"Өз орнымды өзіме 69 000 теңгеге сатты". Әуе компанияларының билетті қайта сатуы жолаушы құқығын бұзу ма?

"Өз орнымды өзіме 69 000 теңгеге сатты". Әуе компанияларының билетті қайта сатуы жолаушы құқығын бұзу ма?
Фото: ru.freepik.com

Егер бір жерге бару және қайту билетін сатып алып, бірақ қандай да бір жағдайлармен бару билетімен рейске отыра алмай қалдыңыз, ол қалаға басқа жолмен жете алдыңыз дерлік. Ол жақтан қайту билетіңізбен ұшаққа отыра аласыз ба? Бұл жайлы Massaget.kz тілшісі әуе компанияларынан және заңгерден сұрады.

Тележүргізуші және медиа зерттеуші Молдияр Ергебеков өзінің facebook парақшасында келеңсіз жағдайға тап болғанын жазды.

"Scat-тан Шымкент-Астана-Шымкент билетін алған едім. Алайда 1 күн бұрын Астанаға келуім керек болып, басқа әуе жолымен Астанаға келдім. Қазір Шымкентке қайтайын деп келсем Scat, сіз Шымкент-Астана ұшағына отырмағаныңыз үшін билетіңіз күйіп кетті дейді. Бұл қай жерде ескертілген десем, ескерту жоқ, оны өзіңіз білуіңіз керек еді дейді. Вот так. Менде бұдан бұрын да мұндай жағдай болды. Яғни бару ұшағына мінбесем де, қайту ұшағына мінген кезім болды. Қай компания екені есімде жоқ. Бірақ болды. Клиенттің қалтасын қағып, жолынан қалдырудан басқа еш нәрсе емес бұл. Кассаға барып, бәлкім біреу келмей қалса орын шығуы мүмкін бе деп сұрадым. Иә, бір орын бар деді. Өз орнымды өзіме 69000 теңгеге сатты. Қанау", - деп жазды ол.

Осы орайда біз әуе компанияларынан жолаушы қандай да бір себептермен бірінші рейске келе алмай, екіншісіне барса, ұшаққа отыра ала ма деп сұрап көрген едік. Әр әуе рейсі өздерінің шарттарына қарай әртүрлі жауап берді. 

"Бірінші рейске келмеген кезде жолаушы келесі рейстерден автоматты түрде алынады. Бұл жағдайда авиакомпания жолаушыларға ескерту жасамайды", - деп жауап берді SCAT airlines клиенттерді қолдау орталығы.

Ал Air astana клиенттерді қолдау орталығы "Бірінші рейске отырмаған болсаңыз, екіншісіне де отыра алмайсыз. Бұл жағдайда билетті қайтарасыз немесе күндерін ауыстырып аласыз. Билет алған кезде "мен шарттарды қабылдаймын" деп қол қоясыз, бұл туралы сол жерде жазылады", - деді.

Тек FlyArystan компаниясы компаниясының кеңесшісі бұл жағдайда "Жолаушы бірінші рейсті пайдаланбаса да, екінші рейсті пайдалана алады", - деп жауап берді. 

Бұл жағдай жайлы заңгер Думан Көпбаевтың да пікірін алдық.

"Әуежайдағы әуе компаниялары өздері шешеді. Мысалы, кейде қандай да бір тарифпен немесе эконом класқа бару және қайту билетін бірге алып, бірақ біреуіне отырмасаңыз, екіншісі де күйіп кетеді. Мұндай ережелерді әр әуе компания өздері қояды. Сіз оны тарифпен алғандықтан, сіз оның шарттарына келісім бересіз. Ал мысалы, бизнес класта ол бұлай күйіп кетпеуі мүмкін. Мұндай жағдайларда, сотқа шағымдансаңыз да ештеңе жасай алмайсыз.

Егер әуежайдың кінәсімен немесе бір короновирусты инфекция шықса және т.б жағдай орын алса, онда билеттің құны қайтарылады немесе басқасына ауыстырып береді. 

Ескерту жасайтын да, жасамайтын да әуе компаниялар болады. Бұл жерде жолаушы бармай қойды, сондықтан кінә жолаушынікі болғандықтан, әуе компаниялар ескертуге міндетті емес. Мемлекет тарапынан мұндай талап қойылмаған", - деді ол.

Бұл мәселе жайлы Молдияр Ергебековпен де сөйлестік.

"Әуе компаниялары халықаралық тәжірибеде бар деп сылтауратады. Бірақ әртүрлі әуе компанияларда әртүрлі тәжірибе қолданылады және бұл міндетті тәжірибе емес. Сол үшін де бұл кассада отырған адамның ар-ұжданына қалған сияқты. Мысалы, Эйр астанада күйіп кетпейді, штраф төлеп, міне береді екенсіз. Оны Эйр астанадан сұрап білдім. Ал Скат өз билетімді өзіме сатты", - деді Молдияр Ергебеков.

Ұшақта өзіңмен бірге алуға болмайтын заттар тізімі

А. Жапатова