қатынасымыз, мәдениетіміз бөлек. Сондықтан елді сағынамын. Қазір елшілік ұйымдастыратын түрлі шараларға атсалысып, мәдени-гуманитарлық жұмыстарына көмектесіп жүрмін. Қазақстанда мұндай белсенді емес едім. Ресейге келіп, Отаныма көбірек қызмет еткен сияқтымын. Әншілікті тастамаймын, бірақ болашақта дипломатияда да өзімді сынап көру ойымда бар.

Әңгімелесіп жүріп Әлібек бізге елшілік маңына қойылған Абай Құнанбайұлының ескерткішін көрсетті. Мүсіншілер Марат Әйнеков пен Саид Әйнеков, архитекторлар Валерий Романенко мен Тимур Сүлейменовтің қолынан шыққан туынды 2006 жылдың Ресейде Абай жылы, ал Қазақстанда Пушкин жылы болып белгіленуіне байланысты орнатылған. Ал, оны орнату туралы шешім Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің 2005 жылғы кездесуі кезінде қабылданған.

Ескерткіште "Вечен творец бессмертного слова" деген жазу жазылған және қасына екі балбал тас қойылған. 

Бұл мүсін қазақ әдебиетінің, соның ішінде Абай Құнанбайұлы шығармашылығының Мәскеуде насихатталуына септігін тигізгені (болашақта да тигізетіні) анық. 

Чистые пруды бульварынан шыққаннан кейін бір шақырымдық жердегі Покровский бульварының бойында тұрған 14-үйге бардық. Іздеп келген тақтамыз бірден көзге түсті.

Онда: "Тұрар Рысқұлов. 1894-1938. Қазақстан мен Ресейдің беделді мемлекет қайраткері, РСФСР халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары. Осы үйде 1931 мен 1934 жылдар аралығында өмір сүрген", - деп жазылған.

 Артынша бағытымызды Дон зиратына қарай бұрдық. 

"Өлі разы болмай, тірі байымас" дейді қазақ. Зиратқа келгендегі мақсатымыз саяси репрессиялар құрбандарының ортақ бейітіне барып, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға, Нығмет Нұрмақұлына және басқа да репрессия құрбандарына құран бағыштау еді.

Естеріңізге салсақ, 2016 жылы Әлихан Бөкейханның туған жері Ақтоғайдан осы жерге топырақ әкелінген болатын. Алаш арысы жер қойнына тапсырылғаннан 79 жылдан кейін мұндай жауапты іс порталымыздың тілшісі Ербол Молдажанов пен Ресейдегі Қазақстан cтуденттері бірлестігінің басшысы Қаршыға Төлебаев және Мәскеуде білім алып жатқан қазақ жастарының ұйымдастыруымен жүзеге асқан.

Картадан нысандардың арасы жақын болып көрінгенімен Мәскеуде бір жерден екінші жерге жету оңай емес. Метро ішінде бекеттен бекетке ауысып жүріп уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай қаласың. Үш жылдан бері осы қалада тұрып жатқан тағы бір отандасымыз Мырзахмет Әшір-Тұрармен кездесуге кешіккеніміздің себебі де алып қаланың жүріп-тұру жүйесіне үйренбегеннен болар. Бірақ, ол бұл жайтқа түсіністікпен қарады да, әңгімесін:

- Мәскеуде қазақтар аса көп емес. Айына бір-екі рет жолығып тұрамыз. Бірақ елден келген адамдардың жөні басқа. Олармен кездессем Қазақстанға деген сағынышым басылады, - деп бастады. Бізді кездестіргеніне қатты қуанғаны Әшірдің жүзінен байқалды. Әңгімеге ашық көкшетаулық жігіт Мәскеуге қалай келгенін және мұндағы өмірі туралы да аз-кем айтып берді.

- Елордадағы С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетін бітіріп, екі жыл Алматыда жұмыс істедім. Кейін мамандығым бойынша білімімді арттыру үшін Мәскеуге келдім. Қазіргі уақытта астық компаниясында жұмыс істеп жүрмін. Дұрысын таңдай білсең, мұнда жақсы білім беретін оқу орындары көп. Өз саласының маманы атанғысы келетіндер үшін де халықаралық компанияларда жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Бастысы, мұнда келем деушілер жаңалықтан, танымын кеңейтуден қорықпауы керек және нақты мақсаты болуы тиіс. Сонда ғана кезіккен кедергілерді жеңіп, дегеніне жете алады. "Мәскеу көз жасқа сенбейді" деген тіркес дұрыс айтылған. Бұл қала, әсіресе, жастардың ысылуына жақсы. Бәсеке көп, талап жоғары. 

Болашақта өз саласы бойынша тәжірибе жинап, Қазақстанға оралып, еліміздің дамуына үлес қосқысы келетінін жеткізген Әшір бізді қайтадан жер астына жіберді де өзі жер үстімен жұмысына кете барды. Мәскеу метросының жасыл жолына түсіп (Ресми атауы: Замоскворе́цкая линия. Кестелерде жасыл түспен көрсетілген, авт.), ескірген вагондарына отырдық та осы жолдың оңтүстіктегі ең шеткі бекеті — "Алма-атинская" станциясына бардық.

Братеево ауданында орналасқан бұл станция 2012 жылдың 24 желтоқсанында ашылған. Атауы алғашында қала тұрғындарының қарсылығын тудырып, бірқатар қоғамдық талқылаулар мен пікірталастардың негізі болыпты. Десе де Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Алматыда құрылған Панфиловшылар дивизиясының Мәскеу түбінде көрсеткен ерлігі мен Алматыдағы бір метро бекетінің "Мәскеу" деп аталғалы жатқанын алға тартып, қала мэриясы атауды сол күйі қалдырған. Айта кетерлі, "Алма-Атинская" бекетінен бес жүз метр жерде Алма-Атинская көшесі де бар.

Бекеттің екі вестибюлі бар. Соның біріне тау етегіндегі қала мен үлкен алма ағашының суреті салынған.

Ал, іші көркемдігімен ерекшеленбейді. Өте қарапайым етіп салынған.

Кей тұстарында ою мен шаңырақ секілді қазаққа тән нышандар байқалатыны болмаса, орталықтағы бекеттер секілді әдемі етіп әрленбеген.

"Алма-Атинская" бекетінен соң қаланың шығысындағы Вешняки ауданына бардық. Майданға аттанбас бұрын осы маңдағы Мергендерді дайындайтын әйелдерге арналған орталық мектепте 18 жастағы Әлия Молдағұлова дайындықтан өткен. 

Қазір Вешнякиде қазақ қызының атымен аталған көше мен мектеп бар. Көше атауы 1970 жылы, мектеп атауы 1999 жылы берілген.

Сондай-ақ, мектептің алдында "Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова" деген жазуы бар мүсін тұр.

Ал қабырғасына ілінген тақтада: "Мектеп Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының даңқты қызы, Ұлы Отан соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқан Әлия Молдағұлованың атымен аталған. 1925-1944", - деп жазылған.

Вешнякиден шыққан соң, жолымыз қайтадан орталыққа түсті. Нақтырақ, айтсақ, Садовая-Черногрязская көшесінің бойындағы "Бауырсақ" дүкеніне.

Қазақстанда шығарылатын өнімдерді сататын бұл дүкен елді сағынып жүрген жандар үшін таптырмас орын. Біз секілді Мәскеудегі достарына базарлық әкелуді ұмытқандар да осында жиі келетін көрінеді.

- Ары-бері өтіп бара жатқан қазақтар міндетті түрде кіріп, амандасып, бір "Қазақстан" шоколадын болсын алып кетеді. Бірақ, негізгі сатып алушыларымыз жергілікті тұрғындар. Біздің өнімдер мұнда сапасымен танымал, - дейді дүкен сатушылары.

"Бауырсақтан" жай шықпай, наннан ауыз тидік те осы күнгі соңғы кездесуге аттандық.

Лиза мен Настя бізді Қызыл алаңда күтіп алды. Біраз уақыттан бері youtube желісіндегі "Москва қазақша" арнасын дамытып жүрген олар көріскен сәтте: "Бізбен қазақша сөйлесіңдерші!", - деп өтініш жасады. Қызыл алаңды айналып жүріп Зарядье саябағына бардық. Әңгімеміз қазақ тілі төңірегінде өрбіді.

