Шымкенттегі жантүршігерлік автобус апатына қатысты тың дерек шықты

Шымкенттегі жантүршігерлік автобус апатына қатысты тың дерек шықты

Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус қарсы жолаққа шығып кеткен, салдарынан бірнеше адам қаза тапты. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев бұл жағдайға қатысты қауесетке жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап. 

Әлеуметтік желіде жүргізушінің жауап алу кезінде инфаркт алып, көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. Мұхтар Қоқанбаев бұл ақпаратты жоққа шығарады. Оның айтуынша, жүргізуші уақытша ұстау изоляторында сот шешімін күтіп отыр.

Біз сол күні оқиға болған жерде болдық. Бұл жағдайдың қайталануынан Құдай сақтасын. Жүргізуші есеңгіреп қалды, ол - 1974 жылы туған ересек адам, 49 жаста. "Жасы 20-дағы жігіт, өз-өзіне қол жұмсады" деген әңгіме болды. Ондай ештеңе жоқ. Ол тірі, қазір, қателеспесем, тергеу изоляторында, тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Мұхтар Қоқанбаев.

Басқарма басшысы тасымалдаушы компанияның қаза болғандардың отбасыларына моральдық және материалдық шығынды толығымен өтегенін айтты. Ол қандай сома төленгенін нақтыламады.

"Иә, компания зардап шеккендердің отбасыларын, бес отбасын аралап, белгілі бір соманы өтеп берді. Енді олардың мәліметінше, сот үкімі шыққаннан кейін сақтандыру есебінен басқа сома өтеледі", - деді Мұхтар Қоқанбаев.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус қарсы жолаққа шығып кеткенін, салдарынан 6 адам қаза тапқанын хабарлаған едік. Кейін оқиға орнынан видео тарады. Кейін жүргізушінің қол тежегішін баспағаны белгілі болды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек