"Алынбайтын қамал жоқ". Испанияда оқитын құрбылар шетелдегі өмірі туралы айтты

Зере мен Лаура 10 жылдан аса дос. Қазір олар Испаниядағы топ университеттің бірінде білім алып жатыр. Зере Ерболқызы оқуын биыл аяқтаса, Лаура Амангелдиеваға бір жыл қалған. Massaget.kz тілшісі құрбылармен шетелдегі оқу орнына қалай түскені, қазақстандық білім жүйесінен қандай айырмашылығы бары, диплом жұмысын қалай жазғаны туралы сұхбаттасты.

"Мұнда оқуға түсемін деп үш ұйықтасам да түсіме кірмеген"

Зере Ерболқызы бұдан 4 жыл бұрын Испаниядағы Кастилия-Ла-Манча университетіне оқуға түскен. Кейін бір жылдан соң дәл осы оқу орнына құрбысы Лаура Амангелдиева да құжат тапсырып, бақ сынап көрген. Қазір Зере бітіру диплом жұмысын жазып, соңғы емтихандарына дайындалып жатса, Лаураға әлі 1 жыл бар.

Қыздар Мадрид қаласы маңындағы Сьюдад-Реал қалашығындағы Кастилия-Ла-Манча университетінде оқиды. Зере бұған дейін Еуразия ұлттық университетіне ағылшын филологиясы мамандығы бойынша оқуға түскен, бірақ ол білім беру жүйесіне қанағаттанбаған соң бірнеше шетелдік университеттерге құжат тапсырып көрген. 

Зеренің жеке архивінен

"Еуразия ұлттық университетінде оқып жүргенде, шетелде білім алып көрсем бе деген ой болды. Қазақстандағы білім сапасы онша көңілімнен шықпады. 1 айдың ішінде IELTS тапсырып, нәтижесі шыққан соң, құжаттарымды жинап, Чехия, Польша, Турцияға және Испания сияқты Еуропа елдеріндегі оқу орындарына құжаттарымды тапсырдым. Мені қабылдаған университеттер арасында қазіргі оқу орным ұнады. Бұған дейін 2015 жылы Испанияда болғанмын. Сол кезде осы ел маған есімде ерекше болып қалған, бірақ мұнда оқуға түсемін деп үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Бірақ қаласаң, алынбайтын қамал жоқ қой", - дейді Зере. 

Зере Ерболқызы биыл оқуын аяқтайды. Оның қазіргі жазып жатқан диплом тақырыбы - "Абай мен Гете шығармашылығы". Оның айтуынша, еуропалық стандарт бойынша, қазір дипломыңды қорғап болғаныңмен, диплом қолыңа тек келер жылы тиеді. 

"Қолымнан келді, оқуға түстім"

Ал Лаура алдымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне туризм мамандығы бойынша грантқа оқуға түскен. Кейін ол құрбысынан бұл мүмкіндік туралы және әлеуметтік желіден тапқан ақпараттарына сеніп, оқуға тапсыруға бел буған. 

"Ағылшын деңгейім жақсы болғандықтан бақ сынап көргім келді. Қолымнан келді, оқуға түстім. Бұған дейін Чехияға оқуға түскен едім, бірақ бара алмадым. Кейін Испанияға түскен соң, бұл мүмкіндікті жіберіп алмайын деп шештім", - дейді ол. 

Лаураның жеке архивінен

Елге келгенде испан тілін мүлде білмеген

Қыздар мұнда ағылшын филологиясы мамандығын игеріп жатыр. Бұл ел - Ұлыбритания не АҚШ-ты қымбатсынғандарға керемет мүмкіндік. Қыздардың айтуынша, сабақтар толығымен ағылшын тілінде өтеді. Сондай-ақ, тұрғындардың басым бөлігі ағылшын тілін жетік білгенімен, тіл араластырмауға, шұбарламауға тырысады.  

"Мен бұл елге испан тілін мүлде білмей келдім. Бірақ аз уақыттың ішінде үйреніп алдым", - дейді Лаура.

Бір қызығы, қыздар бұл елде 2015 жылы болған. Алайда ол кезде мектеп оқушылары болған Зере мен Лаура бірнеше жылдан соң бұл елде білім аларын мүлде ойламаған. 

Қыздардың жеке архивінен

"Менің тобымда 5-8 жыл оқып жатқандар бар"

Еуропалық білім беру жүйесіндегі тағы бір ерекшелік - сабаққа қатысу. Мұнда лекцияға мүлде қатыспай, бірден емтиханға келуге болады. Қыздардың айтуынша, сабаққа бару міндетті емес. Сондай-ақ, Қазақстанда білім беру процесінде жалпыға ортақ философия, педагогика, тарих, сынды сабақтар болса, мұнда тек мамандыққа тікелей қатысты бар сабақтардан лекция оқытылады.

Тағы бір қызығы, мұнда көшіру деген менталитет қалыптаспаған. 