Елизавета Осипова:

- Былтыр лингвистикалық университеттің магистратурасын аяқтадым. Қазір сарапшымын, кейде аударма ісімен де айналысамын. Болашақта дипломатия саласына баруды жоспарлап отырмын. Нақтырақ айтсам, дипломат ретінде Қазақстанда жұмыс істегім келеді. 

Біз қазақ тілін әлі толық меңгермедік. Бірақ о бастан жақсы көріп кеткенімізді жасырмаймыз, себебі бұл өте керемет әрі ерекше тіл. Менің ойымша, өз көршілеріңнің тілін білу керек, одан қашудың қажеті жоқ. Қазір достарымды бірте-бірте қазақшаға үйретіп жүрмін. Мысалы, көбі "Аспанға қараймын" әнін біледі. Әлі есімде, оны бүкіл жатақхана шырқап жүретін.

Анастасия Решетникова: 

- Мен де лингвистикалық университеттің шетелдік аймақтану мамандығында оқыдым. Қазір қосымша мәдениет саласының менеджментін меңгеріп жүрмін. Сондай-ақ РИА Новости ақпарат агенттігінде ағылшын, испан тілдерінің редактор-аудармашымын.

Бізге расымен орта жетіспейді. Қазақстанға барып тілімізді біраз жетілдіргіміз келеді. Бұған дейін мен Қазақстанда болдым. Университетіміз тәжірибе алмасу үшін өз студенттерін жіберген болатын. Жергілікті халықпен араласып, Қазақстан өмірін сезіну мүмкіндігі туды. Болашақта кәсіби ортамда қазақ тілін кәдеге жаратамын деп үміттенемін. Өмірімді көрмелер ұйымдастырумен байланыстырғым келеді, соның ішінде қазақ суретшілерінің, Орталық Азия суретшілерінің көрмесі де болатыны сөзсіз. Оларды осындағы халыққа таныстыруда үлесімді қоссам деймін.

Анастасия Решетникова: 

- "Москва қазақша" — біз үшін өте қызық жоба, сіздерге де қызық деп үміттеніміз. Оның идеясы 2016 жылы пайда болған, бірақ тек 2018 жылы жүзеге асырдық. Алты жыл бойы үйренген тілді ұмытып қалмай, дамыта беру үшін де осындай бір жоба керек еді.  Дәл сол уақытта университеттегі қазақ орталығының 15 жылдығы өтіп жатқан. Соған орай бірінші шығарылымды жарияладық.

Елизавета Осипова:

- Жоба арқылы Ресейде қазақ тілін үйреніп жүргендерге тек университетте телміріп отыра бермей, сыртқа шығып, бұл үрдісті өте қызықты етуге болатынын көрсеткіміз келді. Екінші жағынан қазақстандықтарға Мәскеуді қазақ тілінде таныстырғанымыз жақсы болады деп шештік.

Көбі видеода біз мәтінді жатталған дайын сценариймен айтып шығады деп ойлауы мүмкін. Олай емес. Бізде сценарий болады, бірақ әдетте ештеңе жаттамай, шамамыздың жеткенінше сөйлеуге тырысамыз. Бастысы — қате сөйлеуден қорықпау керек, өзіңді жеңіп шығып, бәрі қолыңнан келетініне сенуің қажет. Қателерді тәжірибе жинай келе жөндеп алуға болады, олар кейін ұмытылып кетеді. Жоба арқылы осыны да жеткізгіміз келді.

Ұзақ әңгімеден кейін "Москва қазақша" жобасының болашаққа құрған жоспарларына сәттілік тілеп, бір-екі ұсынысымызды айттық та кетуге ыңғайландық. Лиза мен Настя бізбен бірге метроға түсті де Третьяков галереясына апарар жолды көрсетіп, өздері сол сәтте келе қалған пойызға мініп кетті.

Галереяға жеткенімізде кассалар жабылғалы жатыр екен. Ішке кіруге үміттілер әлі де кезекте тұр. Сыртта жүрген киімі мыж-мыж, жүзі әбіржіген жігіт арзан бағаға күзеттен өткізіп жібере алатынын айтты. Оның ұсынысынан бас тарттық. Сосын 1970 жылы осы Мәскеуде қайтыс болған әйгілі қазақ режиссері Шәкен Аймановтың фильмдерін жарнамалап тұрған афишаны суретке түсірдік те Ордынский тұйық көшесімен Большая Ордынка көшесіне түсіп, түстікті бетке алып кете бардық.