Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары үкімет сағаты кезінде қандай қонақтармен жүрген?

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары үкімет сағатына не себепті қатыспағаны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 17 мамыр күні қалада Нұрмұхан Жантөрин атындағы драма театрының 20 жылдығын мерекелеу аясында ауқымды шаралар өткен.

"Үкімет сағаты 15 мамырға белгіленген, бірақ кейін ол 17 мамырға 14:00-ге (Ақтау уақытымен 13:00) ауыстырылды, бұл кезде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция аяқталып жатқандықтан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары үкімет сағатына кеш қосылған.

Республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияға қатысуға 50-ден астам мәртебелі мейман келді, олардың ішінде еліміздің белгілі өнер қайраткерлері, театр сыншысы Еркін Жуасбек пен көрнекті театр және кино актері, режиссер, Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды және еліміздегі театр режиссерлері келді", - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Еске салайық, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мәжілістегі үкімет сағаты кезінде орнында болмай шыққан еді. Отырысты Дания Еспаева (вице-спикер) жүргізген.

Ол Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиевтің микрофонын қосуды сұрады. 

Алайда ол орнында болмай шыққан. Осы кезде оның орнына басқа біреу қосылып, жағдайды түсіндіруге тырысқан.

"Құрметті әріптестер, құрметті депутаттар, саламатсыздар ма! Өкініше қарай, облысы әкімінің орынбасары орнында жоқ. Қазір облыста қонақтармен жүр еді", - деп жауап берді ол.

Дания Еспаева "Онда сіз жауап бермей-ақ қойыңыз, сол қонақтарымен жүре берсін. Әкім орынбасарына бізден сәлем айтыңыз, ақтаулықтар қонақжайлы, оны білеміз. Сізден онда жауап керек емес" деп микрофонды өшіртіп тастаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!