Қатерлі ісіктің қандай түрлері жиі өлімге әкеледі?

Қатерлі ісіктің қандай түрлері жиі өлімге әкеледі?
Фото: ru.freepik.com/

Алматылық дәрігер қатерлі ісіктің қауіпті түрлерін атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі МӘМС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы онкологиялық орталығы мамандары қала тұрғындарын онкоскринингтерге немқұрайлы қарамай, тексеруден уақтылы өтуге шақырады. Қатерлі ісікке тексеру 30-40 жастан басталады.

Алматы онкологиялық орталығының дәрігері Рүстем Ирсалиев онкологиялық дерттен болатын өлім-жітім азаймай отырғанын айтты. Оған қауіпті аурудың көпке дейін ешқандай белгі бермеуі себеп.

Оның айтуынша, өлім-жітім жағынан бірінші орында колоректалды обыр, екінші – өкпе обыры, үшінші – асқазан обыры, төртінші орында сүт безі ісігі тұр. Мысалы, колоректалды обырға шалдыққан адамның көбінде іші ауырып, үлкен дәретте қан дақтары пайда болады, іші біресе өтіп, біресе қатып қиналуы мүмкін.

"Ауруы асқынып кеткен пациент анемияға шалдығып, салмағы төмендейді. Көбіне бізде ауру 3-4-стадияда, яғни сырқат белгі бере бастаған кезде анықталып жатады. Себебі науқастар онкологиялық скринингтерден өтпейді. Өкпе обырын да ерте анықтау қиын, өйткені ол да көпке дейін ешбір белгі бермейді. Оның үстіне, өкпе ісігі тез өршіп, метастаза береді. Оның негізгі себебі – шылымқорлық. Шылым шекпесеңіз де, айналаңыздағылар тартқан темекінің түтіні де қауіпті", - дейді Рүстем Ирсалиев.

Рүстем Ирсалиевтің айтуынша, қазір сүт безі обыры 15-40 жас аралығындағы қыздар мен келіншектер арасында да аз кездеспейді.

"Жалпы обыр бір мезетте пайда болатын ауру емес. Оны ерте анықтау үшін мамандар көмегіне жүгіну қажет. Уақытында анықталса науқастардың 97-99 проценті толық жазылып шығуы мүмкін. 3-стадияда анықталған обырдан аман қалу мүмкіндігі - 60-70%. Ол жағы ісіктің түрі мен құрылымына байланысты. 4-стадиядағы обырды емдеп жазу қиын. Сондықтан дәрігерге қаралып, скринингтерден өтіп тұруға шақырамын" - дейді маман.

Естеріңізге сала кетсек, скринингтер МӘМС пакеті шеңберінде жүргізіледі. Тексеруден тіркелген емхана арқылы өтуге болады.

А. Жапатова