ҰБТ 2023: биыл қандай өзгерістер болады?

ҰБТ 2023: биыл қандай өзгерістер болады?
Фото: © Тұрар Қазанғапов

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты бірқатар жаңашылдық енгізіледі. Бұл туралы брифинг барысында Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев тестілеу форматында өзгеріс жоқ екенін, оқушылар бұрынғыдай бес пәннен тест тапсыратынын, оның ішінде үш міндетті пән, екі бейінді пән бар екенін айтты. Ал барлық сұрақ саны - 120. Алайда Қазақстан тарихы мен Оқу сауаттылығы пәндерінің тест тапсырмасы санына байланысты өзгеріс енгізілген екен.

"Басты жаңашылдықтарға келетін болсақ, Қазақстан тарихы және Оқу сауаттылығы пәндері бойынша тест тапсырмаларын санына байланысты өзгерістер енгізілді. Қазақстан тарихының бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады, ал Оқу сауаттылығында 15 тест сұрағы болады. Биылдан бастап информатика ҰБТ бейінді пәндер комбинация тізіміне енгізілді. Осыған байланысты информатика мұғалімдерін даярлау, ақпараттық технологиялар сияқты бағдарламалар топтарына математика - информатика комбинациясын тапсырады. Шекті балда өзгеріс болмайды", - деді ведомство өкілі.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, биыл оқушылардың 10 пайызы осы жаңа пәндер комбинациясын (математика - информатика - еск.) таңдап отыр.

"Алғаш рет биыл Қазақ әдебиеті және Орыс әдебиеті пәндерінен кездесетін шығармалардың тізімін жарияладық", - деді ҰТО директоры ҰБТ-ға дайындық барысы туралы.

Сондай-ақ, тест кезінде информатика пәнін тапсыратындар үшін үш тілде терминдер аудармасы ұсынылады. Ал периодтық кесте мен калькулятор экранда көрсетіледі. 

Биыл жалпы саны 80 мыңнан аса грант бөлінген.

"Грантқа келетін болсақ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейіне бөлінген білім беру гранттарының жалпы саны - 88 мың. Олардың ішінде:

  • бакалавриатқа 73 мың грант бөлінді;
  • магистратураға 13 мың;
  • докторантураға 1890 грант", - деді ОКҚ брифингінде ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Айта кетейік, 31 қазанға дейін бейнебақылау камералары тексеріледі. Тәртіпсіздіктер анықталса, бітірушілердің нәтижесі жойылатыны айтылды. Былтыр осындай 150 талапкердің нәтижесі жойылған.

Еске салайық, бұған дейін ҰТО директоры Руслан Емелбаев ҰБТ-ға не алып кіруге болатынын мәлімдеген еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова