"Өнерден кетемін". Әнші Turar продюсерімен соттасып жатыр

"Өнерден кетемін". Әнші Turar продюсерімен соттасып жатыр

2RAR лақап атымен танылған әнші Тұрар Ыдырыс бірге қызмет атқарған продюсерімен соттасып жатқанын жеткізді. Тіпті авторлық әндерін қорғау үшін барын салатынын айтты. Бұл туралы әнші "Ревю" бағдарламасына берген сұхбатта мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Махаббат ертегі емес" , "Жаңа жыл" , "Жұлдызды түнде", "Армандамын" хит әндерінің орындаушысы Тұрар Ыдырыс продюсері Назира Әлмұхамбетовамен соттасып жатқанын айтты. Тіпті экс продюсері өнер иесінің сұхбат беруіне қатаң тыйым салған.

"Сот әлі де жүріп жатыр. Ол кісі енді маған сұхбат бермейсің деген тыйым сала алмайды. Бұл жайтты әлі басылымдарға сұхбат беріп, жарияға жар салған жоқпын. Бұл өзіміздің ішкі мәселе еді" , - дейді әнші.

Соттың алғашқы бөлігі өткен. Тұрар енді продюсері қай жерде өнер көрсетіп, кімге сұхбат берсе де тыйым сала алмайтынын жеткізді. Бірақ өзі шығарған авторлық әндерден қол үзіп қалып отыр.

"Енді бұйырса тек авторлық құқық қалды. Барлығын қорғап алайын содан кейін жалпы не болғаны жайлы барлығына айтып беремін. Себебі қазір аяқтан шалу өте көп болып кетті. Тіпті жеке ән кешімді берерде шыр-пыр болып, бұл менің әндерім деп өзімдікін дәлелдеумен болдым. Бұйырғанын көреміз бәрі реттелсе өнерімді жалғастырамын егер реттелмесе өнерден кетемін" , - дейді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Ерболұлы