"Ешкім көшірмейді, мұндай әрекет етуге арланады. Бізде бұл қалыпты жағдай болып кеткен ғой. Ал испаниялықтар емтиханды тапсыра алмаса, келесі жылға қалып, 1 жыл қайта оқиды. Менің тобымда 5-8 жыл оқып жатқандар бар. Мұнда мұғалімдермен келісу деген атымен жоқ. Бұдан басқа, профессорлар студентпен арадағы қарым-қатынасты шектемейді. Оларды мұнда тегімен немесе лауазымымен атамай, жай ғана атымен атаса жеткілікті. Оқытушылар студенттерге "бір деңгейдеміз" дегенді сіңіреді. Одан басқа, университетте еркін атмосфера. Кез келген киім киіп келуіңе, қалаған орныңда отыруға болады, бірақ шектен шықпаған дұрыс, әрине", - дейді Зере. 

Оның айтуынша, тағы бір басымдық - техникамен қамтамасыз ету. 

"Жақында ноутбугімде ақау шығып еді. Кітапханаға барып тегін ноутбук жаздырып алдым, 2 апта сайын ұзартып отыруым керек, 1 жылға дейін ұзартуға болады. Қазақстанда да студенттерге мұндай жағдай жасалса, жақсы болар еді", - дейді Зере. 

Сондай-ақ, мұнда басқа да мүмкіндік көп. Мәселен, Erasmus бағдарламасы арқылы басқа елде ауысып оқуға, тағылымдамадан өтуге, тәжірибе жинауға болады. Бұл бағдарлама Қазақстанда да бар, алайда Испанияда басымдық та, мүмкіндік те көп. 

Зеренің жеке архивінен

"Бір айға шамамен 150 мың теңге шығын кетеді"

Зере мен Лаура Мадрид маңындағы Сьюдад-Реал қалашығында тұрады. Қала үлкен емес, көп қызық жоқ. Алайда біраз жүрсеңіз, әйгілі "Бумажный дом", "Элита" сынды испаниялық сериалдар түсірілген көшелермен жүруге болады. Қыздардың айтуынша, бұл қалашықтағы бағалар басқа қалаға қарағанда әлдеқайда төмен.

"Испанияда өмір сүрген қызық. Біз қалашықта тұрған соң, онша көп шығын кетпейді. Мысалы біз 5 бөлмелі пәтерді жалға алып тұрамыз. Қонақ күтетін бөлмені санамағанда 4 жатын бөлме, сонда әр қыздың өз бөлмесі бар. Одан басқа, үйде 2 әжетхана бар. Әр бөлмеде үстел, жататын орын, орындықтар, шкаф болады. Бір сөзбен, барлық жағдай жасалған. Бұл жақтағы үйлердің тағы бір ерекшелігі - жылу. Орталық жылу станциясына қосылған үйлер бар. Орталыққа қосылған үйлерде жылуды күніне 5-6 сағатқа ғана қосады. Олар арзанырақ тұрады, ал дербес жылытқышы орнатылған баспаналарды жалға алу қымбатырақ. Оның үстіне, біз электр энергиясы мен суды бөлек төлейміз. Сонда пәтерді 80 мың теңгеге жалға алсақ, коммуналды қызметке 10-20 мың көлемінде кетеді. Бұған дейін 60-70 мыңға пәтер жалға алып тұруға болатын еді. Азық-түлік қымбат емес. Біз қыздармен бірігіп аламыз. Айына 2 рет супермаркетке барамыз, айына 20 мың теңгеден кетеді. Есесіне, мұнда табиғи өнім көп, оның үстіне, кез келген нәрсе тауып алуға болады", - дейді олар. 

Қыздардың есептеуінше, айына 100-150 мың теңге шығын кетеді. 

"Еуропаның кез келген нүктесіне саяхаттау арзанға шығады"

Зеренің айтуынша, Испанияда оқып Еуропаның басқа елдеріне саяхаттау арзанға шығады.  Қыздар 3-4 жылдың ішінде бірнеше ел мен қала аралап үлгерген. Олардың ішінде Италия, Франция, Түркия, Чехия, Польша, Португалия елдері бар. 

Лаураның жеке архивінен 

"Жақында Португалияға бардық. Автобуспен барып-қайтуға 15 мың теңге ғана кетті. Одан кейін достарыңмен пәтер жалдауға, ел аралауға көп кетпейді", - дейді ол. 

Зеренің жеке архивінен

Кез келген жердің артықшылығы мен кемшілігі бар. Қыздар Еуропаға моралды дайын болып келу керегін алға тартты. Қыздардың айтуынша, пандемия кезінде қатты қиын болған. 

"Covid-19 вирусы тарап кеткеннен кейін пандемия басталғанда қатты қиналдық. Біз азиялықтар болған соң бізге біртүрлі, тесіліп қарағандар, артымыздан мазақ қылғандар болды. Оларға қазақпыз деп түсіндіріп отыра алмаймыз ғой", - деп еске алды олар. 

Бұдан басқа, Испанияда Siesta (түскі демалыс - еск.) деген ұғым бар. Испаниялықтар бұл уақытта ешқандай іспен айналыспайды. 

"Сиеста кезінде мәселе шешу, құжат алу мүмкін емес. Тіпті мемлекеттік мекеме болса да есігін жауып алады, ешқандай жауап қайтармайды. Қазақстанда бір мәселені әп-сәтте шешер едік, мұнда жағдай басқаша", - дейді олар. 

Қыздар оқу аяқталған соң міндетті түрде елге қайтып, Еуропада алған білімді Қазақстанда қолданатынын алға тартты.

Еске салайық, бұған дейін Италияда білім алып жүрген қазақ қызы Томириспен сұхбаттасқан едік. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз